Өткен апта президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алексей Цой Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылғаны туралы жаңалықпен басталды. Оның қызметтен не себепті босатылғаны Ақорда ақпаратында айтылмады, бірақ Цой азаматтық секторда жұмыс істеп, ғылым арқылы денсаулық сақтау саласын дамытқысы келетінін хабарлады.
“Бүгін менің азаматтық секторға көшу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешімімді қолдады”, – деп жазды Цой Facebook парақшасында.
Ол бұл қызметке тағайындалғанда COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыру, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру міндеті тұрғанын еске салды. Экс-министрдің айтуынша, бұл мақсатта эпидемиологиялық қауіптерге қарсы тұру үшін түрлі жағдай жасалған: әр облыста жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынған, жедел жәрдем көліктері модернизацияланған, жасанды желдеткіштер және ауылдық жерлерде жылжымалы медициналық кешендер жаңартылған. Цой отандық фармацевтика өнеркәсібінің өнімді жұмыс істеп жатқанын, дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдердің қажетті қоры жасалғанын, СЭС және зертханалық қызметтердің әлеуеті ұлғайғанын, QazVac вакцинасы шығарылғанын да мәлімдеді.
Алексей Цой 2020 жылғы маусымнан бастап денсаулық сақтау министрлігінің басшысы қызметін атқарды, биыл қаңтарда бұл қызметке қайта тағайындалды. Бұған дейін Қазақстан президенті іс басқармасының медицина орталығының жетекшісі қызметін атқарып келген.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин зейнетке шығуына байланысты келер жылдың 7 қаңтарынан бастап қызметінен кететінін хабарлады. Бұл қызметті уақытша Алматы қалалық ССК орынбасары Қарлығаш Әбдіжаппарова атқарады.
Бекшин былтыр 5 қаңтарда 63 жасқа толып, зейнет жасына жеткен еді, бірақ оның келісімшарты ұзартылған болатын.
Жандарбек Бекшин 30 жылдан астам санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесінде жұмыс істеп, бірнеше рет Қазақстанның бас санитария дәрігері қызметін атқарды. 2020 жылғы наурыз айында бұл қызметтен кеткен, бір айдан кейін Алматының бас санитария дәрігері болып тағайындалды.
“Алтын орда” базары жанындағы жолайрық ашылды
Алматыда сенбі күні “Алтын орда" базары маңындағы "Алматы–Райымбек" учаскесінде жаңа бас магистральдық эстакада ашылды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
“Алтын орда” жолайрығын салу төрт жылға созылды. Бастапқыда жол айрығы 2019 жылы қолданысқа беріледі делінген, бірақ құрылыстың аяқталуы бірнеше рет кейінге қалды.
Жолайрықтан бөлек, Алматыдан кіріп-шығатын көліктердің қозғалысы үшін Алтын Орда маңында 10 жолақты тас жол салынды.
“Алтын Орда” базарының маңы – Алматыға кіреберістегі кептеліс жиі болатын жер. Алматы мен Алматы облысының билігі көп жыл бойы осы учаскедегі кептеліс мәселесін шешуге уәде беріп келеді.
Демократиялық партия белсенділері ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Жұма күні кешке тіркелмеген Қазақстан Демократиялық партиясының бірнеше белсендісі 16 желтоқсанда өткен митингіге қатысқаны үшін ұсталып, 488-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атап айтқанда, Ырысбек Тоқтасын мен Нұрлан Бәйтереков 15 тәулікке, Абзал Достияров 20 тәулікке қамауға алынды, ал белсенді Аружан Дүйсебаеваға 145 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы партия жетекшісі Жанболат Мамай Facebook желісінде тікелей эфирде хабарлады.
Партия белсенділерінің бірі Инга Иманбай "Азаттық" радиосының тілшісіне берген сұхбатында судья тағы бір белсенді Мейірхан Жолаевқа ескерту жасағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Жанболат Мамай белсенділердің бірі Ырысбек Тоқтасынды полиция күшпен ұстап, бөлімшеде оны ұрғанын айтты: «Ырысбек Тоқтасынды ұрып-соққан. Қазір ол Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінде, медициналық көмекке мұқтаж. Оның өміріне қауіп төніп тұр».
Тоқтасын Whatsapp мессенджері арқылы: «Маған жедел жәрдем керек. Ішім, қабырғаларым ауырып жатыр. Мені ұрып-соқты. Түрксіб аудандық полиция басқармасында», – деп жазған.
16 желтоқсанда Демократиялық партия Алматы қаласындағы Республика алаңында Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғаларының құрбандарын еске алу акциясын өткізді. Алаңға жүзден астам адам жиналды. Акция кезінде полиция белсенділерді ұстаған жоқ.
Парламент өлім жазасын жою туралы заң жобасына түзетулерді мақұлдады
Бейсенбі күні парламенттің жоғары палатасы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы” заң жобасын ешқандай ескертусіз қабылдады. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевтің хабарлауынша, құжат “өлім жазасы” ұғымын заңнамадан толығымен алып тастайды, ең қатал жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру болып қала береді.
«Ұсынылып отырған заң жобасы ұлттық заңнамадан өлім жазасын толығымен алып тастауды көздейді. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің жалпы бөліміндегі 11 баптан, оның ішінде жазалау жүйесі, жазаны тағайындау және ауыстыру туралы баптардан өлім жазасы жаза түрі ретінде алынып тасталды. Сонымен қатар, өлім жазасы түсінігі, мораторий талаптарының шарттары мен қолданылуы туралы арнайы баптың күші жойылды», – деді Шыңдалиев.
Тұтастай алғанда, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 17 бабының санкциясынан алынады, ал ең қатаң жаза өмір бойы бас бостандығынан айыру болып қала береді. Сонымен қатар, Қылмыстық кодексте өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады.
Бұған дейін бұл құжатта өлім жазасын тек соғыс уақытында және тек қана Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы соғыс қимылдарымен байланысты және соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін қолдану қарастырылған болатын.
Қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғаушылармен келісе отырып, Қазақстанда өлім жазасын алып тастау қажет екенін айтып, заң жобасын қайта қарауды тапсырды.
Поддержите журналистику, которой доверяют.