9342
20 октября 2021
Алмас Қайсар, Vласть

Еңбекті оңтайландыру

Қазақстанда мұнай саласында ұзақ жылдан бері аутсорсинг қызметін пайдалану жұмысшыларды ереуілге шығуға итермелеп отыр

Еңбекті оңтайландыру

Қазақстанның еңбек нарығында көптеген құрылымдық мәселе бар екеніне жұмысшылар ереуілінің көбеюі дәлел. Сондай мәселенің бірі – делдалдар арқылы қызметкерлерді жалдау. Бұл әдіс компаниялардың қызметкеріне жалақыны аз төлеуіне және жұмысшылардың жауапкершілігін рекрутинг агенттіктер мен аутсорсинг компанияларға артуға мүмкіндік береді. Жұмысшыларға қатысты мұндай саясат – 1970 жылдардың аяғынан басталған корпоративтік сектордағы жаһандық үрдіс. Қазақстан билігі бұл әдіспен қызметкерлерді жалдау қалыпты жағдайға айналып бара жатқанына көз жұма қарағандықтан, жұмысшылар қызметінен айырылу қаупі бола тұра ереуілге шығуға мәжбүр.

Кейінге кезде Қазақстанда мұнай компаниясы жұмысшыларының ереуілі жиілеп кетті. Олардың арасында аутсорсинг компаниялар мен рекрутинг агенттіктер жалдаған қызметкер көп.

Биыл сәуірде «Бұрғылау» мұнай сервистік компаниясы жалдаған Fircroft Engineering Group рекрутинг агенттігінің жұмысшылары ереуілге шықты. Оның артынша тамыз айының соңында «Маңғыстаумұнайгазға» қызмет көрсететін West Oil Software мен басқа да аутсорсинг компаниялардың жұмысшылары наразылығын білдірді.

Ереуілге шыққан жұмысшылар штаттық қызметкерлерге қарағанда жалақының аз болуы мен еңбек жағдайының нашарлығына наразы болды. Мұнай компаниялары көбіне еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерге кететін шығынды азайту мақсатында қызметкерлерді жалдау мәселесін делдалдарға тапсырады.

Бұл тек Қазақстанға ғана тән жағдай емес. Мұндай әдіс 1970 жылдардың соңынан бастап трансұлттық корпорациялар алға тартқан еңбек саясатының жалпы қағидасына негізделген. Бұған дейінгі еңбек заңнамасы қызметкердің толық жұмыспен қамтылуы мен көп сағаттық жұмыс күніне сәйкес әлеуметтік кепілдіктер, жәрдемақылар, тегін дәрі-дәрмек, сапалы білім, демалыс ақысы мен жоғары зейнетақыны қарастыратын. 70-жылдардан кейін компаниялар бұл еңбек заңнамасынан бас тартып, икемді жұмыс түрлеріне ұмтыла бастады.

Мұндай саясаттың қағидалары неолиберализм идеологиясымен сәйкес келеді. Бұл идеология бойынша, еңбек қатынасы мәселесінде нарық пен жеке компаниялардың шексіз еркіндігі – экономикадағы ресурстарды бөлудің ең тиімді әдісі. Неолиберализм әр қатысушының құқығы мен ақпараттану деңгейі бірдей деп есептеп, екіжақты мәміленің шарттарына әр тарап ерікті түрде келісетінін алға тартады. Бірақ жұмыспен қамтудың жаңа формасының енгізілуі – жалдамалы жұмысшылардың сауда-саттық қабілетін әлсіретті. Себебі ірі бизнес өкілдері экономикаға инвестиция салуды тоқтатамыз деп қорқыту арқылы мемлекетті өз мүддесін қорғаудан бас тартуға мәжбүр етті.

Жұмыс күшін икемді ету үшін компаниялар әлеуметтік сақтандыру төлемін азайтып қана қоймай, қызметкерлерді жалдау бойынша делдалдардың көмегіне жүгіне бастады. Бұл жерде делдал қызметін рекрутинг агенттіктер мен аутсорсинг компаниялар атқарады. Екеуінің айырмашылығы – рекрутинг агенттіктер тек жұмыс күшімен қамтамасыз етумен айналысады, ал аутсорсинг компаниялар мекеменің бір немесе екі бизнес бағытын жүзеге асырады. Рекрутинг және аутсорсинг компаниялармен еңбек шартына отырған жұмысшылар тапсырыс берген компанияның аумағында өз міндеттерін орындайды, бірақ штаттан тыс жұмысшы болып есептеледі.

