Өткен аптаның басында үкімет сарапшылар «шикі» деп бағалаған салық реформасын жариялады. Мамандар мұның салдары қандай болатынын қазірден-ақ көріп отыр: кәсіпорындардың көпшілігі жұмысын тоқтатады, тауар мен қызмет бағасын төлей алмау жиілейді, кірісі азайып, жұмысынан айырылған әлеуметтің наразылығы артады. Власть салық жаңалығының салдары қандай болуы мүмкін екенін баяндайды.
Салық кодексіне өзгерту енгізу қажеттігін үкімет 2022 жылдан бері айтып келе жатыр. 2023 жылдың қыркүйек айында алғашқы идеялар айтылып, қосымша құн салығы (ҚҚС) 4 п.т. яки 16%-ға дейін көтеруді ұсынды. Алайда 2024 жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев инфляция мен көлеңкелі экономика өсуі мүмкін деп қауіптеніп, мұндай өзгерту енгізуге қарсы болды. Жай ғана бағамды көтеріп қоймай, ҚҚС қисынын қайта қарастыруды ұсынды.
Елімізде ҚҚС тікелей төленбейді. Қазақстанда салықтың бұл түрі сырттан келетін бүкіл өнімге, сонымен бірге айналым операциясының жылдық мөлшері 78 млн теңгеден асатын кәсіпорындарға салынады. Қазақстандықтар тұтынатын тауарлардың ішінде шетел өнімі көп болғандықтан әрі отандық өнімнің құрамында да импорт үлесі болғандықтан, ҚҚС әр тауар мен қызмет түрінде бар.
Дегенмен қазіргі реформа жобасында үкімет нақты қосымша құн салығын көтеруді ұсынып отыр. Бюджетке түсетін салық түсімінің ықтимал мөлшерін есептегеннен кейін (5 трлн теңгеден 7,5 трлн теңгеге дейін), вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы бағамды 8 п.т., демек 20%-ға дейін көтеру «мысал» ретінде ұсынылғанын мәлімдеді. Нақты мөлшері әлі де талқыланатынын жеткізді.
ҚҚС мәнін қайта қарастыру шекті соманы 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін түсіруге алып келді. Кәсіпорындардың мойнына түсетін жүктемені жеңілдету үшін жұмыс берушілерден әлеуметтік салық пен міндетті зейнетақы төлемін алып тастауы мүмкін.
Үкімет бұл реформа жүзеге асса, бюджетке қосымша 300 мың салық төлеуші қосылады деп отыр. Азаматтардың қаржылық мүмкіндігі мен көлеңкелі экономиканың кең қанат жаюы мүмкін екенін ешкім есепке алған жоқ.
Бұл реформа 2024 жылдың ортасында біржола орнығып болған бюджет дағдарысына жауап болады десті. Шартты түрде бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге болды (ЖІӨ-нің 2,7%-ы). Ал негізгі көрсеткіш бұдан бірнеше есе жоғары, өйткені бюджеттегі тапшылықтың айтарлықтай бөлігі Ұлттық қордың трансферті есебінен, ұлттық компаниялар мен бюджеттен тыс қорлардың акциясын сату есебінен өтеледі.
«Власть» сауалына жауап берген сарапшылар болашақ салық реформасын сәтсіз ғана емес, сонымен бірге қауіпті деп есептейді. Олар экономикалық, әлеуметтік және саяси шығындарды бағалай келе, жұмыссыздық, кедейлік және халықтың наразылығы артады деп болжап отыр.
Реформаның кемшілігі неде және неге әкеліп соғады?
Экономист Марат Абдрахманов үкімет реформаны негіздейтін есеп ұсынбағандықтан, қазір бұл бюджет дағдарысын еңсеруге көмектеседі деп айту қиын дейді. Керісінше, салық түсімі 2 трлн теңгеге дейін азаюы мүмкін деп ойлайды.
«ҚҚС көтерілуі бюджетке түсетін түсімнің азаюына әкеледі деуге қарапайым ғана себеп бар: халықта ақша жоқ, мұндай жоғары көлемдегі салықты төлей алмайды. Сол себепті олар көлеңкелі нарыққа кетеді. Қазір көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі 30% болса, енді ол 60%-ға дейін жетуі мүмкін», — дейді маман.
