7219
30 ноября 2021
Назерке Құрманғазинова, фотолар Алмас Қайсардікі

Отанға ұмтылу

Шыңжаңнан қашып, босқын мәртебесін алған Бағашар Мәлікұлының Қазақстанға жету жолы

Отанға ұмтылу

Бағашар Мәлікұлымен «Саяхат» автовокзалының маңындағы дәмханада жолықтық. Ол сол күні Алматыға көші-қон қызметінен Қазақстан азаматтығын алу мәселесі жайлы сұрастыруға келген. Алайда сұрағына жауап ала алмаған күйі Шелектегі үйіне қайтпақ болып, автовокзалға қайта оралды. Ол былтыр Қазақстанда босқын мәртебесіне қол жеткізген Шыңжаңнан келген төрт этникалық қазақтың бірі. Қазір оның негізгі арманы – азаматтық алу. Vласть Бағашармен оның Қазақстандағы қазіргі өмірі туралы сөйлесіп көрді.

39 жастағы Бағашар Мәлікұлы Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысының Моңғолкүре ауданында туып-өскен. 2015 жылы қазан айында әйелімен, бір баласымен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қоныс аударады. Қазақстанда оған «Қандас куәлігі» мен ықтияр хат беріледі. Бір жылдан кейін, 2016 жылдың қарашасында ол Қытайда қалған ата-анасының хал-жағдайын біліп қайтпақ болады. Бірақ «Қорғас» кеден бекетінен қарай өткенде Қытайда оның құжаттарын тартып алады. Бағашардың айтуынша, бір жыл ішінде көрші елдегі ахуал қатты өзгерген.

«Қазақстанға көшіп келген жылы Шыңжаңдағы лагерьлер туралы білмедім, бірақ біз Қазақстанға шығу құжатын әрең жасатқанымыз есімде. 2016 жылы Қытайға әке-шешемді көруге барғанда, ол жақта бір жыл ішінде көп өзгеріс болғанын байқадым. Ол жақта: “Бізде қазір қатты тексеріс болып жатыр. Шетелден кіргендерді тексеруіміз керек”, – деп себеппен құжаттарымды тартып алды. Бір ай күттім – құжаттарымды қайтармады. Содан кейін күнде барып құжатымды қайтаруды сұрай бердім, кейін олар мүлде берілмейтінін айтты”, – деп еске алды ол.

Бағашардың Қазақстанда екі баласы мен әйелі қалған. Құжаттарын қайтара алмай Қытайда жүргеніне екі ай уақыт өткенде әйелі хабарласып, жағдайлары нашар екенін, емізулі баласы қатты ауырып қалғанын хабарлайды. Ол шарасыз күйде не істерін білмей, ақыры Моңғолкүре уезінен Қазақстанға қарай жаяу қашуға бел буады.

«Қытайдағы ахуал өзгеріп жатқанын түсінгеннен кейін, әрі Қазақстанда қалған отбасым қатты қиыншылық көріп жатқандықтан, амалсыз қашуға тура келді. Нарынқолдың таулы аудандарымен, Хантәңірдің етегімен екі күн, екі түн жаяу жүрдім. Ол қаңтар айы еді. Суықтан аяқ-қолым, бет-аузым үсіп қалды, өкпеме де суық тиіп, әзер дегенде жеттім», – дейді Бағашар Мәлікұлы.

Оның сөзінше, 2016 жылы Шыңжаңдағы «қайта тәрбиелеу лагері» туралы ел арасында енді белгілі бола бастаған. «Көбіне жасырын істеліп жатқан ғой. Мен Қазақстанға келгеннен кейін көп адамның қамалып жатқанын естідім», – дейді ол.

Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман халықтарға жасалып жатқан қысым туралы алғаш 2017 жылдары айтыла бастады.