Жаһандық таралуы

Аутсорсинг негізінде жұмыс күшін алғаш рет 1920 жылдары Колумбияда қолдана бастады. Standard Oil ірі мұнай компаниясының канадалық еншілес кәсіпорны Tropical Oil-ді зерттеген Стефано Тихеринаның айтуынша, бұл компания қызметкерлердің алдындағы жауапкершілік пен есеп беруден қашып, рекрутинг агенттіктер арқылы біліктілігі жоқ жұмысшыларды жалдаған.

Әлеуметтанушы Хаяне Фу кітабында рекрутинг агенттіктер жалдайтын қызметкерлер санының артуы туралы мынадай мәліметтер келтірген: 1980–2000 жылдар аралығында Ұлыбританияда мұндай қызметкерлер саны 5 еседен астам артып, 270 мыңға жетті; Жапонияда 1999–2006 жылдар аралығында үш есеге өсіп, 3 миллионға жеткен. Ал АҚШ-та 13 жыл бұрын рекрутинг агенттіктер жалдайтын қызметкерлер әрең дегенде 1 миллионға жеткен болса, 2005 жылға қарай ол көрсеткіш 2,9 миллионнан асты.

Рекрутинг агенттіктері арқылы жұмысшыларды жалдау үрдісі танымал бола бастауымен қатар қызметкерлерді қысқарту жиілігі де өсе түсті. Мысалы, Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ) таратқан мәліметтер бойынша, 2001 жылы АҚШ-тағы рецессия кезінде рекрутинг агенттіктері арқылы жалданған жұмысшылар компаниядағы барлық қызметкер санының тек 2,5%-ы ғана болғанымен, жұмыстан шыққандардың 26%-ын құраған. Дәл осындай жағдай 2008–2009 жылдардағы қаржылық дағдарыс кезінде қайталанды. Ол кезеңде жұмыс орнынан айырылғандар ішіндегі жалдамалы қызметкерлер 10,6%-ға дейін жетті.

Сонымен қатар, Қазақстандағы еңбек және өндірістік қатынастарды зерттеуші Паоло Сорбеллоның дерегінше, бүкіл әлемде жұмыс күшін аутсорсингке беру процесі жұмысшылардың бірігуін басып-жаншумен келеді. Штаттан тыс қызметкерлеріне жұмыстан шығарамыз деген қауіппен олардың ұжымдық талабын айтуына тосқауыл болды. Мұндай бопсалау кәсіподақтарға да жиі жасалуы салдарынан жұмысшылардың наразылығы күшейе түсті.

Жұмысшыларды делдалдар арқылы жалдаудың көбеюі және қызметкерлердің еңбек жағдайының нашарлауы көптеген ереуілге ұласты. Зерттеуші Аса Марон мен Майкл Шалевтің айтуынша, 2011 жылы Израиль кәсіподақтары, оның ішінде ең ауқымдыларының бірі – Гистадрут жұмысшылары төрт күндік ереуілге шығып, компаниядан делдал қызметінсіз тікелей еңбек шартына ауысуды талап еткен. Наразылық акциясының нәтижесінде олар штаттағы жұмысшылар мен штаттан тыс аутсорсинг компаниялардағы жұмысшылар арасындағы жалақы мен әлеуметтік кепілдіктерді теңестіруге қол жеткізді. Сондай-ақ, штаттан тыс жұмысшылардың көп бөлігі компанияларға тұрақты жұмысқа орналасты.

Бұдан кейін аутсорсинг тәжірибесіне қарсы жұмысшылар ереуілі басқа елдерде де жалғасты. 2014 жылы Үндістандағы Chevron америкалық трансұлттық компаниясына қызмет көрсететін Schlumberger әлемдегі ең ірі мұнай сервис компаниясының жұмысшылары наразылық шеруіне шықты. 2018 жылы нигериялық жұмысшылар компанияның «делдалдар арқылы жалданған қызметкерлерін жұмыстан шығару» жоспарына қарсылық білдіріп, елдің мұнай өнеркәсібін жабамыз деп қорқытты. 2021 жылғы шілдеден бері Иранда 117-ге жуық мұнай өңдеу зауытына қызмет көрсететін аутсорсинг компания жұмысшыларының жаппай ереуілі жалғасып келеді.

