6136
29 ноября 2021
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Арон Атабектің өлімі. Назарбаевтың Тоқаевқа «Нұр Отан» төрағалығын тапсыруы

Өткен аптадағы маңызды оқиғаларға шолу

Арон Атабектің өлімі. Назарбаевтың Тоқаевқа «Нұр Отан» төрағалығын тапсыруы

Өткен сәрсенбі, 24 қараша күні «Шаңырақ» оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, биыл шартты жазамен босатылған ақын, диссидент Арон Атабектің Алматы қаласындағы жекеменшік ауруханада көз жұмғаны белгілі болды. Қарындасы Рәзия Нұтышеваның «Азаттық радиосына» хабарлауынша, ауруханада ақынның жүрегі тоқтап қалған.

Белсенділер жақында көз жұмған ақын, диссидент Арон Атабекті еске алды

2006 жылы шілдеде Алматыдағы «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғындары баспанасын бұзуға қарсы шыққанда, ақын Арон Атабек те оларды қолдап шығады. Сот Атабек (Едігеев) пен «Шаңырақтың» бірнеше тұрғынын полицейдің өліміне кінәлі деп танып, Арон Атабек 18 жылға түрмеге қамалады. Ақын кінәсін мойындамай, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазудан бас тартып келді. Қазақстандық құқық қорғаушылар Аронның «кінәсі толық дәлелденбеді» деп, оны саяси тұтқындар тізіміне енгізген.

15 жыл түрмеде отырған Арон Атабекті биыл 1 қазанда №2 Павлодар қалалық соты жазылмайтын ауруға шалдықты деп қалған үш жыл жаза мерзімін бас бостандығынан шектеуге ауыстырып, қамаудан босатады. Босатылғаннан кейін көп ұзамай коронавирус инфекциясын жұқтырып, 20 қазан күні оның реанимацияға түскені белгілі болды. Бір айдан кейін, 24 қараша күні кешке ақын, диссидент Атабектің 68 жасында көз жұмды. Ол емделген «Медициналық көмек орталығы» науқастың «қан айналымы тоқтап» қайтыс болғанын мәлімдеді.

26 қараша күні Арон Атабектің жаназасы қарындасының үйінде өтіп, онымен қоштасуға жүздеген адам келді. Марқұмды Алматы жанындағы Бағанашыл зиратына жерледі.

Ал жексенбі, 28 қараша күні Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері Алматыдағы Абай ескерткішінің алдына жиналып, ақынды еске алды. Олар Арон Атабектің өлеңдерін оқып, «Шаңырақ» оқиғасын қайта қарауды талап етті. Акцияға ақынның қызы Айдана Айдархан да келіп, сөз сөйледі. Ол әкесі жүргізген демократия үшін күресті жалғастыруға шақырды.

Жиналғандарға шараның заңсыз екенін ескертіп әкімдік өкілдері келді, алайда белсенділер жауап ретінде «ақын өлімі – халық өлімі» деп айғайлады.

Акция басталғаннан бір сағат өткен соң белсенділер Арон Атабектің суретінің жанына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіз тұрды.

Назарбаев «Нұр Отан» партиясындағы төрағалығын Тоқаевқа тапсырды. Алматы облысының әкімі ауысты

23 қарашада тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының өкілеттігін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды.

«Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясын ел президенті басқаруға тиіс екенін атап өтіп, төрағаның өкілеттігін беру туралы шешім қабылдады», – деп жазды тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter парақшасында.

Ол өкілеттіктерді беру рәсімі партияның жарғысына сәйкес, Nur Otan съезінде жүзеге асатынын атап өтті.

Айдос Үкібай Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында Назарбаевтың бұл шешімі билік транзитінің қисынды жалғасы екенін хабарлады.

«Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, "Нұр Отан" партиясы Қазақстан президенті үшін, әсіресе, пандемиядан туындаған жаһандық дағдарыс жағдайында басты тірек болуға тиіс. Партия жарғысына сәйкес, оның төрағасын сайлау және қызметінен босату партия съезінің айрықша құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы болып қала береді», – деді баспасөз хатшысы.

«Нұр Отан» – заң шығарушы орган мен мәслихаттағы негізгі орындарды алып отырған партия. 1999 жылы «Отан» партиясы ретінде құрылып, 2006 жылы оның атауы өзгертілді. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы құрылған сәттен бастап басқарып келеді.

Сонымен қатар, 24 қараша Алматы облысының әкімі ауысып, Амандық Баталовтың орнына Қанат Бозымбаев келді.

2014 жылдан бері Алматы облысын басқарған Баталов биыл 69 жасқа толды. Алты жыл бұрын зейнет жасына жеткенде Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Баталовтың өкілеттігі 2020 жылдың қарашасына дейін ұзартылды.

Жаңадан тағайындалған Қанат Бозымбаев 2019 жылдан бері Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі қызметін атқарып келді. Ал оған дейін 2016 жылы Энергетика министрлігін басқарған.

Apple Pegasus тыңшылық бағдарламасын жасаушыны сотқа берді. Oyan, Qazaqstan белсенділеріне телефоны тыңдалғаны жайлы Apple-ден хабарлама келді

Apple бүкіл әлемдегі жүздеген саясаткер, журналист және кәсіпкерлерді бақылау үшін пайдаланылған Pegasus бағдарламалық жасақтамасын жасаушы NSO Group-ты сотқа берді.

«Пайдаланушыларға одан әрі зиян келтірмеу үшін Apple NSO Group-қа кез келген Apple бағдарламалық жасақтамасын, қызметтерін немесе құрылғыларын қолдануға тыйым салуды талап етеді», – делінген хабарламада. Сондай-ақ, компания NSO Group тарапынан «АҚШ федералды және штаттық заңнамаcын өрескел бұзғаны үшін» келтірілген залалды өтеуді талап етті.

Apple-дің хабарлауынша, NSO Group және оның клиенттері қолданушының смартфонына жасалған шабуыл нәтижесінде оның микрофонына, камерасына, сондай-ақ басқа да жеке мәліметтеріне қол жеткізген.

Шілде айының соңында 17 әлемдік БАҚ Pegasus project зерттеу нәтижелерін ұсынды, соның арқасында бүкіл әлем бойынша мыңдаған адамның Pegasus тыңшылық бағдарламалық жасақтамасының құрбанына айналғаны анықталды. Бағдарламалық жасақтаманы әзірлеген NGO Group көбіне журналистерді, құқық қорғаушылар мен кәсіпкерлерді бақылаған.

Pegasus бақылауында кемінде екі мың қазақстандықтың нөмірі болған, олардың арасында Қазақстанның жоғары басшылығы да бар.

Сол күні қазақстандық Oyan, Qazaqstan қозғалысының жеті мүшесі олардың телефоны тыңдалғаны жайлы Apple-ден ескерту хабарлама алғанын мәлімдеді. Белсенділер мұны Pegasus тыңшылық бағдарламалық жасақтамасына қатысты болуы мүмкін деп болжайды.

«Біз бұған дейін де билік пен ҰҚК тарапынан қадағалау туралы күдіктенген едік, қазір оны Apple компаниясы да растады. Бұл жағдайға Pegasus тыңшылық бағдарламасының қатысы болуы мүмкін», – делінген қозғалыс таратқан хабарламада.