2623
14 июля 2023
Алмас Қайсар, Дмитрий Мазоренко, Власть, фото авторы Владимир Третьяков, hwr.org сайтынан алынды

Орталық Азия: мықты авторитаризм және биліктегі дағдарыс

Аймақтағы билеуші режим халықты күшпен басып, жаңа наразылықтың іргетасын қалап жатыр

Орталық Азия: мықты авторитаризм және биліктегі дағдарыс

Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері бірқатар саяси және экономикалық мәселені бастан өткізді. Билік экономикадан түскен пайданы әділ жаратпағандықтан, аймақ тұрғындары арасында теңсіздік пен кедейлік артып жатыр. Соның салдарынан халық наразылық акцияларына шыға бастады. Бірақ билік оны күшпен басып-жаншып, мәселенің шешімі ретінде декоратив шараларды ұсынумен әуре. Мұның бәрі саяси режим дағдарысына, авторитар сипатының күшеюіне әкеліп соғады. Мамандардың болжамы бойынша, аймақты үлкен әлеуметтік толқулар күтіп тұр.

Украинадағы соғыс пен пандемия Орталық Азия экономикасының нашарлауының басты себебі екені жиі айтылады. Манчестер университетінің постдокторанты, 1991 жылдан бері Орталық Азияның саяси-экономикалық жағдайын зерттеп жүрген Франко Гальдини тұрғындардың шарасыз жағдайына мемлекеттің экономикалық жағдайы тікелей әсер ететінін айтады.

Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасы қоғам және мемлекетке қызмет етуіне мүмкіндік беретін шикізат өнімдерінің экспорты үшін шетел валютасын алуға сүйенеді. Бұл халықты кіріс көзімен, жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін өнеркәсіптік өндіріс тізбегін құруға мүмкіндік бермейді.

«Өнеркәсіп өндірісі шикізаттан түскен пайданың арқасында күн көріп келеді. Кіріс сәйкесінше шикізат бағасы өссе – көбейеді, ал төмендесе – азаяды. Шикізаттан түскен пайда мемлекет басшылығы арқылы, көбіне жеке негізде бөлінеді. Бұл жемқорлықтың көбеюіне әкеліп соғады», — деп түсіндірді Гальдини.

Кент университетінде кикілжіңдерді зерттеу орталығының ғылыми қызметкері болып істейтін Эльмира Сатыбалдиева Орталық Азия елдері 30 жылда шикізатқа тәуелді экономикадан арыла алмағанын айтады. Қырғызстан жуырда бұл қатардан шығуы мүмкін, бірақ бұған себеп елдегі ең ірі Құмтөр кен орнында алтын қоры таусылуға жақын.

«Аймақтағы елдердің өндірістік салаға шетел инвестициясын тартуы да күрделі мәселе, бұл жағынан өз ресурстары бар Қазақстан мен Өзбекстанның жағдайы дұрыстау», — дейді Сатыбалдиева.

Экономикалық жағдайының қиындығына қарамастан, Орталық Азия қоғамы саяси жағынан белсенді емес. Бұған аймақтағы елдерге тек пайдалы қазба көзі және сатылымнан түсетін пайда ретінде қарайтын батыс мемлекеттерінің неолиберал саясаты себеп.

«Әлемдік қауымдастықтың демократия орнатуға көмектесу жоспары о бастан-ақ болмағанын түсінуіміз керек. Оған тек арзан шикізатқа қол жеткізу маңызды болды. Бұл жерде неолиберал саясат пен демократия біртұтас бола алмайды, тіпті қайшы келеді», – дейді Эльмира Сатыбалдиева.

фото bbc.com/russian

Демократия болғанда Орталық Азия елдерінің билігі, көпшілікке ауыр тиген жекешелендіруді бұлай тез жүзеге асыру, әлеуметтік шығын мен қаржы нарығын реттеу мүмкін болмас еді.

Зерттеушінің айтуынша, бірнеше жыл өткен соң неолиберал реформалар бір ғана нәтижеге алып келеді: элита өкілдерінің елдегі билікті басып алуы және капиталдың ат төбеліндей топтың қолында шоғырлануы. Ал бұның салдарынан билеуші таптың легитимді қызметін бұзатын үлкен әлеуметтік жік туады.

Наразылық және оларды басып-жаншу

Орталық Азия елдерінде саяси белсенділіктің төмен екеніне қарамастан, экономикалық жағдайдың қиындығы мен биліктегі дағдарыс халықтың бір тобын наразылық білдіруге итермелейді. 2022 жылы осындай наразылық аймақты тұтастай дерлік қамтыды.

