5664
13 декабря 2021
Назерке Құрманғазинова, фото Алмас Қайсардікі, Vласть

“Несие амнистиясын” талап еткен халық. Зейнетақы қорынан ақша алу сарсаңы

Өткен аптада қандай маңызды оқиғалар болды?

“Несие амнистиясын” талап еткен халық. Зейнетақы қорынан ақша алу сарсаңы

Өткен апта түрлі жаңалыққа толы болды. Атап өтетін болсақ, қазақстандық ProTenge жобасы мен оның негізін қалаушы Жәмила Маричева бүкіл әлем бойынша белсенділер мен журналистерге АҚШ Мемлекеттік департаменті жыл сайын беретін “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрескер" (Anticorruption champions) атағына ие болды. Мемлекеттік сатып алу, жемқорлық тақырыбында зерттеу жүргізетін ProTenge жобасы және Жәмила Маричева – мұндай атаққа ие болған Қазақстанның алғашқы өкілдері.

Сонымен қатар, өткен аптада халық санағының қорытындысы бойынша, Қазақстан халқы 19,17 млн адам екені белгілі болды. Оның ішінде ерлер – 48,71%, әйелдер – 51,29%. 33,97% – 17 жасқа дейінгі балалар, ал 14–28 жас аралығындағы жастар 19,72%. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өткен ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі туралы есепті ұсынғанда мәлімдеді.

Несиесін кешіруді сұраған жүздеген адам Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жиналды

9 желтоқсан күні жүздеген азамат Алматыдағы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жиналып, несие амнистиясын жариялауды сұрады. Олар өткен аптада әлеуметтік желіден бірнеше адамның кредиті кешірілгенін естіп, агенттікке қайта жиналғанын айтқан. Талап етушілер әлеуметтік жағдайының нашарлап, несие мен тұрғын үй үшін алған ипотекасын жаба алмайтынын айтып, бұған дейін де агенттікке барып жүрді. Оларды Қазақстанда тіркелмеген “Демократиялық партия” жетекшісі Жанболат Мамай бастап апарды.

Бейсенбі күні жиналған халыққа агенттік өкілдері шығып, әрқайсынан өтініш жазып қалдырып, тарауын сұрады. Олар бұл өтінішті несие берген ұйымдарға, яғни тікелей банктерге жіберетінін мәлімдеді. Агенттік өкілі 1 қарашада бекітілген заң бойынша, азаматтар бірінші кезекте банктерге баруы керек екенін атап өтті.

“Биылғы жылдың 1 қазанынан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін мерзімі өткен қарыздарды реттеу механизмі заңды түрде енгізілді. Ең алдымен, мерзімі кешіктірілген жағдайда азаматтар несие берушіге тікелей хабарласуы керек. Несие берушілер өтінішті 15 сағат ішінде қарайды. Олар азаматтардың ұсынысын қанағаттандырып, өз шартын ұсына алады немесе дәлелді бас тарта алады. Кредитордың жауабымен келіспеген жағдайда азаматтар агенттікке жүгіне алады”, – деді Қаржылық қызметтерді және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Ернар Оразбаев.

Фото авторы: Алмас Қайсар

Агенттік жиналған халыққа Жанболат Мамай “несиеге рақымшылық жасалатыны жайлы дәйексіз ақпарат таратқанын” айтып, белсенді “саяси мақсаттарын іске асыру үшін елді адастыратынын” мәлімдеді.

Жанболат Мамай Vласть порталына берген жауабында “несиелік амнистия” туралы жалған ақпаратты таратпағанын және оның үстіне жеке саяси мақсаттар қоймайтынын мәлімдеді: “Кеше әлеуметтік желілерде және кейбір чаттарда бұл туралы айтқан бір әйелдің дауыстық хабарламасы тарады”.

Мамай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде бірнеше рет болғанын, ведомство басшылығымен бірнеше рет кездесу өткізгенін және “олар халықтың барлық өтінішін қабылдағанын” атап өтті.