Экономист, Eximar форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынқан да осындай ой айтты. Оның ойынша, мемлекет импортталатын тауар есебінен ҚҚС өсімін 1,32 трлн теңгеге дейін көтеруге қол жеткізгенімен, экономика субъектілерінің ішкі операциялары жөнінен мұндайға жеткізе алмайды.
«Шағын және микро бизнес айналымнан 6%, жеңілдетілген жүйемен 3%, бөлшек салықта 2% ғана төлеп, ҚҚС бойынша есепке тұрмау үшін барынша ұсақталады. Өңдеу саласындағы орта бизнес бірінші тоқсанда №300 форманы толтырғаннан кейін-ақ шығынға батады, ал аман қалғаны бағаны көтереді. ҚҚС мөлшерін көтеру экспорттаушыларға ғана тиімді болуы мүмкін, өйткені оны мемлекет өтеп береді», — деп түсіндірді маман.
Абдрахманов шағын және орта бизнес мейлінше ұсақ кәсіпорындарға бөлінеді деп ойламайды, себебі салық органдарына кез келген салық төлеушіні тексеру құқығы қайта беріліп отыр.
«1995 жылғы Салық кодексі салық мекемесіне кең көлемді өкілеттік берген еді. Мұның соңы неге алып келгені белгілі. Салық органдары елдегі ең жемқорлық жайлаған салаға айналды, салық төлегісі келмеген кәсіпкерлер мекеме қызметкерлеріне алым беретін болды. 2003 жылы жаңа кодекс қабылданып, олардың өкілеттігі шектелді», — дейді ол.
Мұндай жағдайда мемлекет ҚҚС төлеушілер санын айтарлықтай өсіруге қол жеткізуі қиын. Маманның бағалауынша, қазір олардың саны 25 мың болса, реформа жүзеге асқаннан кейін 50 мыңға дейін ғана өсуі мүмкін. Ал үкімет мүлдем басқа цифрларды айтып отыр.
«Олар қосымша табыс әкелмейді, кәсіпкерлер 1990 жылдардағыдай ақшаны басқа мақсаттарға жұмсай бастайды. Мысалы, еңбекақы төлеу жүйесін өзгертіп, импортқа салық төлеуге көшуі мүмкін. Немесе жалған экспорт тәжірибесіне көшеді», — дейді Абдрахманов.
Тұрсынқан мемлекет бұл реформаны түсінікті және сенімді басқара алмайды деп санайды. Жеңілдетілген жүйеден біржақты бас тарту көптеген кәсіпкердің №300 форманы тапсыра алмауына әкеле ме деп қауіптенеді. Ал фискалдық органдар мұндай жағдайда кіріске қарай талап қоя алады. Нәтижесінде салық органының сайты мен бөлімшелері салық төлеушілер ағынына төтеп бере алмауы мүмкін.
Тұрсынқанның айтуынша, ҚҚС енгізу бірінші кезекте 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімін өндірушілерге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы кәсіпорындарға, халыққа негізгі қызмет түрлерін көрсетушілерге ауыр тиеді. Экономист халықтың төлем қабілетіне де айтарлықтай зиян келеді деп ойлайды.
«Азық-түлікке кететін шығын қазірдің өзінде [кірістің] 60% мөлшерінде болса, енді 75%-ға дейін көтеріледі. Тұтыну несиесі мен бизнестің несиесі дефолтқа кетеді. Коммуналдық төлемді төлемегендіктен жаппай жылу мен жарықты сөндіру етек алуы мүмкін. Салық төлеушілердің кемінде 97%-ы ҚҚС төлей алмағандықтан, шоты бұғатталады. Қорыта айтсақ, жылдық көрсеткіште 19 трлн теңге көлемінде шығын келеді». — Экономист ең нашар сценарий осылай болады деп болжайды.
Реформа саяси дағдарысқа әкеле ме?
Әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев реформа президенттің қазіргі саясатын қолдау төмендеген уақытта жарияланғанын айтады. Бұл негізінен Қанды Қаңтардан кейін уәде етілген саяси реформалардың орындалмауымен байланысты.
