8156
9 февраля 2021
Дмитрий Мазоренко, фотолар ru.sputnik.kz сайтынан

2021 жылы Қазақстанда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасады дегенге сену неге қиын?

Қарама-қайшылықтар және жаңа басталған егу науқанының қиындығы жөнінде

2021 жылы Қазақстанда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасады дегенге сену неге қиын?

Қаңтардың аяғында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы екпе егу жұмыстарын бүге-шүгесіне дейін жоспарлау керегін айтты. «Бейберекеттікке жол бермеу үшін бүге-шігесіне дейін ескеру керек», – деді президент. Бірақ бұл мәлімдемеге дейінгі және кейінгі бірнеше аптада болған жайттар науқанды дау-дамайсыз жүзеге асыру қиынға соғатынын көрсетеді. Ал мұның себебі шетелдік өндірушілердің екпені жеткізуіне ғана қатысты емес, одан да тереңде жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой егу жұмыстары министрлік үшін бірінші кезектегі мәселе екенін айтып, президенттің ақыл-кеңесіне «жауап» берді. Оның айтуынша, барлық медицина ұйымы қазірден бастап сақтау және тасымалдау бойынша мүмкіндіктерін бағамдап жатыр. Бұл ресейлік "Спутник V" препаратын алдағы уақытта жеткізуге дайындық үшін қажет. Кейбір өңірлерде екпені сақтайтын тоңазытқыштар жетіспейді екен. Министр мұның алдын ала анализ кезінде анықталғанын айтты. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында көп байқалған. 1 ақпанға дейін бәрі реттеледі деп уәде бергенмен, алдағы уақытта жеткізілетін дайын екпенің көлемі артатынын ескерсек, бұл мәселе толықтай шешіле қоймас.

Vlast-қа берген жауабында мемлекеттік бас санитар Ерлан Қиясов егу науқанындағы тасымалдау мәселесі туралы айтып берді. Коронавирусқа қарсы екпені әртүрлі өндірушіден бір дистрибьютер – «СҚ-Фармация» ЖШС алады және оны облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың қоймасына таратады. Кейін препараттарды тиісті температурада сақтап (-18 градус), аймақтағы қоймаларға жеткізеді. Қажет болған жағдайда медицина ұйымдары (ТМККК мен МӘМС аясында тегін медициналық көмек көрсету үшін дәрі-дәрмек алатын ұйымдар) мұғалімдер, дәрігерлер, созылмалы ауруы бар адамдар сияқты әлсіз топтарға егу үшін екпені аймақтағы қоймалардан сұратады. Ал жекеменшік клиникаларда егілу туралы Қиясов: «Шетелдік компаниялардан өз бетінше екпе сатып алу мәселесі барлық елде әлсіз топ өкілдерін иммундау үшін үкіметтің КВИ-ға қарсы екпеге қажеттілігі өтелгеннен кейін қарастырылады», – деп жауап берді.

"СҚ-Фармация" дәрі-дәрмекті тек ТМККК және МӘМС жүйесімен жұмыс істейтін медициналық мекемелер үшін сатып алмақшы.

Жақын арада шешіле қоюы қиын тағы бір маңызды мәселе – екпенің жетіспеуі. Қаңтардың ортасында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков министрліктің бірнеше өндірушімен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Бірақ қалай болғаны үнемі беймәлім қалатын «қалыптасқан жағдайға» байланысты, қазір тек ресейлік және отандық екпені ғана ала аламыз. Десе де, Қиясов Қазақстанның қытайлық Sinovac, Sinopharm және герман-америкалық Pfizer/BioNTech препараттарын алдыруға әлі де мүмкіндігі бар екенін айтады. Бірақ министрлік бұл екпені қандай көлемде және қашан сатып алатынын айтқан жоқ. Тек Pfizer-мен алдын ала келісім жасалғаны және оның Қазақстанға екінші жартыжылдықта келуі мүмкін екені белгілі.

Фото: khabar.kz

27 қаңтарда Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Ресейден сатып алынған «Спутник V» екпесінің 20 мың дозасы аймақтарға жеткізілетінін айтты. Ал 26 ақпаннан бастап Қарағандыдағы фармацевтика кешені өндірген 90 мың доза Қазақстан ішінде жеткізіле бастайды. Үкіметтің жоспарына сәйкес, аймақтар ақпанда 100 мың, наурызда 150 мың, ал сәуірден бастап жыл соңына дейін 600 мың доза алуы тиіс.