Қазақстандағы митингілер газ бағасының күрт көтерілуінен басталды. Өзбекстандағы наразылыққа Қарақалпақстан Республикасының егемендігі туралы конституциялық заңды жою түрткі болды. Қырғызстандағы белсенділер мен тұрғындар Кемпір-Абад су қоймасының Өзбекстанға берілуіне, саяси қуғын-сүргінге қарсы болып, наразылық ақциясын бастады. Тәжікстанда адамдар жазықсыз қамалып, қаза тапқанына қарамай, билік ешқандай шара қолданбағандықтан, Таулы Бадахшан тұрғындары наразылыққа шықты.

Бұл елдердегі наразылық бірден әлеуметтік сипатқа көшті. Жұртшылық теңсіздік пен саяси элитаның озбырлығына наразы бола бастады. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстандағы митингілер қауіпсіздік күштері мен адамдар арасындағы қақтығысқа, қарапайым халықтың өліміне ұласты. Аталған елдердің ешбірінде әлі күнге дейін бұл оқиғаларға қатысты ашық зерттеу, тергеу жүргізілген жоқ.

Наразылықтан кейін әр мемлекетте құғын-сүргіннің жаңа толқыны басталды.

фото youtube.com

Қазақстанда саяси белсенділер мен журналистерге қысым күшейді. Қарақалпақстанда азаматтық қоғамның еркіндігін шектеді. Тәжікстан билігі Таулы Бадахшанда жекеменшік үйлерде намаз оқуға тыйым салды. Тек ресми ислам орталықтарында ғана намаз оқуға рұқсат етілді. Мемлекет бойынша осындай екі орталық бар. Қырғызстанда сөз бостандығы шектелді, журналистер мен азаматтық белсенділерді аңдып, қысым көрсете бастады. Билік саясаткерлер мен белсенділердің көпшілігін «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп айыптап, қамауға алды.

Бағаның өсуі, соғыс және кедейлік

Соңғы жылдардағы Орталық Азия елдеріндегі басты мәселенің бірі – тұрақсыз инфляция, көбінде әлі күнге дейін өсуде. Азық-түлік қымбаттап, жеткізу жағында келеңсіздік туындап, жанармай бағасы көтерілгенінен ол да өседі. Онымен қоса, экономикаға энергетикалық инфрақұрылымның дағдарысы да кері әсер етеді. Мұның салдарынан кезекпен электр өшіріліп жатыр.

Рубльдің нығаюы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы еңбек мигранттарының табысын арттырды. Жоғарыдағы мемлекеттерде ЖІӨ Ресейдің ақша аударымдарына тәуелді. Осы фактор және Ресейге қайта тауар экспорттау, мобилизациядан Орталық Азияға көшіп келген ресейліктердің ақшасы елдегі экономика жағдайын оңалтты. Түркіменстан мен Қазақстан экономикасына энергия бағасының өсуі оң әсер етті.

Дегенмен, Орталық Азиядағы «жұмысы бар кедейлік» әлі шешімін тапқан жоқ.

Қазақстанда 2,1 млн астам адам өзін өзі жұмыспен қамтитын адамдар: оның 81,4%-ы айына медиана жалақыдан $443 (197224 теңгеден) аз табады. Ал 1,1 млн адам бейресми жұмыс істейді.

Қырғызстанда миллионнан астам адам елде тұрақты жұмыс орнының аздығынан шетелде жұмыс істеуге мәжбүр (бұл экономикалық белсенді халықтың шамамен жартысы). Тәжікстандағы еңбек мигранттарының саны 700 мыңға жуық (шамамен экономикалық белсенді халықтың 30%-ы).

Өзбекстанда 2,3 млн адам жұмыс іздеп елден кеткен, ал еңбекке жарамды жастағы адамдардың жартысына жуығы ресми жұмыс істемейді.

фото azattyq.org

«Егер біз өндірістік сала жұмысшыларын, сондай-ақ қаржы секторында жұмыс істейтіндерді есептемесек, көпшіліктің өмір сүру деңгейі не тоқырауда, не төмендеп барады», – дейді Гальдини.

Адамдардың экономикалық жағдайының нашарлауына әр елде басшылықтың реакциясы әртүрлі. Бірақ бәрінің айтар жауабы «белбеуді қатайту» саясаты болды.

Кейбір мемлекетте бюджет қызметкерлерінің жалақысы артқан, кейде әлеуметтік шығындары да өскен. Алайда бұл әдіс тауар мен қызметтің, әсіресе үйдегі шығынның 40%-50%-ын құрайтын азық-түлік бағасының төмендеуіне әсер еткен жоқ.

Орталық Азия елдерінің басшылары энергетикалық дағдарыстың шешімі ретінде коммуналдық қызметтер мен электр энергетикасының бағасын көтеруді, ал Өзбекстанда токты көп қажет ететін кәсіпорындарды жекешелендіруді ұсынды.