Ереуілдер нәтижесінде кейбір елдерде аутсорсинг пен рекрутинг компаниялардың қызметіне шектеу қойылды. Мысалы, 2016 жылы Словения мен Испанияда қауіпті кәсіпорындарға аутсорсингпен жұмысшыларды алуға тыйым салынды. Швецияда кәсіподақтар аутсорсинг және рекрутинг компаниялардың жұмыс күшіне вето қою құқығына ие болды, ал Италияда ұжымдық келісімшарттарда аутсорсинг мәселесін реттейтін квоталар енгізілді.

Қазақстандық мұнай кеніштері жұмысшыларды іздеуде

Еңбек келісімшарттарының жаңа түрі Қазақстан тәуелсіздік алып, жергілікті нарықта трансұлттық корпорациялар пайда болған кезде қолданыла бастады. Жаңа еңбек шарттары шығындарды оңтайландырудың түрлі әдісін, соның ішінде аутсорсинг қызметін қолдану әдісін ұсынды.

«Қазақстан мемлекеті тәуелсіз кәсіподақтарды ығыстырып, корпорацияларға тиімді болатын еңбек заңнамасын әзірлеп, мұнай компанияларының табысын арттыратын “қозғаушы белбеуге” айналды», – дейді Қазақстандағы еңбек және өндірістік қатынастарды зерттеуші Паоло Сорбелло.

1990-жылдары жекешелендірудің басталуымен мұнай компаниялары өндірістік бөлімшелерін тендер ойнату арқылы аутсорсингке бере бастады. Паоло Сорбеллоның түсіндіруінше, ол кезеңдегі тендерлер мұнай компанияларының басшылығына жақын элита арасында «жабық» түрде ұйымдастырылған. Сонымен қатар, шетелдік жоғары білікті жұмысшыларды жалдау үшін де рекрутинг агенттіктер пайдаланылған.

Бұл үрдіс 2000 жылдары Қазақстанда қажетті инфрақұрылым қалыптасып, нарыққа халықаралық рекрутерлер келе бастаған кезде өзгерді. Сорбелло 2000 жылдардың басынан рекрутинг компаниялардың құрамына бүкіл ел бойынша 10–20 мыңға дейін адам кіргенін және оны үш ірі мұнай өндіруші қолданғанын атап өтті. Олар: «Теңізшевройл» (Теңіз кенішінің операторы), North Caspian Operating Company N.V. (Қашаған операторы) және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (Қарашығанақ операторы).

Сондай-ақ, аутсорсинг арқылы жалданған жұмысшылардың құқықтық мәртебесі 2020 жылға дейін белгісіз болып келді. Сондықтан жұмыс берушілер тарапынан жалақы төлеуде заңбұзушылық жиі болған.

Сорбелло 90-жылдары жалақының тең болмауы еңбек қақтығыстарына себеп болған негізгі жағдайдың бірі екенін жазады. Мұнай бағасының өсуіне байланысты жұмысшылардың жалақысы 2000 жылдардың басында көтеріле бастаған. Алайда жұмысшылардың бұл қуанышы көпке созылмады, сондықтан қақтығыстар жаңа күшпен қайта жалғасты.

Зерттеушінің түсіндіруіне қарағанда, жұмысшылар наразылығының қайта тууына қызметкерлер саны артық мұнай компанияларын қайта құрылымдау мәселесі түрткі болған. Бұл жағдай «ҚазМұнайГаз» Барлау.Өндіру акциясын Қазақстан мен Лондон қор биржаларына орналастырып, жария компанияға айналғаннан кейін туындады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы сияқты ірі акционерлердің шешімі қызметкерлерге үлкен зардаптар әкелді, оның ішінде қызметкерлердің едәуір бөлігін штат құрамынан шығару мәселесі де бар.

Бұл мәселе төңірегінде 2009 жылы «Бұрғылау» мұнай сервис компаниясының 600-ге жуық қызметкері кәсіпорынды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының меншігіне кіргізуді талап етті.