«Өткен екі жылда азаматтар мемлекет басшысының сөзі мен ісінің арасы тым алшақ екенін түсінді. [Саяси] реформа азаматтардың саясатқа лайықты түрде араласуы мен қатысуын есепке алмастан жүргізілді», — дейді сарапшы.
2024 жылдың желтоқсан айында Бейсембаев пен оның әріптестері жүргізген сауалнама, үкіметтің айтарлықтай бөлігі бір жыл бұрын ғана ауысқанына қарамастан, қоғамның оларға деген сенімі төмен екенін көрсетті.
Қоғамның тек қана соғыс болмаса екен деген ұстанымда болуы осы сәтке дейін билікке деген қолдауды қамтамасыз етті. Ресейдің Украинаға баса-көктеп басып кіруінен қорқып қалған халық көп нәрсе сұраған жоқ, қазіргі күніне шүкір деп тіршілік етті.
«Жарияланған салық реформасы қоғамдық келісімнің соңғы жұрнағын күл-талқан етті. Билік толыққанды заңды болғанда ғана қоғам мұндай ауыр шараларды қабылдауы мүмкін», — деп санайды әлеуметтанушы.
Саясаттанушы Досым Сәтбаев Қаңтар оқиғасынан кейінгі ауыр кезеңнен өткен уақытта Тоқаев халықтың әл-ауқатының төмендеуіне олигархтар мен ірі бизнесті айыптағанын еске салды. Осыны айта келе, билік басында отырған уақытта экономикадағы монополияны жойып, азаматтардың саяси құқығын кеңейтуге уәде берген. Алайда, сарапшының ойынша, бұл мәлімдемелер бар болғаны саяси технология болып шықты.
«Назарбаев жүйесінде тәрбиеленген адамдардан жақсылық күтудің өзі біртүрлі. Тоқаев — белден басып басшылық етуден басқа ештеңе көрмеген бюрократ», — дейді Сәтбаев.
Сәтбаевтың айтуынша, билік ірі бизнес пен олигархтарға тиіспейді, оның бір ғана себебі бар: үстемдігінен айырылып қалатындықтан, мемлекетке экономикада бәсекелес керек емес. Есесіне елдегі бай-манаптар билік басындағыларға қарсы шықпайды және қажет болған жағдайда қомақты қаражат та бере алады.
Ал мәселені шешуді қарапайым азаматтардың мойнына артып жіберуге болады, өйткені ресми статистикаға сүйеніп, билік басындағылар елде шағын және орта бизнес қарқынды дамып, халықтың табысы артып жатыр деген жалған түсінікке сеніп отыр.
Бұған қоса, Сәтбаев салық реформасы бірнеше жыл «жыртыққа жамау» болғанмен, мәселені кешенді түрде шешуді кейінгі қалдырады деп есептейді:
«Бұл шешімнің қисыны: бюрократия қысқа мерзім ішіндегі қаржылық қажетін өтеуі керек және мемлекеттік аппарат қысқармауы керек. Олар қызметте уақытша отырғанын түсінеді, сондықтан елдегі жағдайға бола мойнына жауапкершілік алмайды. Әйтеуір президенттің жарлығын орындап жатқан сыңай танытса жетіп жатыр».
Бейсембаевтың ойынша, қоғамның салық реформасына қарсылығы күшті болады. Наразылық тууына реформадан бөлек бағаның тоқтаусыз өсуі мен түрлі айыппұл түрінің көбеюі де ықпал етеді. Сонымен бірге, мемлекет аппаратындағылардың «тәбеті ашыла түсуі» және күннен-күнге күшейген сыбайлас жемқорлық та әсер етпей қоймайды.
«Қанды Қаңтарға әкеп соққан алғышарттар қазір тіптен қарқынды түрде пісіп-жетіліп келеді. Әйтсе де, әлеуметтік наразылық түрлері айтарлықтай кеңеюі мүмкін. Билікке қарсылық негізінен шағын және орта бизнес, жеке кәсіпкерлер мен бюджеттің ақшасына тәуелсіз қызмет көрсету саласы жұмысшылары көп шоғырланған үлкен қалаларда көбейеді. Президентке және үкімет жүргізіп отырған саясатқа деген сенім төмендейді», — дейді әлеуметтанушы.