Шикізат экспорттаушы Қазақстан мен Өзбекстан импорт алмастырушы және өндірістік аймақты дамыту тәсілдері риторикасын көп қолданып жүр. Дегенмен, олар бұл бағытта әлі айтарлықтай қадам жасай қоймады.

Легитимділік дағдарысының жалғасуы

Соңғы кездегі экономикалық күйзеліс билеуші топтың заңсыз әрекетін одан сайын күшейте түсті. Орталық Азия елдері мұны еңсерудің түрлі кезеңінен өтіп жатыр.

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда саяси көшбасшылар өзгерді, мұнда олардың тәртібін нығайтуы ғана қалса, Тәжікстан мен Түркіменстан әлі бұл жолдан өткен жоқ. Дегенмен, лауазымды адамдардың, олармен байланысы бар элиталық топтардың ауысуы шынайы өзгеріс әкеліп жатқан жоқ.

«Қазақстандағы Қанды Қаңтар саяси өзгерістер талабына назар аудармайтын, халықтың экономикалық наразылығына мән бермейтін [Орталық Азия] режимінің осал екенін көрсетті. Бұл жағдайда қуғын-сүргін – режимнің тұрақтылығын сақтап қалу жолындағы ұзақмерзімді шешім», — дейді Глазго университетінің Орталық Азияны зерттеу бөлімінің профессоры Лука Анчески.

Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев «Жаңа және әділ Қазақстанды» құру жайлы мәлімдеме жасап, кезектен тыс президент және парламент сайлауын, Конституцияға түзетулер енгізу үшін референдум өткізді. Елдегі өзгерістерге азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуына шектеу қойылып, бұған қатысты көптеген бұрмалау болды. Президенттің «әлеуметтік теңсіздікке жол бермеуіміз керек» деген мәлімдемесіне қарамастан, елде бай адамдардың жағдайы жыл сайын жақсарып жатыр, ал режим азаматтық наразылықтарға қарсы тұруды жалғастырып келеді.

Таулы Бадахшандағы наразылықтан кейін Тәжікстанда қудалау жалғасты. Мұның артында 1994 жылдан бастап президент болған Эмомали Рахмонның билігі оның ұлы Рустам Эмомалиға өтіп жатыр. Елде кейінгі жылдары кем дегенде 8 журналист қамауға алынып, тәуелсіз құқық қорғау орталығы жабылды. Онымен қоса, Ресейге қашқан тәжік белсенділерін және олардың туыстарын ұстау жалғасып жатыр.

Қарақалпақстанды автономиядан айыратын конституцияға енгізілмекші болған түзетулердің жойылғанына қарамастан, Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёев Ислам Каримовтың авторитар жүйесін жалғастырып келеді. Елде саяси тұтқындарға рақымшылық жасайтын және экономиканы либерал жүйеге көшіретін «Жаңа Өзбекстан» саясаты жарияланған, бірақ Мирзиёев өзіне тағы екі мәрте президент болып сайлануға мүмкіндік беретін конституциялық референдум өткізді. Референдум қарақалпақ белсенділері ұсталып жатқанда, саяси бәсеке жоқ жағдайда өтті. Мерзімінен бұрын сайлау 2023 жылдың 9 шілдесіне белгіленді.

фото prezident.uz

2020 жылдың қазан айындағы тағы бір “революциядан” кейін Қырғызстан президенті болған Садыр Жаппаров билігін нығайтып жатыр, соның ішінде Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы да жүзеге асыруда. Жаппаровтың билікке келуі елдегі экономикалық мәселенің шешімін табатын, халық талабын орындайтын нағыз көшбасшыны көргісі келген адамдарға үлкен жауап болды. Жаппаров пен оның жанындағылар қиялдағы президент бейнесін пайдаланып, билік формасын суперпрезидентікке ауыстырды және ірі активтерді иемденіп алды.

«Түркіменстанның жағдайы баяғыдай. Тіптен нашарлап кеткен болуы да мүмкін, — дейді зерттеуші, журналист Брюс Панниер. Гурбангулы Бердымухамедов президенттік қызметін ұлы Сердарға табыстаған. Панниердің сөзінше, БАҚ-та Сердар туғандарына және әкесінің айналасындағы адамдарға сатқындық жасағаны үшін екеуінің арасында кикілжің бар екені туралы әңгіме белсенді тарап жүр. «Дегенмен, биыл парламенттің жоғарғы палатасын Халық мәслихатына айналдыру реформасы болды. Бұл палатаны Гурбангулы Бердымухамедов басқарады, бұл маңызды саяси шешімдердің экс-президент мақұлдағаннан кейін ғана қабылданатынын білдіреді».

Бұл саяси процесстердің даму контекстіндегі маңызды жағдай — Украинадағы соғыс және оның салдарынан ірі геосаяси ойыншылар арасында қақтығыс күшеюі.