"Азаттық" радиосы

2011 жылғы Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығының өршуіне түрткі болған да мұнай компанияларының қайта құрылымдалу мәселесі еді. «2000 жылдары «Өзенмұнайгаздың» құрылымдық бөлімшелерін оңтайландыру деген желеумен [аутсорсингке] шығарды. Олардың жұмысшыларына «жеке компаниялардың қоластына өтесіңдер, бірақ жұмысты бізде жалғастыра бересіңдер және төлем деңгейі, әлеуметтік пакет өзгермейді» деп айтылды. Бірнеше жыл өткеннен кейін жұмысшылар жалақы төмендегенін, қызметкерлер қысқартыла бастағанын байқады. Сол кезде қызметкерлер алданып қалғанын түсініп, ереуілдер басталған», – дейді қоғам қайраткері Мұхтар Үмбетов.

Жаңаөзенде болған оқиғалардың нәтижесінде «Қаражанбасмұнай» мен «Өзенмұнайгаз» компанияларының 2000-ға жуық қызметкері жұмыстан шығарылған. 2012 жылғы қаңтарда мемлекет жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыстан шығарылғандарды арнайы құрылған екі сервистік компания арқылы қайта жалдады. Бұл кәсіпорындар әлеуметтік міндетінен бөлек, ереуілге шыққан жұмысшыларды тарату үшін қажет болды. Олар жұмысшыларға ұжымдық келісімшарттар ұсынбады, сондықтан қызметкерлер ұжымдық мүддені қорғау мүмкіндігінен айырылды.

2014 жылы компаниялар арасындағы жалақыны теңестіру үшін алғашқы қадамдар жасалды. «ҚазМұнайГаз» БӨ барлық ішкі бөлімшелері үшін еңбекақының бірыңғай төлем жүйесін (БТЖ) енгізді. Сол кезде «ҚМГ» БӨ сервис компаниясының қызметкерлерін штатқа қабылдау бойынша алғашқы талаптар айтыла бастады, себебі бірыңғай төлем жүйесі сервистік компанияларды қамтыған жоқ. Осыған ұқсас талапты жекеменшік мұнай сервис компанияларының жұмысшылары да қойды. Ол жұмысшылар ҚМГ БӨ-ге қызмет еткенімен, оларда БТЖ болмады. Ереуілдер нәтижесінде ұлттық компания оларға жалақы төлеудің басқа жүйесін ұсынды.

Сонымен қатар, 2014 жылы мұнай бағасының екі еседен астам төмендеуі 2016 жылы жұмыс күшінің қысқаруына әкеліп соқты. Ал бұл өз кезегінде жұмысшылардың наразылығын қайта қоздырды. Сол кезеңдегі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, 2016 жылы мұңай сервистік компаниялар жұмысшыларын 1300 адамға дейін қысқартқан.

Тағы бір мәселе штаттағы жұмысшылардың келісімшартына байланысты туындады. Себебі бұл келісімшарт уақыты аяқталған тұста мұнай кәсіпорындары аутсорсинг компаниялармен өзіне қолайлы шарттар бойынша келісімге келді. Мысалы, Қашаған, Қайран және Ақтоты кен орындарын игеріп жатқан NCOC компаниясында жаңа аутсорсинг компаниясы тендер ұтып алған кезде, 335 қызметкері жұмыстан айырылуға мәжбүр болды. Себебі ол компания 282 адамды жұмысқа қабылдауға және жалақыны қысқартуға уәде еткендіктен тендерді ұтқан. Жұмысшылардың айтуынша, олар бұл компанияға ешқандай қоғамдық талқылаусыз ауыстырылған. Нәтижесінде әр бес жыл сайын тендерді түрлі компания ұтып алып жатады, ал жұмысшылар киіміндегі логотипті өзгертіп, әрі қарай жұмысын жалғастыра береді.

Жұмысшылардың қысқартылуына қарсы ереуілге байланысты «ҚазМұнайГаз» басқарма кеңесінің бұрынғы төрағасы Сауат Мыңбаев «ҚМГ мұңай сервисін дамыту бағдарламасын (5/50)» жариялады. Ол бағдарлама бойынша, жұмысшы өз еркімен жұмыстан кетсе, алдағы бес жыл ішінде жалақысының 50%-ын ала алады. Компания басшылығы бұл жобаны мұнай сервистік компаниялардың шығынға ұшырайтынын меңзеп, «жұмсақ оңтайландыру» деп атады.

Расында дағдарыстан кейінгі 2015–2016 жылдар аралығында Қазақстандағы мұнай сервис саласындағы нарық көлемі 1,5-ден 6 млрд долларға дейін төмендеді. Мыңбаевтың айтуынша, соңғы бірнеше жылда олар қаржылық жағдайы әлсіз мұнай сервистік компанияларға 121 млрд теңге қаржылық қолдау көрсеткен. 2011–2019 жылдары мұнайсервис нарығының көлемі дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерден асып түсіп, 1,8-дан 8,9 млрд долларға дейін өсті.