“Барған халықтың кейбір мәселесі шешілді, яғни біреуге кесте жасап берді, біреудің есепшоттары бұғаттан шықты. Ал бізді “жалған ақпарат таратты” деуге ешқандай негіз жоқ. Біз сол агенттікке бірнеше рет барғанбыз, департамент басшылығымен кездестік. Сондықтан біздің тарапымыздан жалған ақпарат айтылған болса, неге дәл сол кезде айтылмаған еді?! Мысалы, сол кезден түсірілген тікелей эфирдің бәрі бар. Жеке саяси мақсаттың ешқандай қатысы жоқ бұл жерде. Мен сол жерге бірнеше рет бардым, барған адамдардың бірде-біреуіне “демократиялық партияның қатарына қосылыңдар” не болмаса “митингіге шығыңдар” деген сөзді айтқан жоқпын. Тек қана агенттіктің басшылығы адамдарды қабылдауы керек, халықпен диалог орнатуы керек, әр адамның мәселесін шешуі керек екенін айттым. Ал енді олар “оның саяси мақсаты бар” деп жалған ақпаратты әдейі таратып отыр. Ол негізінде ешқандай шындыққа жанаспайтын нәрсе", – деді ол.

Мамай бұл тәсіл биліктің жалпы халықтың мәселесін шешуге құлықсыздығын көрсетеді деп есептейді: “Оларға халықтың мәселесін шешкеннен гөрі мені жалған ақпарат таратты деген жеңіл”. Демократиялық партия жетекшісі елге шынымен де несие амнистиясы керек деп есептейді.

Кейін полиция “несиеге рақымшылық” туралы жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Дмитрий Акмаев Sputnik Қазақстан редакциясына берген сұхбатында “қаржылық жағдайы нашарлағаны дәлелденген азаматтардың ғана несиелік жүктемесін жеңілдету бойынша несие берушілер тарапынан шаралар қабылданатынын” айтты.

Бұған дейін Қазақстанда несие амнистиясы тек бір рет болды. 2019 жылы коронавирус пандемиясы өршіген кезде жарты миллионнан астам адамның 300 мың теңгеге дейін несиесі кешірілді.

Фото авторы: Алмас Қайсар

Зейнетақы қорынан ақша алу сарсаңы

Зейнетақы қорынан ақша алудың жаңа шартына байланысты халықтың наразылығы артқан тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қазіргі қолданыстағы зейнетақы жинағының жеткілікті шегін қолдану мерзімін 2022 жылғы 1 сәуірге дейін ұзартуды тапсырды.

Зейнетақы қорындағы ең төменгі шек мөлшеріне жеткен салымшылар қордағы қаржысының бір бөлігін үй жағдайын жақсартуға, емделуге және инвестициялық басқаруға бере алады. Президент мәлімдемесінен кейін “Отбасы банк” АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова 16 желтоқсаннан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағын тұрғын үй депозитіне аудара алатынын хабарлады. Ол, сондай-ақ, біржолғы зейнетақы төлемдерін “Отбасы банктің” 200 мыңға жуық салымшысы пайдалана алатынын айтты. Соңғы ресми деректер бойынша, зейнетақы жинағын тұрғын үй депозитіне аудару бойынша банкке 20,7 мың өтінім келіп түскен.

“Отбасы банк” басқармасының төрағасы қазақстандықтарды “филиалдарға бармауға” шақырды, себебі бейнеқоңырау, мобильді қосымша, онлайн-сервис арқылы өтініш қалдыруға болады.

Сонымен қатар, зейнетақы қаражатын «Отбасы банкке» аударған кезде қазақстандықтар үш жыл ішінде тұрғын үй несиесін рәсімдеуі қажет. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қойған жаңа бұйрықта жазылған. Сондай-ақ, салымшылар бұл қаражатқа жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін сатып ала алады, бірақ салымды кепілдікке беруге болмайды.

Бұған дейін Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры зейнетақы жарнасының алуға болатын сомасының төменгі шегі келер жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгеретінін хабарлаған еді. Жаңа өзгерістер бойынша ең төменгі жеткілікті шек шамамен екі есеге дейін өсетін болды. Мысалы, 40 жастағы азаматтар зейнетақы қорынан ақша шешу үшін бұрын қорда міндетті түрде қалуға тиіс ақша 3,4 млн теңге болса, жаңа шарт бойынша 5,7 млн теңге көлемінде.

БЖЗҚ-ның бұл мәлімдемесі көпшіліктің наразылығын тудырып, алматылық белсенді Дархан Шәріпов жалғыз өзі пикетке шықты, ал тағы бірі БЖЗҚ мен Еңбек министрлігін сотқа берді. Сонымен қатар, зейнетақы қорындағы жеткілікті мөлшерден асқан ақшаны алу шартын қиындатпауды талап еткен онлайн петицияға 55 мыңнан астам адам қол қойып үлгерді.