Босқын мәртебесіне жету жолы

Бағашар Мәлікұлы Қазақстанға келгеннен кейін екі жыл бойы үйінде болады, бірақ бұл туралы ешқайда жарияламайды. Осы аралықта Шыңжаңдағы «қайта тәрбиелеу лагерьлері» туралы ашық айтқан алғашқы куәгер қазақ Сайрагүл Сауытбай Қытайдан қашып келеді. Ол Қазақстанда босқын мәртебесіне қол жеткізе алмай, отбасымен Швецияға қоныс аударады. Қазір де сол жерде өмір сүріп жатыр. Оның артынша Шыңжаңнан қысым көргенін айтып, пана іздеген тағы төрт этникалық қазақ қашып келеді. Олар: Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы және Тілек Тәбәрікұлы. Олардың барлығына қатысты «шекараны заңсыз кесіп өту» бойынша іс қозғалып, алты ай бас бостандығын шектеуден бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Бұл қылмыстық іс Бағашар Мәлікұлын да айналып өтпеді. 2019 жылы оны Шекара қорғаныс қызметі тергеуге алып, «шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша іс қозғайды. Бірақ артынан бір айға жетпес уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Азаттық радиосына» іс қысқарғанын хабарлайды, бірақ істің тоқтау себебі айтылмады. Кейін ол босқын мәртебесін алуға өтініш жазады, бірақ билік коронавирус пандемиясын алға тартып, олардың өтінішін кейінге қалдырып келді. Ақыры 2020 жылы қазан айында Бағашар Мәлікұлымен қоса тағы үш этникалық қазаққа бір жылға «босқын» мәртебесі берілді. Биыл олардың бұл статусы тағы бір жылға ұзартылды.

Босқын мәртебесінде шектеу көп

Бағашар қазір белгісіз жағдайда жүргенін айтады. «Бір жылдан кейін не істейтінімізді сұрап едім, тағы осындай комиссия құрылып, анықталатынын айтты. Сол кезде көре жатармыз деп жауап берді», – дейді ол Алматы облысында босқын мәртебесі берілген кезді еске алып.

Ол қазір отбасымен Шелек ауылында тұрып жатыр. Үш баласы мен әйелі 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Бағашардың айтуынша, босқын мәртебесі оны көп нәрседен шектейді. Әсіресе оны қатты қынжылтатыны – көлік жүргізу куәлігінің берілмеуі.

«Қыста Қазақстанға қашып келе жатқан кезде өкпемнен қатты суық өткен, беліме зақым келген. Соған байланысты қазірге дейін емделіп жүрмін. Бірақ босқын куәлігімен емханада емделе алмаймыз, бізді ешқайда жұмысқа алмайды. Босқын мәртебесінде шектеу көп. Менің қазір қиналып жүргенім – көлік жүргізу куәлігінің берілмеуі. Себебі ауыр жұмысқа денсаулығым жарамағандықтан, такси қызметімен айналыссам деп едім. Бала-шағамды асырап, күнімізді көруіміз керек. Өзімізде көлік бар, бірақ оны айдауға куәлігім жоқ. Соған қатты қиналып жүрмін. Кімге барарымды білмеймін. Бүгін де көші-қон қызметіне барып, осы мәселе жайлы айттым. Бірақ бұл мәселе олардың құзырына кірмейтінін айтып, ішкі істер департаментіне өтініш хат жазуға кеңес берді», – дейді Б.Мәлікұлы.

Бағашардың тұрақты жұмысы жоқ. Табылған жұмысқа жалданады. Көбіне құрылыс жұмыстарын істеп, орташа есеппен күніне 5 мың теңге алған. Бірақ мұндай жұмыс әрдайым табыла бермейді, тек уақытша, себебі қыс кезінде құрылыс тоқтап қалады. Кейде Бағашар ауыл тұрғындарының қойын бағып, нәпақасын тауып отырған кездері де болған.

Бағашардың айтуынша, оған шетелге кетуге де ұсыныстар айтылған, бірақ ол азаматтық алудан үмітін үзбейтінін және одан басқа жоспарларды қарастырмайтынын мәлімдеді.

«Қазақстан азаматтығын алу үшін барымды салып, тырысамын. Бірақ мұны билік шешпесе, менің құзырымдағы нәрсе емес. Өтініш хат жазуды тоқтатқан емеспін. Бала-шағамды Қазақстанда өсіремін деген жоспармен келгендіктен, осы жақта қаламын. Бұл біздің баяғыдан келе жатқан тарихи отанымыз. Басқа ешқандай шетелге кету сияқты ойым жоқ. Мен енді соңына дейін күтемін», – деді Бағашар Мәлікұлы.

Босқын мәртебесін алған Шыңжаңнан келген қазақтар жайлы “Выбраться из Синьцзяня” мақаласынан оқи аласыздар.