5665
22 ноября 2021
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары. Наразылық акциялары. Ақылы Pfizer вакцинасы

Өткен апта жаңалықтарына шолу

Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары. Наразылық акциялары.  Ақылы Pfizer вакцинасы

Өткен аптада Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобасын мақұлдады. Олардың қатарында “балалардың үй жануарларын серуендетуіне тыйым салу”, “судьялардың тәуелсіздігін күшейту” сияқты бірқатар түзету бар. Сонымен қатар, бұл аптада бірнеше наразылық акциясы өтті. Осы және өзге жаңалықтарға Vласть шолу жасап көрді.

Мәжіліс бірнеше заң жобасын мақұлдады

Парламенттің төменгі палатасы жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесі бойынша заң жобасына түзетулер енгізді. Жаңа түзетулер бойынша, Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға үй жануарларын серуендетуге тыйым салынбақ. Бұл заң жобасы, сонымен қатар, мемлекеттік бюджет қаражаты, Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де мекеме, тұлғалар есебінен қаңғыбас жануарларға екпе салу және стерильдеуді жүзеге асыруды қарастырады. "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасы жануарларға қатігездікті насихаттауға БАҚ-қа және насихаттаудың кез келген түріне тыйым салады.

Сонымен қатар, Мәжілістің жалпы отырысында Ресейлік “Еврохим” компаниясы Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысын жалғастыратыны белгілі болды. Компания корпоративтік табыс салығынан, қосымша құн салығынан және мүлік пен жер салығынан босатылмақ. Зауыттың бірінші кезеңі аяқталған, атап айтқанда, тау-кен кешені пайдалануға берілді. Оның базасында жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіру жолға қойылып, қуаты жылына 640 мың тонна орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынған. ИИДМ басшысының айтуынша, инвестиция сомасы – 126 млн АҚШ доллары.

Мәжіліс отырысында бұдан бөлек кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін соттылығы бар адамдардың және терроризм мен экстремизмге қатысы бар адамдардың елге кіруіне тыйым салу жоспары талқыланды. Сондай-ақ, төменгі палата сот жүйесінің тәуелсіздігі үшін Қазақстанда сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін енгізбек.

Наразылық акциялары. Сот Мамай мен Иманбайды жүргізуші куәлігінен айырды. Шеру өткізуге рұқсат ала алмаған белсенділер

Апта басы Ақтөбедегі фермерлердің митингісінен басталды. Азаттық радиосының хабарлауынша, 15 қарашада Ақтөбеде жүз шақты фермер митингіге шығып, ауыл шаруашылығындағы субсидия, су, жайылым мәселелерін көтерген. Жергілікті әкімдік рұқсат берген митингіге Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарының фермерлері де қатысқан. Биылғы қуаңшылық пен өрттен зардап шеккен шаруа қожалықтары Қазақстанның ауыл шаруашылық министрлігіне отыз шақты талап қойған. Оның ішінде субсидия мәселесімен қатар жер құнарын арттыру бойынша арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігі және дала өртімен күресу үшін арнайы техника бөлу сияқты талаптар бар.

Дәл сол күні Алматыда несие амнистиясын сұрап, жүзден астам азамат қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне барды. Наразыларды тіркелмеген “Демократиялық партия” жетекшісі Жанболат Мамай бастап апарған. Жиналғандар тұрмыс жағдайына, жұмыссыздыққа байланысты банктен алған ипотека, несиесін төлей алмай отырғанын, сондықтан несиеге амнистия жариялауды сұрады. Оларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев қабылдап, әркімнің мәселесін жеке-жеке қарастыруға дайын екенін айтты. Ол сондай-ақ бұған дейін 2019 жылы Қазақстанда несие амнистиясы жарияланып, 600 мыңға жуық адамның несиесі кешірілгенін атап өтті. Жиналған азаматтар несие бойынша арыз-шағымдарын жазып, сол жерге қалдырған. Мамай агенттікке мәселені қарастыруға екі апта уақыт беретіндерін айтты. 17 қараша күні ипотекалық қарызын кешіруді талап еткен тағы бір топ әйел Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне барған.

