4355
7 февраля 2022
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Досаевтың тағайындалуы, оған қарсы өткен митинг. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандар. Жұмысшылар ереуілі

Өткен аптадағы маңызды оқиғаларға шолу

Досаевтың тағайындалуы, оған қарсы өткен митинг.  Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандар. Жұмысшылар ереуілі

Бұл аптада биліктегі кадрлық өзгерістер жалғасын тапты. Негізгі тағайындауларға тоқталсақ, 1 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының отырысында парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Нығматуллиннің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Оның орнына марламент мәжілісінің төрағасы болып Ерлан Қошанов бірауыздан сайланды. Сондай-ақ, Бауыржан Байбек "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кету туралы өтініш беріп, ол өтініші қабылданды.

“Досаев, кет”. Алматыда жаңа әкімге қарсы өткен митинг

Апта басы Алматыға жаңа әкімнің тағайындалуымен басталған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бұрынғы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметке ауысқандықтан, оның орнына бұрын Ұлттық банк төрағасы болған Ерболат Досаев тағайындалды. Ресми хабарламада 2019 жылғы маусымнан бері Алматы әкімі қызметін атқарып келген Сағынтаевтың қандай қызметке ауысқаны айтылмады.

Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы тұрғындары Сағынтаевты “қиын сәтте көшбасшы бола алмады” деп, оның отставкаға кетуін талап еткен петицияға қол жинады. Петицияға 26 мыңнан астам азамат қол қойып үлгерді. Бұл петицияға қатысты Тоқаев та пікір білдіріп, “уақыты келгенде білесіздер” деп тұспалдаған еді.

Сағынтаев қызметтен кеткенімен, оның орнына тағайындалған Досаев та халықтың көңілінен шықпады. Қала тұрғындары жаңа әкімге қарсы бірден петиция жариялады. Бүгінде петицияны 30 мыңға жуық азамат қолдап үлгерді. Алматы тұрғындарының Ерболат Досаевтың тағайындалуына қарсы шығып, теріс пікірде болуына оның бұрын атқарған қызметтеріндегі олқылықтар түрткі болған.

Атап айтқанда, 2006 жылы Досаев Денсаулық сақтау министрі болған тұста Шымкентте қан құю кезінде 149 баланың ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде бірнеше аурухананың дәрігерлері зарарсыздандырылған құралдарды қолданбағаны анықталып, 20-дан астам дәрігер мен жергілікті медицина қызметкері жауапкершілікке тартылды. Бұл жанжалдан кейін Ерболат Досаев отставкаға кетті.

Досаевтың екінші рет отставкаға кетуі 2016 жылы жер митингісі кезінде болды. Жерді шетелдіктерге жалға беруге байланысты туындаған ауқымды наразылық акциясы елдің батыс аймағында басталып, кейін басқа өңірлерде де жалғасын тапты. “Жер кодексіне” өзгерістерді Ерболат Досаев басқарған Ұлттық экономика министрлігі ұсынған болатын. Жаппай наразылық акциясынан кейін Досаев өз еркімен отставкаға кетті. Алматы әкімі болғанға дейін ол 2019 жылдан бері Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарды.

Белсенділер тек петиция жариялап қана қоймай, Досаевтың отставкаға кетуін талап етіп, 5 ақпан күні митинг өткізбекші болды. Көп ұзамай, жаңа әкім басқарған қала әкімдігі наразылық акциясын өткізуге рұқсат берді. Досаевтың өзіне қарсы митингінің өтуіне рұқсат беруін кейбіреулер “азаматтар арасынан өзіне қолдау табуға тырысып жатыр” деп баға берді.

Сенбі, 5 ақпан күні сағат 12:00-де Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің жанына әкімге қарсы митингіге жүзден астам жиналды. Олар қолына “Досаев, кет”, “Досаев менің әкімім емес”, “Қала әкімін өзіміз сайлаймыз” деген жазуы бар плакаттар ұстап келді. Жиналған азаматтар қала әкімін халық сайлауын талап етті.

Фото авторы: Алмас Қайсар

Алаңда бірнеше полиция қызметкері мен күш құрылымдарының өкілдері бақылап тұрды, бірақ митингінің өтуіне кедергі келтірмеді. Рұқсат етілген митинг екі сағаттан кейін аяқталып, барлығы үй-үйіне тарқады.

Қаңтарда ұсталған туыстарын босатуды талап еткендер

Жаңа әкімнің кетуін талап еткен Алматыдағы митингіге бір ай бұрынғы қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандардың туыстары да келді. Олар жақыны кінәсіз екенін айтып, босатуды талап етті.

Қаңтар оқиғасынан кейін күдіктілерді жаппай ұстау және қамауға алу басталды. Соған байланысты ақпан айының басында ұсталған туыстарын босатуды талап еткен ондаған адам бірнеше күн бойы қалалық прокуратураның қабылдау бөлмесіне келіп жүрді. Прокуратура өкілдері олардың жазбаша өтініштерін қабылдады.