«ЭХО» үкіметтік емес ұйымының зерттеуі бойынша, кейінгі жылдары ереуілдердің негізгі бастамашысы мұнай сервистік компанияларының жұмысшылары болды. Қызметкерлері ереуілге шыққан 11 компанияның 7-еуі – мұнай сервис компаниясы.

2021 жылғы ереуілдер

Мұнай сервистік компаниялар пандемия өршіген кезде жаңа дағдарысқа тап болды. Deloitte халықаралық аудиторлық фирмасының мәліметі бойынша, Қазақстандағы мұнайсервис нарығы 2020 жылы 25%-ға төмендеп, құны 6,7 млрд доллар болған. Компаниялар мемлекет тарапынан қолдаудың жоқ болуы мен келісімшарт санының азаюына қатысты шағымданды. Ол кезеңде бұрынғы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев дағдарыс жағдайында мұнай сервистік компанияларда 3500-ден астам адам қысқартылғанын мәлімдеді.

Бұл жағдай 2020 жылғы желтоқсанда штаттан тыс және штаттағы жұмысшылардың жалақысын теңестіретін Еңбек кодексіне түзетулердің қабылдануымен тұспа-тұс келді. Жалақыдан бөлек, бұл түзетулер әлеуметтік кепілдік пен ұжымдық шарттар жасау мүмкіндігін де қамтыды. Билік бұл заңның қажеттілігін жұмысшыларды жалдау қызметінде құқықтық реттеудің болмауы жұмысшылардың құқығын өрескел бұзуға әкелді деп түсіндірді.

Бірақ бұл да наразылық акциясына тосқауыл бола алмады. 2021 жылдың басында рекрутинг және аутсорсинг компаниялар арқылы жалдаған жұмысшылардың жаңа ереуілдер толқыны өтті. Fircroft Engineering Group жұмысшылары ереуілге шығып, компания түзетулерді айналып өтіп жүргенін мәлімдеді. «Әкімдікте өткен кездесуде Fircroft Engineering Group компаниясының бас директоры Максим Губашев бізге Еңбек кодексіне енгізілетін түзетулерді айналып өту үшін еңбек шартына қосымша келісім жасалып жатқанын айтты», – деп атап өтті рекрутинг агенттігінің өкілі.

«Бұл [түзетулер] еш пайдаға аспады. Ешбір жұмыс беруші бұл талаптарды орындамайды. Сол үшін де ереуілдер басталды. Қызметкерлер жұмыс берушілерден заңға бағынуды талап етіп жатыр», – деп түсіндіреді ҚКҚ «Аманат» кәсіподақтар одағының төрағасы Андрей Пригорь. Ол наразылық акцияларының туындауына кәсіподақтардың әрекетсіздігі кінәлі деп санайды: «Олар бірінші болып әрекет етіп, заңға түзетулер енгенін айтып, басшылыққа бұл мәселені жеткізуі керек еді. Олар бұлай істемегендіктен, ереуілдер басталды».

Кейін ереуілдерге аутсорсинг компаниялар арқылы мұнайсервис штатынан шығарылған жұмысшылар қосылды. Тамызда наразылыққа шыққан West Oil Software жұмысшыларын 2018 жылы Transport Oil корпорациясынан шығарып, оларды қазіргі компанияға ауыстырғанны мәлімдеді. Олар ауысқаннан сон, компанияда жұмыс көлемі өзгермесе де, жалақысы екі есеге қысқартылғанын айтады.

Қоғам қайраткері Мұхтар Үмбетов жұмысшылардың талабы жалақыға ғана емес, сондай-ақ тұрақты жұмыс орнының болуына да қатысты екенін атап өтті. Осылайша, Industrial Service Resources аутсорсинг компаниясының жұмысшылары 70 қызметкердің жалақысын көтеру талабынан бөлек, «Қаражанбасмұнай» компаниясынан барлық қызметкерді штатқа алуды талап етті, бұл әлеуметтік қорғауға қол жеткізуге мүмкіндік бермек.

