5577
20 декабря 2021
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Белсенділер Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды. Кіші Талдыкөлді көму жалғасуда

Өткен аптадағы оқиғаларға шолу

Белсенділер Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды. Кіші Талдыкөлді көму жалғасуда

16 желтоқсанда бірнеше оппозициялық қозғалыс белсенділері Алматы қаласындағы Республика алаңында Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын еске алды. Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия белсенділері құрбандарға құран бағыштады, ал Oyan, Qazaqstan! белсенділері перформанс өткізді.

16 желтоқсан

Алаңда алдымен желтоқсаншылардың, қала әкімінің, партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерінің Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою дәстүрлі рәсімі өтті. Ал сағат 11-ден өте бере Республика алаңының маңында мобильді интернет өшіріліп, полиция алаң орналасқан көшелердегі көлік қозғалысын жапты: Абай көшесінен Тимирязевке дейінгі Желтоқсан көшесі, Наурызбай батырдан Назарбаев көшесіне дейінгі Сәтбаев көшесінде қозғалыс шектелді.

Сонымен қатар, осы жолғы акция кезінде полиция қызметкерлері кейбір журналистерден қызметтік куәліктерін ғана емес, сөмкелерін де ашуды талап еткен. Журналистердің қызметін реттейтін бірде-бір құжатта мұндай талап көрсетілмеген.

Сағат 12:00-де Желтоқсан ескерткішіне тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай келіп, жүзге жуық жақтасымен бірге Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарына құран бағыштады. Кейін олар “Жаңаөзен мен Желтоқсанды ұмытпаймыз және кешірмейміз!” деп айғайлап, Тәуелсіздік монументіне қарай шерулетіп өтті. Алаңға жиналған белсенділер кезек-кезек сөз сөйлеп, 10 жыл бұрынғы Жаңаөзен оқиғасына кінәлілер әлі жазаланбағанын, бұл мереке емес, қаралы күн екенін атап өтті.

“Біз бұл күнді 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасындағы құрбандарды еске алатын ұлттық аза тұту күні деп есептейміз. Себебі дәл осы күні 10 жыл бұрын қазақстандық күш құрылымдары мен полиция қарусыз ереуілге шыққан мұнайшыларға оқ жаудырды. Ресми дерек бойынша Жаңаөзенде 16 адам, Шетпеде 1 адам қайтыс болды, бірақ нақты санын ешкім білмейді. Себебі, біздің ойымызша, тиісті зерттеу жүргізілген жоқ”, – деді Жанболат Мамай.

Бірер уақыттан кейін полиция мен әкімдік өкілдері Демократиялық партия белсенділерінен алаңнан тарауды талап етіп, әкімшілік жауапкершілікке тартатынын ескертті. Алайда алаңдағылар сөзін жалғастыра берді.

Сонымен қатар, осы уақыт аралығында Oyan, Qazaqstan! қозғалысының белсенділері “Желтоқсан” ескерткішінің алдында перформанс өткізді. Олар арқасында нысана бейнелеген ақ костюм киіп, үстіне қызыл бояу шашты. “Бұл дәл осыдан 35 жыл бұрын алаңда жас студенттердің қаны төгілген оқиғаны бейнелейді” деді белсенділер.

Полиция мен автозактардың айтарлықтай көп болуына қарамастан, акция қатысушылары алаңда ұсталмады. Бірақ алаңға бармақшы болған бірнеше адамның ұсталғаны белгілі болды. Атап айтқанда, Oyan, Qazaqstan! белсендісі Бейбарыс Толымбеков, Жанель Шаханова және Азиза Есмағанбетова акция басталғанға дейін ұсталды. Оларды Алатау аудандық полиция бөліміне жеткізіп, біраз уақыттан кейін босатқан.

Qaharman құқық қорғау бастамасы 16 желтоқсанға жоспарланған митингілер алдында Қазақстан бойынша 18 белсендінің ұсталғаны туралы хабарлады. Көпшілігі Алматы мен Астанада, сондай-ақ, Шымкент, Степногор және Орал белсенділері де ұсталған. 15 белсенді бейбіт жиналыстар өткізу туралы заңды бұзғаны үшін 10-нан 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.

Кіші Талдыкөлді көму әлі күнге дейін жалғасуда

Кіші Талдыкөлді сақтап қалу мақсатында құрылған SOS.Taldykol тобының белсенділері Instagram парақшасында көлдің терең аумағын көму жұмыстары басталғанын хабарлады.

Белсенділердің сөзіне қарағанда, 16 желтоқсанда құрылыс жұмыстары “Ақ Дидар” тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы учаскеге жақындаған. Олар құрылыс техникасы жұмыс істеп жатқанын көрсетіп, суреттер жариялады.

“Суретте “Ақ Дидар” ТК-ге қарама-қарсы көл аумағы бейнелеген. Бұл жерде күз кезінде, жаңбырлы күнде жүздеген құсты сыртынан бақылай алатынбыз. Қазір бұл жерде техника жұмыс істеп, мұзды жарып, бірден құрылыс қоқыстарымен бірге топырақ төгіп жатыр. Бөгет кеңейтіліп, су қоймасы қысқаруда”, – деп жазылған топ белсенділерінің парақшасында.