Орталық Азия елдері басшыларының бұған қатысты ойы біржақты емес. Өйткені бұның пайдасымен қоса қаупі де бар. Батыстың Ресейді маргиналдауы аясында олар посткеңестік елдердегі ірі экономика саналатын Ресейге өз талаптарын айта алуына көбірек мүмкіндік туды. Ал бір жағынан, олардың көбінің легитимділігі, басқасымен қатар, Ресейдің күштік құрылымына байланысты. Ол аймақтағы елдерде болып тұратын жаппай наразылықты тоқтату үшін (Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезіндегіндей) қолдануға қатыса алады.

Бұл ретте Орталық Азияның қазіргі және бұрынғы көшбасшыларының легитимділігі мемлекеттегі экономикалық және геосаяси мәселелерді шешуге тек олар қауқарлы сынды ой негізінде құрыла бастады. Олар қоғамдық жүйені қайта құруға, әлеуметтік әділеттілік және сыртқы саяси тұрақтылық жөніндегі халық талабын орындауға ниетті екенін жиі айтады. Бұл оларға басқа саяси институттар мен оппозицияны көлеңкеде қалдырып, өзін мәселені шешетін халықтың ішіндегі жалғыз саяси өкіл ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Орталық Азия елдерінің болашағы қандай?

«Орталық Азияда режим танып қойған прогресс идеясы енді жаңашылдық иллюзиясы ретінде нығайып келеді — Тоқаев және Мирзиёев алға тартып отырған — «Жаңа Қазақстан», «Жаңа Өзбекстан». Дей тұрғанымен, Каримов саясаты мен Мирзиёев кезіндегі Өзбекстандағы авторитар авторитар жүйесінің (ол да дегенмен жылдамдығын жоғалтуда) айырмасын байқасам да, Назарбаевтан кейін Қазақстанда не «жаңарғанын» мейлінше түсінуге тырысып көрдім», — дейді Лука Анчески.

Ресей мен Еуразияны зерттейтін Берлиндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Омаров Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ешқандай да құрылымдық реформа жүргізбегенін және алдағы уақытта да жүргізбейтінін айтады. Ал Тәжікстан мен Түркіменстан билігі бұрынғыдай тұрақтылықты жоғалтып алмауға бағытталған.

фото akorda.kz

«Дегенмен режим бәрібір нығайып жатыр. Биліктегілер кей мәселеге құлақ асып, мойындап жатады, өйткені халықтың көп бөлігі жас және белсенді, бұрынғыдай емес, технология әлемінде өмір сүріп жатыр. Әрине, кейбір дүниенің өзгеріп жатқанын да жоққа шығара алмаймыз», — дейді ол.

Ескі саяси элита популизмге деген сұранысты көріп, соған бейімделіп жүр, деп бұл ойды Эльмира Сатыбалдиева да жалғастырды. Бірақ элита шынайы өзгерістерді әуде етпейді. Оның айтуынша, президенттер белгілі элиталық топты “ерікті түрде” мемлекет капиталын қайтаруға мәжбүрлеп, жемқорлықпен күресіп жүргендей сынай танытады. Сонымен қатар декоратив саяси институттар құрылып, барлығы осымен аяқталып жатыр.

«Алайда ешбірі ресурстарды қайта бөлуге және қай жаққа кетіп жатқанын анықтап жатқан жоқ, әрі тырыспайды », — дейді Сатыбалдиева.

«Өңірдегі саяси элита балама шешім ұсынбағандықтан, елдегі әлеуметтік толқу қайталану жағдайы бар. Оның үстіне Орталық Азияның экономикалық жағдайы да мәз емес. Ерте ме, кеш пе, ресурстың бәрі таусылып, елде қаржы дағдарысы басталады», — деп түсіндірді Сатыбалдиева.

Франко Гальдинидің айтуынша, шикізат экспортының жергілікті индустриядан басым болуы елде жұмыссыз не ішінара жұмыссыз адамдардың көбеюіне ықпал етеді. Ал қарқындылығы күшейе түсетін қуғын-сүргінсіз, оларды ауқымды наразылықтан сақтап қалу мүмкін емес.

Омаровтың сөзінше, Орталық Азия елдері үшін теңсіздік пен экономикалық жағдайдың нашарлығынан бөлек, элитаның бөлінуі де үлкен мәселе болмақ. Ал бұл билік ауысқан кезде жүзеге асуы мүмкін.

«Тоқаев, Мирзиёев және Рахмонның қартайып қалғаны бәрімізге белгілі. Ерте ме, кеш пе олар саяси режимдерін қалай сақтап қалуды ойлай бастайды. Бұл шыдамды қажет ететін процесс болмақ. Ойлағандары іске аспай қалуы да мүмкін», – дейді ол.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Lest diesen Text auf Deutsch (Novastan.de).