Сондай-ақ Қиясов, егу науқанының барлық кезеңін қоса алғанда, қарағандылық кешен 1,88 млн доза өндіруі тиіс екенін мәлімдеді. Қиясов тағы бір сөзінде кәсіпорынның 2 млн доза шығаратынын айтқан. Осыған сүйене отырып, Шоранов пен Қиясов «Спутник V» екпесінің қажет мөлшерін сатып алуға кететін шығынды әртүрлі болжауы мүмкін. Шорановтың деректері бойынша, 2 млн доза 14 млрд теңге тұрады (екі дозасы бар бір препараттың бағасы – $20). Ал Қиясов Vlast-қа берген жауабында егудің бірінші кезеңіне (1 ақпаннан сәуірге дейін) қажет дәрі-дәрмек үшін 1,088 млрд теңге керек екенін айтқан.

Шоранов ұсынған жеткізу жоспарына сүйенсек, бұл ақшаға 250 мың доза сатып алынады. Ал 1,9 млн млн доза үшін (Ресейден алынған 20 мың доза + Қарағандыда шығарылған 1,88 млн доза) шамамен 8,3 млрд теңге қажет.

Қазір қазақстандық екпе сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Ол үшін екпені 3000 еріктіге егіп көру керек. Асылбеков қаңтардың ортасында 3000 еріктінің бәрі егілгенін айтқан. Бірақ екі аптадан соң, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев 2000 адам егілгенін және 590 адам екінші рет қайта егілгенін айтты. Қаңтардың басында Денсаулық сақтау министрі Цой қазақстандықтардың отандық екпені наурыздан бастап салдыра алатынын мәлімдеп еді. Бірақ елдің бас санитары сынақтың III кезеңінің аяқталу мерзіміне қатысты сұраққа: "Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ деректері бойынша, клиникалық зерттеулер аясындағы QAZCOVID-IN отандық вакцинасының КИ III кезеңін шамамен 2021 жылдың маусымының соңына қарай аяқтауды жоспарлап отыр», – деп жауап берді. Ал оны жаппай өндіру қашан басталатынын сұрағанымызда Қиясов, мұны Білім және ғылым министрлігіне қою керек деп, сұрақты жауапсыз қалдырды.

Фото: almaty.tv

Қаңтардың ортасында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та біраз уәде берген еді. Ол премьер-министр Асқар Маминге 2021 жылдың бірінші жартысында 2 млн, екінші жартысында 3-4 млн қазақстандық егілетінін айтқан. Ал Қиясов Vlast-қа берген жауабында егу науқаны жылдың соңына дейін созылатынын айтты. Қолда бар сандарды қосқанда, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сеніп отырған ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін керек 10 млн адам (яғни халықтың 50-60 пайызы) шықпайды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл көрсеткішке тамыз-қыркүйек айларында жақындаймыз деп жоспарлап отыр, ал шын мәнінде ол кезге дейін тек 2-3 млн адам ғана егіле алады.

Басқа өндірушілермен жүргізілген күрделі келіссөздерге және Қазақстанның екпені табысы төмен елдерге тарататын халықаралық Covax бастамасына кіруден бас тартқанына қарағанда, медицина саласындағы шенеуніктердің жалғыз үміті – кенеттен пайда болатын жаппай иммунитет сияқты. Бірақ бұған да сену қиын, себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылы бір де бір елде жаппай иммунитеттің пайда болуы мүмкін емес екенін айтады.

City Research зерттеушілері ұжымдық иммунитет 2021 жылдың соңына қарай қалыптаса бастайды деп болжап отыр. АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты ауқатты елдер жаппай егуді тек екінші немесе үшінші тоқсанда бастамақ. Медициналық препараттарға алдын ала тапсырыстың 85%-ын қамтып отырған да солар. Ал дамушы елдер егу науқанын 2022 жылы ғана бастайды. Covax жобасымен байланысты Gavi ұйымының дерегінше, табыс деңгейі орташа Ресей қазіргі шектеулердің барлығын 2022 жылдың маусымынан, ал табысы сәл төмендеу Аргентина – 2022 жылдың қазанынан кейін ғана ала алады. Қазақстан да қазіргі шектеулерін келесі жылдың маусым-қазан айларында азайтуы мүмкін. Бірақ ол үшін 2021 жылы халықтың көп бөлігі егіліп, екпені сақтау мен тасымалдау ойдағыдай өтуі керек.