5013
23 мая 2024
​Бейімбет Молдағали, Власть, Астана, фотоларды Алмас Қайсар, Кира Прейс және Тамара Вааль түсірген

«Ақша үнемдеп, су тасқынына дайындалмай, шығынды өтей салу арзанға түседі»

Қазақстанда су ресурстары туралы нақты дерек те, су тасқынына жүйелі дайындық та жоқ

«Ақша үнемдеп, су тасқынына дайындалмай, шығынды өтей салу арзанға түседі»

Наурыздың аяғында Қазақстанда тағы да су тасыды. Бұл кейінгі жылдардағы ең ауқымды тасқын болды. 120 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды.

Қазақстанды жыл сайын су басады және тасқын көбіне белгілі бір өңірлерде болады. Болжам мен бөлінген миллиардтарға қарамастан, билік тағы да тасқынға дайын болмай шықты.

Мамандар елде тасқынды тек көктемде еске алатындықтан, су келгенде жүйесіз дайындықпен бетпе-бет келеміз деп санайды. Мемлекетке мәселені шешкеннен гөрі қысқа мерзімді шешімді таңдап, соған ақша салу оңайырақ. Сонымен қатар мамандар климаттың өзгеруіне байланысты су тасқыны күшейе түсуі мүмкін дейді. Бұған қоса қазір әлем су айналымын бұзады деп су қоймасын салудан бас тартып жатыр, ал Қазақстан 2030 жылға қарай 28 жаңа қойма салуды жоспарлап отыр.

«Көктем келгенде көрерміз», – деді төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ақпанда су тасқынына дайындықты айтқан брифингте. Биыл ақпанда министр болған президенттің қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы «Қазгидрометтің» болжамына сүйене отырып, Қазақстанның 12 облысында су тасқыны болуы мүмкін екенін хабарлады. Одан кейін төтенше жағдайлар министрі дайындық жұмысы толық жүргенін айтып, әрекет ету алгоритмі дайын екеніне сендірді. Бір аптадан кейін министрлік 10 облыста елді мекендерді су басу қаупі бар деп хабарлады.

Наурыздың аяғында «алапат су» келіп, әсіресе Ақтөбе, Қостанай және Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдай қиындады. «Қазгидромет» жаңбыр мен аязға байланысты топырақтың тоң қабаты терең болатынын ескертті. Топырақ суды сіңіре алмады. Үкімет 11 облыс тұрғындарына су тасқыны туралы ескертілгенін, бірақ тағы бес облыста еріген қар суы есепке алынбай қалғанын айтты.

Ескірген құрылыс, маман тапшылығы мен климаттың өзгеруі

«Бала күнімде және жас кезімде белгілі бір аймақтарда су тасқыны жиі болатын. Ол туралы бәрі айтатындықтан, сен де білесің, бірақ ешқандай әрекет жасалмайтын», – дейді Солтүстік Қазақстан облысында тұрған су инженері Рената Садртдинова. Ол 2020 жылы Назарбаев университетінің құрылыс факультетін бітірген. Су инженериясы саласында оқуын жалғастыру жөнінде шешім қабылдаған. Қазір ол Ирландияның Arup кеңес беру кеңсесінің су және су тасқыны бөлімінде жұмыс істейді.

Айтуына қарағанда, «Қазгидромет» болжамды су тасқынының басталуына бір-екі ай қалғанда жариялағандықтан, дайындыққа уақыт тығыз болған. Дегенмен, мемлекет басқа уақытта да су тасқынына дайындықты жүйелі жүргізбейді деген пікірде.

«Қазақстандағы ең үлкен мәселе – су тасқынын тек көктемде ғана еске алу, – дейді Садртдинова. – Наурыз, сәуір айларында тасқын туралы айтудай-ақ айтамыз, ал кейін тынышталып қалады. Келесі көктемде тағы айтамыз, сол баяғы бір өңірлер су астында қалады. Жыл сайын жаңадан көргендей болып отыра береміз».

Ол су тасқынымен байланысты жұмыс орындарының жоқтығы да үлкен мәселе деп санайды. Садртдинова су тасқынының қаупін басқару мамандығында (Flood Risk Management) оқып, магистр дәрежесін алып, Қазақстанға жұмыс іздеп келгенде осы мәселемен бетпе-бет келген.

«Гидрогеология саласына аса қатысы жоқ жұмыс орындары болды, бірақ олар ғылымға жақын еді, ал мен инженермін. Ол жұмыстың жалақысы Астанада өмір сүруге жетпейтіні өз алдына. Өлместің күнін кешуге тура келетіндей екен», – дейді Садртдинова.

Ол инженерлік құрылыс саласында білім алған әріптестері көп екенін және су тасқынын ескерту жұмысына тек осы саланың инженерлерін ғана емес, сол әріптестерін де тартуға болатынын айтады.

