5039
15 марта 2024
Светлана Ромашкина, Власть, суретті Дулат Есназар түсірген

Төрт жыл бұрын пандемия басталды. Қандай сабақ алдық?

Коронавирус бізге медицина мен ғылымды дамытуға мүмкіндік берді

Төрт жыл бұрын пандемия басталды. Қандай сабақ алдық?

Ресми дерекке сүйенсек, әлем бойынша 7 миллионға жуық адамның өмірін жалмаған пандемия басталғалы да төрт жыл өтті, көп жайттар ендігі ұмытылып та кетті. Алайда, ауық-ауық оқшаулануға тура келген алғашқы екі жыл, карантин шаралары, тест пен вакцина жасау, вирустың мутациясы бізге біраз сабақ болғаны анық және оны естен шығаруға әсте болмайды. Бұл адамдардың бір-бірімен бетпе-бет қарым-қатынас құру құндылығы, денсаулықтың тым нәзік екені және сонымен бірге күллі әлемнің вирустың алдында ғана емес, қастандық теориясының алдында да қауқарсыздығы көрінген жағдай. Ал ең бастысы – ақпаратқа қол жеткізу, бұл қазірге дейін толық көлемде жүзеге асып жатқан жоқ.

Екі жыл бұрын Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі пандемияны екінші кезекке ысырғандай болды да, біз болған жағдайдан ой қорытып үлгермедік. Алайда, ғалымдар болашақта вирус Х пандемиясы болуы ықтимал деп дайындалып жатыр, бұл бізге ой салуға тиіс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылдың 11 наурызында пандемия деп жариялады, ал 13 наурызда еліміздің сол кездегі бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшиннің сөзімен айтқанда, «ақыры коронавирус Қазақстанға да келіп жетті».

Жарты жылдан бері ашылмай тұрған coronavirus2020.kz ресурсында жарияланған ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда коронавируспен бір жарым миллионға жуық адам ауырған (бұл 2023 жылдың наурыз айындағы дерек), 19 071 адам қайтыс болған. Вирустың басқа құрбандары туралы, соның ішінде өлім санының шектен тыс көптігі, ковид салдарынан болған асқыну туралы басқа ештеңе белгісіз. Біз тек тромб пайда болумен байланысты жағдайлардың біразы коронавируспен байланысты болуы мүмкін, ал диабеті бар адамдар бұл ауруды ауыр өткереді деп қана жорамал жасай аламыз.

Коронавирустан нақты қанша медицина қызметкері қайтыс болғанын да білмейміз, өйткені мұндай статистика пандемияның бастапқы айларында ғана жарияланды.

Антибиотиктерді бақылаусыз ішу де өз алдына бір мәселе, соның ішінде азитромицин мен цефтриаксонды қазір де жай ғана суық тию кезінде де ішетіндер бар, мұның барлығы антибиотикке төзімділікке қалай әсер еткені әлі белгісіз. Бұл бағыттағы зерттеу енді ғана басталатын сыңайлы.

Пандемия бастала салғаннан-ақ статистикада бір жүйе болмады: біресе аурудың айқын белгісі жоқтарды, енді бірде пневмониямен ауырғандарды, біресе керісінше пневмониясы жоқтарды тізімге қоспады. Ақыры Қазақстан халықаралық ақпарат кеңістігіне әлемге түсініксіз пневмонияға орай эпидемия жүріп жатқан ел ретінде танылды. Содан кейін барып шенеуніктеріміз мұның коронавирус инфекциясы екенін, тек оның ковидтің жалпы статистикасына кірмей қалғанын айтып, түсіндіруге тура келді.

Бұлай айту дұрыс емес болса да, пандемия бізге ауқымды зерттеу жүргізуге тамаша мүмкіндік тудырды, денсаулық сақтау саласындағы осал тұстарымызды айқындады және келесі бір аурудың тұтануына дайындалуға мұрсат берді деуге болады. Пандемия елімізде антиваксерлердің қаншалық кең қанат жайғанын сезінуге жол ашты, нақты медицинаға сенімнің жоқтығын көрсетті, сонымен бірге статистика қуудың қауіпті және мәнсіз екенін дәлелдеп берді.

Балалар жеткілікті деңгейде екпе алып жатыр деп есеп бере беруге болады, алайда қызылша мен көкжөтел өршіген уақытта бетпердеміз ашылып қалады. Қалада көкжөтелді анықтайтын жалғыз ғана зертхана болса да, вирусты алдай алмайсың және дәрігерлер дұрыс диагноз қояды. Сондай-ақ, қызылша шыққанын қанша жерден жасырып-жауып, оны рәсімдеуді кешеуілдеткенмен, ауру бюрократияның қыспағында қалып кетпейді.

