5084
8 декабря 2023
Алмас Қайсар, Власть

Назарбаев Қаңтар оқиғасын қалай суреттейді?

Бұрынғы президент сатқындық, радикал оппозиция және тәртіпсіздік туралы көп жазғанмен, қаза тапқан адамдар туралы ештеңе айтпайды

Назарбаев Қаңтар оқиғасын қалай суреттейді?

Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасы лауазымынан кетті, сосын «елбасы» статусынан айырылды, ол билік еткен тұста «халықаралық деңгейдегі байлар тобы пайда болғаны» үшін қазіргі президенттің жеңіл сынына да ұшырады. Алғашқы наразылықтан кейін үш аптаға жуық уақыт өткен соң ғана елдің көзіне көрініп, үндеуінде жай «зейнеткер» екенін хабарлады.

Екі жылға жуық уақыт өткенде Назарбаев 700 беттен тұратын мемуар жазып, онда бір тарауын Қаңтар оқиғасына арнады. Қаңтар кезінде көшеге шыққандар Назарбаев биліктен толық кетсін деп талап еткен еді. Власть Қазақстанның бұрынғы президенті осы оқиғаларды қалай суреттегеніне тоқталмақ.

Құрбандар туралы бір ауыз сөз жоқ

Назарбаев «Менің өмірім» өмірбаян кітабында «Қаңтар» тарауын: «Тарих жолы қай заманда да тайғақ. Бұл айтылғанның дәлелі – 2022 жылғы қаңтар оқиғасы», – деп бастайды.

Оқырманға Тоқаевтың мәлімдемесін қайталағандай болып, «ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террорлық шабуыл жасады», – деп еске алады. Бұрынғы президент қорқыту мәнерімен «экстремистік топтар» мен «жүгенсіз кеткен тобыр» әкімшілік ғимараттарды, Алматы әуежайын, қару-жарақ дүкендерін басып алды, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасады және тұрғындарды ұрып-соқты деп жазыпты.

Әйтсе де, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ескертусіз оқ атуға бұйрығы» туралы да, арасында төрт жасар Айкөркем Мелдехан да бар (оның ісі бойынша әскери қызметшіге ақтау үкімі шықты) Қаңтар құрбандары туралы да, бірқатар аймақта бейбіт наразылық акциялары күштеп таратылғаны туралы да, тұтқындалған адамдарды жаппай азаптау туралы да бұрынғы президент ештеңе айтпайды.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі өзінің рөлі туралы да Назарбаев бір абзацпен шектеліп, «жеткілікті айтылған» деумен шектеледі. Бәрін сыртынан бақылап, «жаны ауырғанын» ғана қосыпты.

30 жыл бойы ел басқарса да, 18 қаңтарға дейін неліктен үнсіз болғанын түсіндірмепті.

13 ақпан. Қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алу, суретті Алмас Қайсар түсірген

Себеп: пандемия мен әлсіз үкімет

Оқиғаның өзіне аз ғана көңіл бөлген Назарбаев себептерін түсіндіруге көшеді.

Өзі билік еткен уақытта отбасы мүшелері ірі бизнесменге айналған бұрынғы президент: «Қай кезде де халықтың бір бөлігінің наразылығын тудыратын себептер болып тұрады. Қиындықсыз өмір жоқ», – деп санайды.

Бұған «жаһандық сипаттағы түйткілдер» – экспорттан келетін табыстың төмендеуі, «жұрттың зықысын шығарып, жүйкесін жұқартқан» коронавирус пандемиясы қосылды дейді. Сонымен қатар, өзі басқарған кезеңде болған девальвациялар ұлттық валюта бағамын қатты төмендетіп, бұл ең қажет тауарлардың қымбаттауына алып келгенін айтады.

Бұрынғы президент теңгені девальвациялау туралы шешім қабылдаған кездегі өзінің рөлі туралы ештеңе айтпайды. Айталық, 2014 жылы девальвация болғанда, ол оны экономикаға пайдалы деп атап, «әрқайсында 10–40 мың адамнан істейтін кәсіпорындарымыздың экономикалық жағдайын жақсарту үшін» жасалды деген еді. Ол девальвацияның «қарапайым адамдарға кері әсері болмайды» деп сенімді түрде мәлімдеді.

Бұған қоса үкіметтің жұмысында «елеулі кемшіліктер» болды, сондықтан халықтың нақты табысы өскен жоқ деп жазады. Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаевтың, сосын Асқар Маминнің үкіметі таратылды.

Сағынтаев отставкадан кейін Алматы қаласының әкімі болып «төмендетілді» .

Назарбаев олигархтар мүддесі үшін жүргізілген саясаттың салдарынан келген айтарлықтай теңсіздік туралы сөз қозғамайды. Ол Тоқаевтың «Бірінші президент – елбасы тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды», – деп мәлімдеуіне қатысты ештеңе айтпаған.

Суретті Жанар Кәрімова түсірген

Халықтың билік саясатына көңілі толмайтынын айта отырып, Назарбаев «ондай топтар қай кезде де болғанын» ғана айтып өтеді. Әйтсе де, наразы топтардың көбеюінің айтарлықтай көрсеткіші ретінде 2019 жылғы президент сайлауында Әміржан Қосановқа дауыс беруді жатқызады (ресми дауыс беру нәтижесіне сәйкес, Қосанов 16,23% дауыс жинады).