Су мәселелері жөніндегі ғылыми-ақпараттық орталықтың Қазақстандағы филиалының сарапшысы Құралай Яхияева мамандар болғанымен, көбі жеке секторда жұмыс істегенді жөн көретінін айтады.

«Министрлік құрылды, енді ол қуатты болуы үшін мамандар қажет», – дейді ол.

Су саласындағы кадр тапшылығы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

Садртдинова Қазақстанда биылғы қыста қар көп түсіп, жауын-шашын жиі болғанын айтады. Ал наурызда ауа райы әдеттегіден жылы болып, планета тарихындағы қатарынан оныншы ең ыстық ай болды.

«Көптеген фактор бар, бірақ тасқын деген күтпеген жерден келген ағын су емес. Қазақстанда судың тасуы қар ерігеннен болады, барлық су ағыны қосылып, алапат ағын өзеннің төменгі ағысындағыларды тегіс қамтиды. Бізде цунами жоқ, су тасқыны – дайындалуға болатын және дайындықты қажет ететін дүние», – дейді Садртдинова.

Халықаралық сарапшы, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі платформаның аймақтық үйлестірушісі Болат Есекин су тасқыны экономикалық және антропогендік саламен тығыз байланысты және бұл Қазақстанға ерекше әсер етеді дейді. Оның айтуынша, негатив үдеріс күшейіп, төтенше жағдайлар, соның ішінде су тасқыны мен құрғақшылық жиілейді.

«Қазақстан – табиғи процестерді қатты бұзған елдердің бірі, тың игеруден бастап, суару үшін Арал теңізінен су тартуға дейін осы қатарда. Көлдің жойылуы булану және су алмасу процестерін, мұздықтармен байланысты бұзады. Жер бетінде бөгет қойылмаған, су қоймалары салынбаған өзен жоқтың қасы», – дейді Есекин.

Мемлекет су тасқынына дайын болмаса, климаттың өзгерісі оны бұл жауапкершіліктен босатпайды.

Садртдинова су тасқынына қарсы жүйелі жұмыс жасалмады десе, Есекин су тасқынын экономикалық жоспар жасағанда экологиялық мәселенің ескерілмеуімен байланыстырады.

Гидротехникалық құрылыстар – каналдар мен бөгеттер де су тасқынына дайын болмай шықты. Гидротехникалық құрылыстардың үштен бірін жөндеу қажет. Сонымен қатар өзен аңғарлары мен арналар тазартылмаған, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша салынған бөгеттердің сапасы нашар дейді Яхияева.

Оның айтуынша, су басқан аймақтардағы құрылыстарда профилактика жұмысы жүргізілмейді. Бұған қоса, жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын су қоймалары да ескертуге назар аудармаған.

«Көптеген өңірде әлі күнге дейін су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобасы жоқ, белгілер орнатылмаған. Өзендердің, көлдердің, жайылымдар мен шабындықтардың су жолын есепке алмай, тұрғын үйлер мен қоғамдық нысандар салуға рұқсат берілді. Ол нысанның көпшілігінде балық өсірді, негізі бұл дұрыс емес. Бірақ бизнестің мүддесі үшін 2003 жылғы Су кодексіне бірнеше рет өзгеріс енгізілді, атап айтқанда, су қоймаларын балық шаруашылығы үшін пайдалану және су қорғау аймақтары мен белдеулеріне құрылыс салу сияқты өзгеріс енді», – дейді Яхияева.

20 жылдан астам уақыт бұрын қабылданған Кодекс уақыт талабына сай келмейді. Жаңа су кодексі қазір мәжілістің қарауында. Су министрлігі басқаша мәлімдеме жасағанымен, депутаттар кодекстің мемлекеттік сараптамасы қоғамдық тыңдаудан өтпегенін алға тартады. «Власть» мақаласында сарапшылар кодексте мәселені шешудің жүйелі жоба-жоспары жоқ екенін айтқан еді.

«Бізде әлі күнге дейін таяқшамен су деңгейін өлшеп, ақпаратты телефон арқылы беретін гидробекеттер бар»

Садртдинова өзі Ирландияда жұмыс істеп жатқан Flood Relief Scheme су тасқынына қарсы күрес жүйесі Қазақстандағы су тасқыны мәселесінің ықтимал шешімі бола алады дейді. Жүйе әр аймақтың немесе елді мекеннің жағдайы мен нақтылы жер бедерін ескереді, сонымен бірге елдің аймақтары арасындағы су ағынын назарға алады.

«Бір аймақты қорғағанмен, төменгі ағыс жолындағы басқа аймақтардағы жағдай нашарлайды, себебі оларға көбірек су барады», – дейді Садртдинова.