Мұның жалғыз ғана пайдасы бар – халықаралық статистикада әлдеқашан екпенің көмегімен тұншықтырылған ауру бойынша көш бастап тұрудан құтыламыз, бірақ азаматтарымыздың ол аурулармен ауырып, өлім құшуы жалғаса береді.

Пандемия кезінде әлемде вакцина жасау барысында өте қысқа мерзімде заманауи технологиялар қолданылды, біз бірінші кезекте РНК мен көпвекторлы вакциналар туралы айтып отырмыз. Қазақстан да өзінің QazVac вакцинасын жасады. Бұл инвактив вакцина баяғыдан қалыптасқан, ескі технология бойынша жасалды. Біздің вакцинамызды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген жоқ, алдағы уақытта да тіркей қоюы неғайбыл. Себебі бізде өндірістің толық тізбегі жоқ. Ал бұл уақытта әлемде жаңа РНК вакциналарды жасау жұмысы жүріп жатыр, бұл – болашақтың технологиясы, ал ол Қазақстанда жоқ.

Өкінішке қарай, вакцина өндірісіне белсенді араласқанмен, ең болмаса тұмау мен желшешекке қарсы өз вакцинамыз жоқ.

Пандемиядан кейін халықтың бір бөлігі жыл сайын тұмауға қарсы екпе алатын болды, ҚПҚ-қа қарсы екпені жаңартып тұруға мән бере бастады. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі белгіленген шеңберден және тендердің ережесінен шыға алмайды, сондықтан да адамдарға ең болмаса вакцинаны таңдауға мүмкіндік бере алмайды: жылдар бойы ресейлік Гриппол вакцинасын сатып алып келеміз, ал оның құрамында әсері түсініксіз полиоксидоний деген зат бар. Қызылша ауруы қатты өршіп, ата-аналар тек үнді вакцинасын ғана алмау туралы қанша шырылдағанымен, бұл біздің шенеуніктерге әсер еткен жоқ. Антиваксерлерді қанша жерден кінәлағанымызбен, бізде қандай екпе алуға келгенде таңдау да жоқ. Желшешек пен адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпені тіпті ақшаға сатып ала алмайсың.

Биылғы күзде Денсаулық сақтау министрлігі қыз балаларға қатерлі ісіктің алдын алатын АПВ-ға қарсы екпе салуға тағы бір талпыныс жасайды. Мемлекет антиваксерлердің айғау-шуы мен қысымынан қорқып, тағы да кері шегінбес деп үміттену ғана қалып тұр.

Пандемия мемлекеттің жалған ақпаратпен шынайы күресуге мүдделі емес екенін көрсетті. Шенеуніктеріміз биік мінбелерде жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тарту керек деп сенімді түрде айтқанымен, ең белсенді деген антиваксерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін қозғалған істің бірде-біреуі сотқа дейін жетпегені – бұлтартпас факті. Бұл аз десеңіз, мемлекет дәстүрлі медицинаға жатпайтын қызмет көрсету саласына мүлдем назар аудармайтындай әсер қалдырады: қазір балаларға да хиджама жасап, сүлік қоя береді, диетаның көмегімен аутизмді емдейміз деушілер, ал вирустық ауруларды браслеттің көмегімен жеңеміз дейтіндер пайда болды.

Пандемия кезінде дәлелді медицинаның беделі бұрынғыдан бетер құлдырап кетті, ал дәрігерлерге күш көрсету жиіледі: дәрігерге жұдырық сілтеу полицейлерге қол жұмсағандай қорқынышты емес, ол аздай, көп жағдайда іс тараптардың бітімге келуімен аяқталады.

Пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейтінін бәріміз көрдік. Ол уақытта мөлшерден тыс жұмыстың өтемін ақшамен толтыруға тырысты, ал пандемия аяқталған соң, барлығы бәз-баяғы қалпына келді.

Пандемия тек медицина қызметкерлері ғана емес, вакциналар, дәрілер, жаңа препараттар жасайтын ғалымдардың да ауадай қажет екенін көрсетті. Ондаған жыл бойы білікті мамандар елден кетті, қазақстандық ғалымдар туралы Gylym Faces жобасы кейіпкерлерінің айтарлықтай бөлігі шетелде тұрады. Қазақстан оларды елге қайтару туралы енді ғана ойлана бастады. Елге шақырып алғанмен, оларға ғылымды дамытуға қандай мүмкіндік беріп, қандай ресурс ұсына алатынымыз бөлек мәселе.

Пандемия кезінде бізге сабақ болған жағдайлар бар ма?

Мемлекет үшін жауап бере алмаймын, ал өзім 2020 жылдан бері қолға арналған санитайзерді тастамаймын, сәл суық тиюдің белгісін байқаған болсам үйден шықпаймын және қызылшаға қарсы екпе алдым. Егер X вирусы келсе, мұның өзі жеткіліксіз, бірақ жоқтан жақсы.