8191
16 марта 2022
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Қазақстанда жаңа үш облыс пайда болады. Президент өкілеті қысқарады. Парламенттегі өзгерістер

Президенттің халыққа жолдауында не туралы айтылды?

Қазақстанда жаңа үш облыс пайда болады. Президент өкілеті қысқарады. Парламенттегі өзгерістер

16 наурыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, халыққа жолдау жасады. Қаңтар оқиғасынан кейін президент наурыздағы жолдауында саяси реформалар пакетін ұсынатынын айтқан болатын. Vласть Тоқаевтың жолдауда айтқан негізгі сөздерін жинақтап шықты.

Президент өкілетінің қысқаруы

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қаңтар оқиғасынан бастады. Нақтырақ айтқанда, қаңтардағы дүрбелеңді елдегі өзгерісті қаламайтын жоғары лауазымды тұлғалар билікті басып алу үшін ұйымдастырғанын атап өтті.

Содан кейін президенттің өкілетін қысқартып, оның орнына парламенттің рөлін күшейту қажеттігіне назар аударды. Ол президент билікте отырғанда қандай да бір партия мүшесі болуына заңды түрде тыйым салуды ұсынып, өзі де биылдан қалмай “Аманат” партиясынан шығатынын мәлімдеді. Партиядан шығу талабы Орталық сайлау комиссиясы, есеп комитеті мен конституциялық кеңес мүшелері мен басшылығына да қатысты болмақ. Сонымен қатар, Тоқаев президенттің жақын туыстарына саяси, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға заңмен тыйым салу керек екенін айтты.

“Суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік басқару формасына көшу керек. Мұндай жүйе билік институттарының оңтайлы теңдігін қамтамасыз етеді және елдің орнықты дамуына ықпал етеді”, – деді президент.

Партияны тіркеу мен парламенттегі өзгерістер:

- Президенттің Сенаттағы депутаттарды тағайындау квотасы 15-тен 10-ға дейін қысқарады. Оның ішіндегі 5 депутатты Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады. Нәтижесінде Мәжілістегі депутаттар саны қысқарады.

- Тоқаев Мәжіліс депутаттарының 70%-ын пропорционал және 30%-ын мажоритарлық негізде сайлауды ұсынды. Бұл үлгі облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихатын сайлауда енгізіледі.

- Тоқаев Мәжіліс қабылдаған заң жобасын Сенат мақұлдауға не мақұлдамауға мүмкіндігі болуы керек деді. Осылайша, Мәжіліске заң қабылдау құқығы берілмек.

- Президенттің пікірінше, Сенат өкілетіне конституциялық кеңес пен жоғарғы сот кеңесiнiң басшылығына үміткерлерді бекiту құқығы берілуі керек.

- Сондай-ақ, Тоқаев республикалық бюджеттің сапалы орындалуын бақылауды күшейту мақсатында есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды. Ол палата жылына екі рет Мәжіліс депутаттарына есеп беруге тиіс.

- Президент халыққа жолдауында Қазақстанда саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету қажеттігін атап өтті. Партияны тіркеуге қажет қол саны 20 мыңнан 5 мыңға, яғни төрт есеге азаяды. Ал партияны құру үшін бастамашыл топқа бұрын мың адам керек болса, енді оның саны 700-ге қысқармақ.

- Тоқаев Конституциялық сот институтын құру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл қабылданатын заңдар мен шешімдердің Конституциямен сәйкестігін қадағалауға мүмкіндік береді. Оған бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл де жүгіне алуы керек.

Қапшағай, Voxpopuli.kz

Қазақстанда жаңа үш облыс пайда болмақ: Жетісу, Абай және Ұлытау

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында Қазақстанда жаңа үш облыс пайда болатынын мәлімдеді. Алматы облысының аймағында Жетісу облысы құрылады.

"Алматы қаласының агломерациясына қатысты көп мәселе бар. Облыс тұрғындары негізінен осы қаланың айналасында шоғырланған. Талдықорғанда жүріп, Талғардың мәселесін шешу мүмкін емес. Облыс орталығына жету үшін тұрғындар өте алысқа баруға мәжбүр”, – деді президент.

Жетісу облысының орталығы – Талдықорған, Алматы облысының орталығы Қапшағай болады. Сондай-ақ, президент Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың атын беруді ұсынды.

Жаңадан пайда болатын тағы бір облыс – Шығыс Қазақстан облысынан бөлек Абай облысы. Оның орталығы Семей қаласы болмақ. Тоқаев бұл мәселені өңір тұрғындары бұрыннан көтеріп келе жатқанын, қазір шешімін таппаған мәселе көп екенін атап өтті: ішкі инфрақұрылымның тозығы жеткен, қаланың жағдайы нашар.

«Біз тарихи әділетті, киелі жерді қалпына келтіруіміз керек», – деп түсіндірді президент.

Жаңадан қосылған үшінші облыс – орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысы. Тоқаев бұл аймақта тәуелсіз облыс құру экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да маңызды шешім болатынын атап өтті.

Бұлардың үшеуі де 1997 жылға дейін өз алдына бөлек облыстар болған еді, тек атаулары өзгеше болды.

Жолдау соңы

Президент халыққа жолдауын жалынды сөздермен аяқтап, геосаяси ахуал ауыр кезеңде елдің егемендігін сақтап қалудың маңызын атап өтті.

“Қазіргідей тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан құндылық жоқ. Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын”, – деп сөзін аяқтады президент.