Flood Relief Scheme жүйесі өзен жағалауына үйіндіден бөгет тұрғызуды негізге алады. Flow Control Systems деп аталатын инженерлік жүйе де бар, бұл – конус тәрізді құрылғылар жүйесі, онда суды айдайтын және ағынның жылдамдығын азайтатын центрифуга бар. Маман әр қалаға немесе ауданға өзіне сай көзқарас қажет дейді. Бұл қорғаныс жүйесіндегі материал мен дизайнға әсер етуі мүмкін.

«Мысалы, елді мекенде жерасты суының деңгейі жоғары болса және тасқын кезінде ол көтерілсе, жерасты суын оқшаулаған жөн болар еді. Су бәрібір жерасты сулары арқылы өтеді, бірақ ол неғұрлым төмен болса, судың жылдамдығы соғұрлым төмен болады. Жағалау суға толуына жол бермеу үшін оның мүмкіндігінше құрғақ болғаны өте маңызды. Биік қабырғаның көмегімен жерасты сулары мен өзеннің қосылмауын қамтамасыз етуге болады», – деп түсіндірді Садртдинова.

Жүйе жер бедерімен жұмыс істеуді де есепке алады және жергілікті тұрғындарға пайдалы әрі ыңғайлы болып, қала жүйесіне енуі керек. Асфальт суды қабылдай алмайтындықтан, қаланы қорғау кезінде кәріз құбырларына да мән беру қажет. Қала құрылысын жобалағанда және су тасқыны бойынша жұмыс істегенде, судың қайда кететінін, құбырлар қайда болатынын, нөсер ағыны қайда кететінін ойластырған жөн.

«Астанада жаздыгүні де жауын-шашыннан кейін су басып қалатыны белгілі. Себебі, асфальт суды сіңірмейді, нөсер ағынының орны толып қалады. Жауын суының кететін жері жапырақ, қоқыс, бұтақтар сияқты заттармен бітеліп қалғанын да байқадым. Негізгі жұмысы болса да, біздің кәріз құбырлары суды сіңіруге дайын емес», – дейді Садртдинова.

Сонымен қатар суды ағызу және сақтау орындары болуы маңызды. Ол су қоймалары ғана емес, су жинауға арналған жергілікті орын болуы да мүмкін. Есекин мұндай технологиялар қазірдің өзінде Канада, АҚШ, Финляндия және басқа да елдерде кеңінен қолданылып жатқанын айтады. Инженерлік шешім тасқын, жаңбыр суы мен еріген суды арнайы жерасты қоймаларына жинауға, тазартуға, содан кейін құрғақшылық кезінде немесе қаланың қажеттілігіне пайдалануға мүмкіндік береді.

«Біздегі сумен жабдықтау жүйесі қатты ескірген, әлемдегі жағдайдан мүлдем артта қалып қойған. Шетелде қуатты орталықтандырылған жүйе жоқ, бәрі тек жергілікті деңгейде. Ықшамаудандарда сенімді әрі апаттан және орталықтандырылған жүйенің істен шығуынан қорғайтын жергілікті энергия және су құбыры салынып жатыр. Қазір климатқа тәуелділік артып келеді, ал орталықтандырылған жүйе оған төтеп бере алмайды», – дейді Есекин.

Сарапшылар тағы бір маңызды мәселе – деректерді цифрландыру жоқ екенін айтады. Садртдинова магистрлік диссертация жазғанда кейінгі 50 жылдағы гидрологиялық деректерді табуға тырысқанын есіне алды.

«Бізде дерек көп, бірақ цифрланбаған, әлі күнге дейін қағаз жүзінде Алматыдағы мұрағатта жатыр. Сосын мен де жалпыға қолжетімді халықаралық деректерді пайдалана бастадым», – дейді ол.

Яхияева мәліметтерді цифрландырумен қатар, мемлекет цифрлық технологиялары бар өлшеуіш станцияларды пайдалануы қажет екенін атап өтті. Су нысандарында гидробекеттер орнатылып, деректердің тұрақты берілуі су ресурстарындағы жағдайды талдауға және бақылауға мүмкіндік береді.

«Бізде әлі күнге дейін таяқшамен су деңгейін өлшеп, ақпаратты телефон арқылы беретін гидробекеттер бар», – дейді Яхияева.

Су кодексін пысықтау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, су ресурстары туралы ашық деректер порталы – «QIoT» ЖШС құрылтайшысы Қабдолла Біржанов цифрландыруды бастамас бұрын ақпараттың дұрыстығын тексеру қажет дейді. Бұл туралы ол ақпанда өткен су технологиялары мен ресурстары жөніндегі халықаралық форумда айтты.

«Тараз қаласында «Қазсушардың» датчигі арқылы автоматтандырылған және жұмыс істеп тұрған гидробекетке датчик орнаттық. Датчиктің дәлдігін тексеру үшін біз күнделікті қолмен өлшеу жүргізіп, датчикті калибрледік. Нәтижесінде датчиктер арасында су деңгейінің дерегі бір-бірімен сәйкеспейтіні белгілі болды», – деп түсіндіреді Біржанов Власть басылымына.