Ал 16 қараша күні жаңалықтарда Жанболат Мамайдың аты-жөні тағы да аталды. Алматыдағы Әуезов аудандық соты “Демократиялық партия” жетекшісі Мамай мен оның әйелі, журналист Инга Иманбайды белгісіз мерзімге жүргізуші куәлігінен айырды. Бұған белсенділердің жаздағы сот шешімі бойынша “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек туралы фильмді өшірмеуі себеп болған. Мұны “саяси іс” деп атаған белсенділер апелляциялық сотқа бермекші.

Еске сала кетсек, көктемде “Демократиялық партияның” Youtube арнасында Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек туралы зерттеу фильмі жарияланды. Ол жерде айтылған сөздерге дәлел жоқ деп Байбек белсенді Жанболат Мамай мен Инга Иманбай сотқа береді. Бірнеше сот отырысынан кейін судья белсенділерді фильмді өшіруге міндеттейді. Алайда сот шешімімен келіспеген Мамай апелляциялық сотқа беретінін хабарлады. Бұған дейін сот шешімін орындамағаны үшін оларға айыппұл салынған еді.

Апта соңы белсенді Әлнұр Ілияшевке Алматы әкімдігінің митинг өткізуге рұқсат бермеуі мен “ҚДТ” қозғалысының митингісімен аяқталды.

Ілияшевке Алматыда 1 желтоқсан сағат 00:01-ден 00:15-ке дейінгі аралықта митинг өткізуге әкімдікке хат жолдаған, алайда оған рұқсат бермеді. Белсенді митинг тақырыбын “Әкім Сағынтаев, Nur Otan партиясын сынағаны үшін сотталған Әлнұр Ілияшевтен Нұрсұлтан Назарбаевқа “сәлем” жолдаңыз” деп атаған. Бұған дейін 16 қарашада құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовке Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы қалада монтаж-жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, шеру өткізуге рұқсат бермегені белгілі болды.

Сенбі күні Қазақстанда “экстремистік ұйым” деп танылған “Қазақстан демократиялық таңдауы” қозғалысының митингісі өтетін Алматыдағы алаңда полиция күзеті күшейді, бірақ ешқандай белсенділік байқалмады. Алаңда интернет істеп тұрды. Азаттық радиосы митинг қарсаңында Шымкент, Ақтөбе қалаларында да бақылау күшейіп, бір адам ұсталғанын хабарлады.

Қазақстандықтар Pfizer екпесін ақылы түрде салдыра алады

Өткен аптада Қазақстанда тәулігіне орташа есеппен COVID-19 инфекциясын жұқтырған 1000–1100 науқас тіркеліп отырды. Ең көп өсім “қызыл” аймақтағы Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды. Ресми дерек бойынша, елде коронавирус пен пневмония жұқтырғандардың жалпы саны 1 045 683-ке жеткен.

Премьер-министр Асқар Мамин БАҚ өкілдерімен кездесуінде жақын арада бүкіл Қазақстан бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, эпидахуалды қалыпты жағдайда ұстап отыруға халықтың вакцина салдыру қарқыны әсер еткен. Қазірге дейін Қазақстанда 7,9 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын салдырған. 12 қарашадан бастап Қазақстандағы 12–17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті және бала емізіп жүрген әйелдерге Pfizer екпесі салына бастады. Қазақстанға 379 мың доза мөлшерінде Comirnaty (Pfizer) вакцинасының бірінші партиясы келіп түсті. Денсаулық сақтау министрлігі екінші партиясы 20 қарашаға дейін келеді деп жоспарлаған, бірақ әзірге бұл туралы ақпарат таратпады.

Сонымен қатар, 16 қараша күні Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа коронавирусқа қарсы Pfizer екпесін ақылы негізде қайта салуға (ревакцинация – V) рұқсат беру мүмкіндігі туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленгенін мәлімдеді. Ревакцинация Қазақстанда 22 қарашада басталды. Әзірге Pfizer вакцинасын салдыру қанша тұратыны белгісіз, бағасы анықталып жатыр, алайда Денсаулық сақтау министрлігі “осы жылдың соңына дейін бұл вакцина айналымға түсуі керек” деп жоспарлап отыр. Бүгінде қазақстандықтарға батыс компаниялары шығарған Pfizer екпесін қоса есептегенде, барлығы 6 вакцина түрі салынып жатыр. Олар: Ресейдің “Спутник V”, Қазақстанның QazVac, Қытайдың Hayat-Vax, Vero Cell және CoronaVac екпесі.