Vласть бағалауы бойынша, 2021 жылдың басынан бері мұнай компанияларында кемінде 24 ереуіл өтті. Шілдеде наразылық акциялары Жаңаөзендегі 10 кәсіпорында қатар байқалды. Ең үлкен ереуілге 500–600 жұмысшыға дейін қатысты.

Паоло Сорбелло қарсылықтарға көбіне рекрутинг агенттіктер жалдаған жұмысшылар қатысқанына қарамастан, олардың қозғаушы күші аутсорсинг компаниялардың өкілдері болғанын атап өтті: «Рекрутинг агенттік арқылы жалданған екі жұмысшы бір компанияда жұмыс істей тұра, жұмыс берушісі кім екенін түсінбейді. Ал аутсорсинг (мұнайсервис-V) фирмаларының өкілдері бір компанияда жұмыс істегендіктен, ереуіл кезінде біріге алады».

Жұмыс берушілер наразылық білдірушілерге көбіне өктем көзқарасты ұстанады. Fircroft Engineering Group басшылығы Жаңаөзен қалалық сотынан жұмысшылар ереуілін заңсыз деп тануды талап етті. Бұған дейін West Oil Software басшылығының шағымы бойынша Қарақия аудандық сотының шешімімен қызметкерлер жауапкершілікке тартыла бастады. Талаптарының орындалуын күткен көптеген жұмысшыбір айға дейін наразылық акциясын тоқтатпады. Мысалы, West Oil Software қызметкерлері 18 күн, ал Techno Trading LTD жұмысшылары үш апта бойы ереуілге шықты.

Сонымен қатар, жергілікті билік пен компания басшылығы жұмысшылардың көтерілуін барынша тоқтатуға тырысып келеді. Наразылыққа шыққандар кәсіподақтың қызметі сот тарапынан тоқтатылатынын, ал компания басшылығы кәсіподақтарға қызметкерлерінің құқығын қорғауға мүмкіндік бермейтінін айтты.

“Қаражанбасмұнай” сияқты кейбір компаниялар жұмысшыларды штатқа алып, кен орнындағы 44 жұмысшының жалақысын тең дәрежеде қарастыратынын хабарлады. Ал West Oil Software қызметкерлерінің жалақысы 36%-ға өскенімен, Transport Oil корпорациясының штаттағы қызметкерлерінің жалақысымен теңеспеді.

Барлық жағдайда жұмысшылардың талаптары ішінара орындалып отырды. Жұмысшылар компания басшылығының, жергілікті атқарушы органдардың қысымына байланысты наразылық шараларын жалғастыра алмай, олармен келісуге мәжбүр болды. «Алайда компаниялардың жұмысшылар талабына көнуі – жұмыс беруші заңға бағынады деген сөз емес», – дейді Пригорь.

Мұнай сервистік компанияларда қазір 150 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ал мұнай-газ саласында 55 мың адам ғана тікелей еңбек шартымен және тұрақты жұмыспен қамтылған. Қыркүйек айында 50-ге жуық мұнай сервистік компаниясыың келісімшарт уақыты аяқталғаннан кейін Қарашығанақ компаниясы қызметкерлерін қысқартқан. 1700-ден астам адам жұмыссыз қалды. Тағы 9 компания жыл соңына дейін 482 қызметкерді қысқартуды жоспарлап отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Маңғыстау облысында өткен кездесуде мұнай сервистік компаниялардың 1500 қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол еңбек дауларының едәуір бөлігі «ҚазМұнайГаз» еншілес ұйымдарында болып жатқанын атап өтті және көптеген жеке компания басшыларының жұмысшыларға жалақы төлегісі келмей, ереуілге итермелейтінін айтты. Мәселені шешу үшін Тоқаев қызметтен қысқартылған мамандармен жұмыс істеу үшін «ведомствоаралық штаб» құруды тапсырды.

Бірақ жұмысшылардың қысқаруының салдарына қатысты шаралар қолдану — еңбек дауындағы іргелі мәселені шешуге көмектесе алмайды. Ереуілге шыққан қызметкерлер тікелей еңбек шарттарын ресімдеуді және кәсіподақтарды заңдастыруды талап етуді жалғастырып келеді, тіпті мемлекеттің жалақыны штат жұмысшыларымен теңестіру туралы ұсынысын да ақылға қонымсыз деп санайды. Алайда мемлекеттің еңбек дауларындағы құрылымдық кемшіліктерге назар аударғысы келмеуі – наразылық акциясының біржола тоқтайтынына кепіл бола алмайды.