Оның айтуынша, су ресурстары бойынша деректердегі сәйкессіздік 60 пайызға жетеді. Барлық машинада есептеу қате шығатындықтан, бұл цифрландыру құралдарын енгізуге кедергі келтіреді.

«Қате дерекпен жұмыс істейтін бағдарламалық жасақтамаға қазір миллиардтаған инвестиция салудың қажеті бар ма?» – дейді ол.

Сонымен қатар деректердің шынайылығына дұрыс салынбаған өлшеу станцияларынан бастап бетондалмаған өзен арналарына дейінгі инфрақұрылымдық қателер әсер етеді. Маман мәліметтер базасының мерзімі бірізді емес екенін, шашыраңқы екенін де атап өтті.

«Деректер шашыраңқы: Бір дерек «Қазсушарда», тағы біреуі экология министрлігінде, тағы бір дерек «Қазгидрометте» сақтаулы, бір жүйе жоқ. Енді мемлекет осыны монополиялап, мониторинг пен дерек жинауды бақылауына алмақ. Бірақ мұны істей алатынына күмәнім бар Біз су ресурстарын цифрландыру бойынша тауарлар мен қызметтердің: датчиктердің, базалық станциялардың, есептегіштердің және орнатудың құны өте жоғары екенін көріп отырмыз», – дейді Біржанов.

Ол адамдарға сенімді ақпарат алуға және қоғамдық бақылауды арттыруға мүмкіндік беретін ашық деректер порталы арқылы су деректерін қолжетімді етуді ұсынды.

Су қоймалары тасқын мәселесін шеше ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты Қазақстан халқына жолдауында «ауқымды су тасқынынан сабақ алу керек екенін» айтып, зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілетініне уәде берді.

Садртдинова мемлекетке қысқа мерзімді шешімді таңдау оңай болғандықтан, шығынды өтеу саясаты тиімдірек дейді. Сонымен қатар ол халықтың әділ төлем алатынына күмәнмен қарайды және моральдық шығынның ескерілмейтініне де қынжылатынын айтты.

«Су тасқынына дайындалмайтыны, ақшаны үнемдеу арзанға түсетіні, кейін жай ғана шығынды өтей салатыны өкінішті. Мемлекет су тасқынына тасқын болмай тұрып қаржы бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді. Үкімет халық үшін жұмыс істейді, құны қымбатқа түссе де, халық маңыздырақ. Біздің өміріміз бен мүлкіміз маңызды», – дейді Садртдинова.

Яхияева да мемлекет тарапынан мәселенің шешімін әлі көрмегенін, әңгіме тек баспана мен көмек туралы болып жатқанын айтады. Оның айтуынша, шұғыл шара қолданбаса, климаттың өзгеруін ескерсек, ел апатқа ұшырайды.

«Бұған дейін белгіленген режимдер климаттың өзгеруін есепке алмай, ғылыми зерттеулерге негізделген. Қайтадан зерттеу керек», – дейді Яхияева.

«Власть» басылымына берген сұхбатында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «Төтенше жағдайлар министрлігі бойынша сұрақ жоқ» деп, ведомствода нақты қандай өзгеріс болатынына қатысты сұраққа жауап бермеді.

Су министрлігі тасқын суды қорғау және жинау үшін еліміздің 11 облысында 20 су қоймасы салынатынын айтты. Бұл туралы үкімет 2023 жылғы желтоқсанда хабарлады. Сонау 2021 жылы сол кездегі экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда 2030 жылға дейін 39 су қоймасы салынады деп мәлімдеген болатын. Содан бір жыл бұрын 2020 жылғы сәуір айында ол 2030 жылға дейін 28 су қоймасын салу жоспарын жариялаған болатын.

Есекин су қоймаларының құрылысына күмәнмен қарайды. Ол басқа елдер бұл идеядан бас тартып жатқанын айтады. Себебі бөгеттер мен су қоймаларын салу су айналымын бұзады, ал су тасқыны мен құрғақшылық содан болады.

Ол экологиялық мәселелер мен климаттың өзгеруі тек экология министрлігі үшін емес, бүкіл үкімет үшін маңызды болуы керек дейді.

«Температураның көтерілуі жаһандық континенттік су айналымының бұзылуын көрсетеді. Судың бұрынғы қозғалысы өзгереді. Барлық өзен ағынын бұздық. Бұдан осы өзеннің қайтымы да бұзылады. Стратегиялық деңгейде дұрыс қорытынды жасап, жоспарлау, сараптама, заңнама және басқа жүйені қайта қарау қажет», – дейді Есекин.