Сәтбаев билік салық реформасы арқылы саяси дағдарысты өршітетінін түсінбей отыр дейді. Олар азаматтарға сенім беретіндей мықты экономикалық институттар қалыптастыра алған жоқ. Ал саяси институттар, соның ішінде партиялар барған сайын әлсіреп келеді.
«Халық ертеңгі күніне сеніммен қарай алмайды, ал бұл кез келген саяси жүйедегі тұрақсыздыққа әкелетін негізгі фактор. Қудалау жалғасып жатқандықтан, қоғам наразылығын қалай білдірерін білмей дал. Шиеленіс күшейіп келеді. Түрлі елдердің тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, ерте ме, кеш пе, шыдамның шегі таусылады. Ол билік транзиті кезінде немесе тіпті оған дейін де болуы мүмкін», — дейді саясаттанушы.
Қандай жол бар?
Абдрахмановтың айтуынша, 2003 жылғы Салық кодексі қолданыста болғанда Қазақстанның фискалдық саясаты табысты болған. Ол бюджет түсімдерінің жеткілікті болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның көбірек тауар өндіруіне және импортқа тәуелділікті 3,5% мөлшерінде ұстап тұруға мүмкіндік берген.
Экономистің айтуынша, ол кодекс салық жүктемесінің шегін есептей отырып жасалған. Ол уақытта жеке тұлғалар екі түрлі салық төлейтін: әлеуметтік және прогрессив бағамы бар табыс салығы. Кәсіпорындар таза пайдасынан табыс салығын төлесе (ол да прогрессив мөлшерлемемен), микро және шағын бизнес үшін жеңілдетілген жүйе болатын.
Тұрсынқан ҚҚС-ға реформа жасаудың бірнеше мүмкіндігі бар дейді. Біріншісі — ҚҚС көрсеткішін қазіргі күйінде қалдыру, бірақ люкс тауар өндірушілер мен сатушылар үшін оны 20%-ға дейін көтеру, сонымен бірге басқаруды жеңілдету және белгілі бір өнім түрлеріне прогрессив мөлшерлеме қарастыру.
Екінші нұсқа: ҚҚС мөлшерін 20%-ға дейін көтеру, бірақ мөлшерлемені мұқият саралау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімін өндірушілерді ҚҚС төлеуден босатуға болады, ал дәрі-дәрмектен бастап, тұрмыста пайдаланатын химия өнімдеріне дейінгі бірінші кезекте қажет азық-түлік және тауар өндірушілерге 8% белгілеуге болады. Бұл жергілікті кәсіпорындарға артықшылық беріп қана қоймай, ет, май және жем экспорттаушыларға ҚҚС үшін қайтаратын шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Үшінші нұсқа коммерциялық жылжымайтын мүлік пен тұрғын үйге роялти қарастырады. Бұл ретте төлем жасайтындардың төрт тобын қарастыру маңызды, олар: жалғыз баспанасы бар адамдар, коммерциялық пайда көру мақсатындағы жеке жылжымайтын мүлік иелері, коммерциялық жылжымайтын мүлік иелері және өнеркәсіптік нысан иелері.
Бұл топтардың төлемін саралау мемлекетке жылына қосымша 3-4 трлн теңге береді әрі жаңғырту мен жаңа инфрақұрылым салуға коммерциялық негіз болады.
Абдрахмановтың айтуынша, фискалдық саясатты өзгеріссіз қалдырғанның өзінде де, бюджеттің кірісін 5-10 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаржыны қысқарту керек.
Экономист ұсынылып отырған реформаға көптеген балама бар деп отыр. Электронды теңгені енгізу әр транзакция сайын есептелетін салықты алып тастауға мүмкіндік берер еді. Немесе салықтың барлық түрін жойып, тек сатуға салық салуға болады.
«Экономистердің ұсынысы толып жатыр. Мемлекет неліктен балама жолдарды қарастырмай отыр? Меніңше, мұның бәрі саяси ерік-жігердің болмауынан туып отыр. Сондай-ақ, азаматтарға бюджет қаржысының қалай бөлініп, қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік беретін конституциялық заң керек», — деп қорытты сарапшы.
Поддержите журналистику, которой доверяют.