18 желтоқсанда топ белсенділері осы аймаққа мониторинг жүргізіп, оның тереңдігін өлшеді. Техника жұмыс істейтін жерден жиырма метр қашықтықта көлдің тереңдігі үш метрге жетеді, ал кейбір жерлерде үш метрден асады.

Бұған дейін әкімдік көлдің таяз аумақтары ғана көмілетінін хабарлаған болатын:

“Тереңдігі 20 см-ден төмен әрі қауіпті, батпақты Кіші Талдыкөл маңы қалпына келтіріліп, абаттандырылады. Онда әлеуметтік нысандар, яғни тұрғын үйлер, мектептер, медицина орталықтары салынады”. Әкімдік сонымен қатар, Кіші Талдыкөл суының түбін тереңдету жұмыстары жүргізілмесе, бірер жылдың ішінде құрғап қалуы мүмкін деп есептейді.

Еске сала кетсек, былтыр шілдеден бері елорда тұрғындары Есіл ауданындағы Кіші Талдыкөл көлі топырақпен көміліп жатқанын біліп, мұның экологияға зиян екенін айтып келеді. Содан бері белсенді тұрғындар жұмыс тобын құрып, көлді қорғау мақсатында 12 мың қол жинап, президенттің кеңсесіне тапсырды. Сондай-ақ, олар Кіші Талдыкөлді көму Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық экологиялық конвенцияларға қайшы келетінін бірнеше рет атап өтті. Жергілікті арт-қауымдастық көлді көмуге қарсы бірнеше акция өткізіп, олардың бірі ұсталып, айыппұл алды. Қыркүйекте қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов “Нұр Отан” партиясының кеңсесіндегі белсенділермен кездесу кезінде барлық мән-жай анықталғанға дейін көлді көму тоқтатылады деп уәде берді. Көп ұзамай белсенділер қайта көму жалғасып жатқанын және сол кезде көлде фламинго бар екенін көрсететін видео жариялады. Қазір экология министрлігі де, қала билігі де көлді сақтауға уәде беріп келеді, бірақ шамамен 602 гектар су аймағының тек 20 пайызы сақталмақ.

Зейнетақы жарнасы төңірегінде тағы да өзгеріс

Өткен аптада зейнетақы жарнасын шешуге тағы да өзгеріс енгізілді. Жаңа талап бойынша, тұрғын үй сатып алуға зейнетақы төлемін пайдалану мерзімі екі есеге қысқарды. Енді зейнетақы жинағын 20 жұмыс күні ішінде баспана мәселесін шешуге пайдалануға болады, ал бұрын бұл мерзім 45 күн еді. Осы уақыт ішінде салымшы алынған қаржыны пайдаланып үлгеруге тиіс, әйтпесе олар БЖЗҚ шотына қайта оралады.

Сонымен қатар, мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағының жаңа жеткілікті шек мөлшерін есептеу әдістемесінде маман біліксіздігінен не әдейі қателік бар жіберілген деп есептейді. Ол үкімет басшысы Асқар Маминнен барлық көрсеткішті қайта есептеуді, сондай-ақ әдістемені әзірлеуге жауаптыларды жазалауды сұрады.

“2021 жылғы 6 қаңтардағы өзгерістер мен толықтыруларда енгізілген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шек мәнін айқындау әдістемесі “Зейнетақымен қамсыздандыру туралы” заң нормаларына сәйкес келмейді. Заңға сәйкес, жеткілікті шек – ең төменгі зейнетақыдан төмен емес, ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасы. Алайда әдістемеде ең төменгі жалақы көрсеткіші қолданылған. Шектi ең төменгi зейнетақы көрсеткiшi 46,3 мың теңге орнына ең төменгi жалақы мөлшерi алынған. Бұл жеткiлiктi шектiң орта есеппен 64%-дан 83%-ға өсуіне әкелдi”, – деді Жамалов.

Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, БЖЗҚ-да жеткілікті шек мөлшерінің ең төменгі шегін есептеу кезінде мүдде қақтығысы бар. Жамалов БЖЗҚ зейнетақы активтерін ұстаушы ретінде “қаражатты алуға мүдделі емес”, сондықтан жеткілікті шекті есептеуді оның құзыретіне қосуға болмайды деп есептейді.

“Мұнымен еңбек министрлігі айналысуы керек. Ал БЖЗҚ тек оператор қызметін ғана атқара алады – зейнетақы шоттарын жүргізу, жарналарды есепке алу, жинақтаушы зейнетақы төлеу сияқты”, – деп түсіндірді депутат.

Осыған байланысты депутат премьер-министрден жеткілікті шекті есептеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланбауын, 2022 жылға арналған ең төменгі жеткілікті шекті қайта есептеп, оған уәкілетті орган ретінде еңбек министрлігін бекітуді сұрады.