«Оған дейін оппозиция өкілі президент сайлауында мұндай көп дауыс алып көрмеген болатын. Шынын айтқанда, 1999 жылғы президенттік сайлаудағы Серікболсын Әбділдиннен кейін басқа кәдімгідей тіреске түсетін кандидат та шыққан жоқ», – деп жазады Назарбаев.

Бұрынғы президент 30 жылдан асатын тәуелсіздік кезеңінде оппозиция өкілдері қудаланып келгенін, наразылық акциялары қатал түрде жаншылып отырғанын, ал олардың партиялары мен қозғалыстары тіркеле алмағанын еске де алмайды. Назарбаев президент орнынан кеткеннен кейін де – заңнамадағы өзгерістерге қарамастан өзгерген нәрсе шамалы, оппозиция әлі де партияларын тіркей алмайды, ал митингтердің соңы ұстау мен алдын ала тұтқындауға әкеледі.

Назарбаев президент болған кезде құрамына ел билігіне наразы элита өкілдері кірген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы қудалауға ұшырады. Оған 2005 жылы тыйым салынды. Ал оның мұрагері – «Алға!» тіркеле алмады. Ол 2012 жылы экстремистік ұйым деп танылып, жабылып қалды.

Президентке наразылар мен Әбілязов

Назарбаев Қаңтар оқиғасына басты себеп «билік үшін күрес» дейді. Оның айтуынша, экономикалық қиындықтар осы күресті бастауға қолданылды.

«2019 жылы мен өз еркіммен президенттік қызметтен бас тартып, мемлекет басқару тізгінін Конституция талабына сәйкес сенат төрағасына берген кезімде бұл шешіміме көптеген адамның наразы болғанын анық білемін (...) Менің ізбасар ретіндегі жасаған таңдауыма наразылық (іштей, әрине) білдіргендердің кейбірі – президенттіктен дәме еткендер», – деп жазады ол.

Фото Reuters сайтынан

Назарбаев билеуші партияның төрағалығын Тоқаевқа беру шешімі «президентке наразылардың бас көтеруіне түпкілікті қозғау салған сияқты» деп санайды.

«Енді қарсы күштер менің Тоқаевты 2024 жылғы сайлауда да қолдайтынымды көрді», – дейді бұрынғы президент.

Ол, сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын Тоқаевқа бергісі келгенін айтады. Ал Тоқаев 2022 жылы қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымына кірісетіні туралы шешім дереу қабылданғанын хабарлаған еді.

«Бұлай дегенде менің билікті ізбасарыма жеке өзім және өз еркіммен бергенім әдейі ауызға алынбай кетеді. Халықтың толық қолдауына ие күйде (оны 2015 жылғы сайлау көрсетіп берді) президент болып отыра беруге мүмкіндігім бар кезде биліктің бір бөлігі маған неменеге керек? Оның үстіне мен өзімнің өкілеттігімді екі жылдай уақытқа қысқарттым ғой», – деп жазыпты.

«Билік үшін күрес» артында кім тұрған деген сұраққа Назарбаев 2023 жылғы қаңтардағы парламенттік тыңдау материалдарына сілтейді. Бұл мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті, бұған 2021 жыл бойына дайындық жүрді дегенмен келіседі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты үкім туралы ол 2022 жылғы президент сайлауы кезінде айтқан Иса мен Яһуда туралы сөзін қайталайды.

Бұрынғы президент оппозицияны, әсіресе қас жауы Мұхтар Әбілязовты сынға алу мүмкіндігін құр жібермепті.

«Радикал оппозицияның шын бет-бейнесі қаңтар оқиғасы кезінде түпкілікті ашылды. Наразылық акциясы басталысымен-ақ Әбілязов қарсылық білдіруге шыққан адамдарға ұран салып, “іс-әрекетті үйлестіруге” шақырған (...) Қантөгіске қатысы барын жасырмай айтады. Мақтаныш етіп айтады. Айызы қанып айтады. Адамдардың қасіретін саясаттағы жеңісіндей көріп сөйлейді. Неткен сұмдық», – деп жазады Назарбаев.

Ол радикал оппозицияның билікке қарсы әрекет етуі қалыпты, бірақ көшеге шерулетіп шыққан адамдарды билікті күшпен жаулап алуға шақыруға құқы жоқ деп санайды.

«Мұның аты – бандитизм, терроризм», – деп қорытады Назарбаев.

Тоқаевты қолдауы

Қаңтар оқиғасынан кейінгі алғашқы айларда Тоқаев тарапынан болған сынға қарамастан, Назарбаев ізбасарын қолдауын жалғастырып келеді. Ол Тоқаевтың: «Тұңғыш президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді», – деген сөзін еске алады.

«Бұл сөз маған үлкен демеу болды», – деп жазады ол.

Қаңтар туралы тарауды Назарбаев: «Елдікке қатерді еңсерген және сағын сындырмаған халық – қуатты халық. Мұндай елдің ертеңі еңселі болмауы да мүмкін емес», – деп аяқтайды.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.