Фото авторы: Алмас Қайсар

Прокуратураға келгендер арасында Тимур Кимнің туысы да болды, ол Vласть порталына Кимнің митингіге қатыспағанын, бірақ 5 қаңтарда полиция департаментінің жанынан өткендіктен "террорист ретінде тұтқындалып, аяусыз соққыға жығылғанын" айтты. 3 ақпан күні Тимурдың адвокаты оның бостандыққа шыққанын хабарлады. Сондай-ақ, сол күні тағы бір адамның босап шыққаны белгілі болды. Ол – митингіге шығып, оқ тиген Анатолий Ахметов. Оны ауруханада жатқан жерінен құқық қорғау органдары тергеуге алып кеткен еді.

4 қаңтар күні Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов брифинг өткізіп, қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған 103 адам тергеу изоляторынан босатылғанын хабарлады. Оның хабарлауынша, 59 адамның бұлтартпас шарасы жұмсартылған.

“Қызылорда облысында 3 адам және Шығыс Қазақстан облысында 1 адам босатылды. Оларды қамауда ұстау ешқайда кетпеу туралы қолхатқа алмастырылды. Тағы 3 адамға қатысты бұлтартпау шарасын Қызылорда облысының прокуратурасы соттың санкциясымен үйқамаққа ауыстырды”, – деді ол.

Бас прокуратураның мәліметінше, осы уақытқа дейін прокуратураға “тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану”, “билік пен лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану” бойынша 148 шағым түскен. 105 қылмыстық іс қозғалған.

"Олардың ішінде әлеуметтік желілерде жарияланған Атырау облысындағы "Динамо" стадионындағы жағдай, Алматы облысындағы Батырбаевқа қатысты және басқа да оқиғалар бар", – деді Қилымжанов.

Оның ақпараты бойынша, 4 ақпанға қарай жедел-тергеу топтарында қаңтар оқиғасы бойынша 2 750 қылмыстық іс қозғалған. Осы істер бойынша 802 күдікті қамауда отыр.

Жұмысшылар ереуілі

Қаңтар айының соңы мен ақпанның басында бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілге шықты. Олардың бірі жалақының көтерілуін сұрады, енді бірі компанияны мемлекет иелігіне алуды талап етті. Атап айтқанда:

31 қаңтар "Бозашы Транс құрылыс" ЖШС мұнай сервистік компаниясының жұмысшылары Қазақстан президентіне видео-өтініш жолдады. Олар Қаламқас кен орнында штаттағы жұмысшылар мен мердігер қызметкерлер арасындағы әлеуметтік теңсіздік бар екенін айтып, кәсіпорынды мемлекет меншігіне алуды талап етті. Бұрын олар "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ еншілес компаниясы "Ойл Транспорт Корпорейшэн" ЖШС-де жұмыс істеген екен, кейін оларды "ҚМГ мұнай сервисін дамыту бағдарламасы (5/50)" бойынша жұмыстан қысқартқан. Қазір жұмысшыларды "Бозашы Транс құрылыс" ЖШС жеке компаниясына аутсорсингке берген.

Бұған дейін 9 қаңтарда құрамына "Бұрғылау" ЖШС кіретін MH Industry қызметкерлері компанияны мемлекеттік меншікке қайтару талабымен бейнеөтініш жолдаған болатын. 28 қаңтарда "Caspian food" ЖШС мұнай сервистік компаниясының жұмысшылары да бейнеөтініш жазып, онда еңбек жағдайын жақсартуды немесе кәсіпорынды мемлекет иелігіне алуды талап етті.

31 қаңтар күні Алматыда "Қазақтелеком" телекоммуникациялық компаниясы қызметкерлерінің бір бөлігі ереуілге шығып, жалақыны көтеруді талап етті. Техникалық бөлімшенің қызметкерлері сол күні жұмысты тоқтатып, компания кеңсесінің жанында жиналыс өткізді. Қызметкердің сөзінше, басшылық оларға мәселені шешуге уәде берген.

Сонымен қатар, 3 ақпан күні Жаңаөзен қаласының жүзден астам тұрғыны қалалық әкімдікке жиналып, жергілікті билік органдарынан мұнай-газ саласында жұмыс орындарын ұсынуды талап етті. Қала әкімдігінде жиналғандарға нақты жауап берілмеді, өйткені әкім аппаратының басшысы Қайырбек Құсайыновтың айтуынша, шешім Маңғыстау облысының әкімдігінде қабылдануы мүмкін.

“Азаттық радиосының” сауалына жауап берген Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері тұрғындарға Жұмыспен қамту орталықтарында бос жұмыс орындары ұсынылғанын, алайда олар бас тартып, мұнай-газ саласында жұмыс орындарын талап еткенін хабарлады. "Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде", – деп хабарлады әкімдік өкілдері.

Ақпан айының басында Жаңаөзеннің үш тұрғыны елордада пикет өткізді. Олар моноқаладағы жұмыссыздық мәселесіне назар аударуға және оларды мұнай саласында жұмыспен қамтамасыз етуге шақырды.