3765
4 апреля 2024
Ирина Гумыркина, суретті Бейімбет Молдағали түсірген.

Тағы да дайын болмай қалу

Қазақстан билігі 30 жылда сол күйі су тасқынына дайындалуды үйренген жоқ

Тағы да дайын болмай қалу

Қазақстандағы 2024 жылғы су тасқыны көп жылдан бергі ең ауқымды тасқын болды және ол жергілікті билік те, республикалық билік те төтенше жағдайларға дайын емес екенін тағы бір рет көрсетті. Ал шенеуніктердің жағдайды бақылауда ұстап отырмыз дегені бос уәде күйінде қалып отыр.

Жыл сайын Қазақстанда су тасқыны болады. Ол көбіне белгілі бір аймақтарда қайталанады. 2010 жылы Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында су қоймасының бөгеті жарылды, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасыды, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында, 2013 жылы Қарағанды ​​облысындағы Көкпекті су қоймасында бөгет жарылды. 2014 жылы Ақмола облысында су тасып, 2015 және 2017 жылдары бірден бірнеше облыста – солтүстікте, шығыста және орталықта су тасқыны болса, 2018 жылы дәл осы өңірлерде жағдай қайталанды. 2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуына байланысты Түркістан облысының Мақтаарал ауданын су басты, 2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды ​​облыстары су тасқынынан зардап шекті. 2023 жылы жағдай Батыс Қазақстан мен Ақтөбеде, сондай-ақ Түркістан, Павлодар, Абай облыстарында қайталанды. Биыл тасқын су бойынша ең қиын жағдайды тағы да солтүстік және батыс облыстар бастан өткеріп жатыр.

Табиғи апаттардың алдын алуға миллиардтап ақша бөлініп, «Қазгидромет» жыл сайын су тасқыны болады деп болжам жасап, қай өңірлерде су басуы мүмкін екенін ескертсе де, жыл сайын құзырлы органдар «су тағы да ойламаған жерден келді» деп, апатты жағдайға дайын емес болып шығады.

Биыл су тасқынына қарсы іс-шараларға бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінгенімен, іс жүзінде бұл мақсатқа ақшаның жартысы ғана жұмсалған. Сөйте тұра төтенше жағдайлар министрлігі тиісті қаржының болмауынан жеті жылдан бері көп жұмыс аяқталмай қалғанын айтады.

Президент пен үкімет қазіргі су тасқыны жағдайына әкімдіктерді кінәлады, айтуынша, оларға қауіп-қатер туралы ескертілгенімен, қауіпті бағаламай, оған дайындалмаған көрінеді.

Қыс қарлы болуынан-ақ еріген қар суы көп болатынын болжай беруге болады және ол тек өзендерде ғана болмайды. Бұл қарапайым логика. Сондықтан да төтенше жағдайлар министрлігінің болжамында тек өзендер мен су қоймалары ескерілгенін, судың олар күтпеген жерден – даладан келгенін мойындауы кәсіпқойлыққа жатпайды. Оған қоса су тасқынының шегін өткермедік: ел аумағының үштен біріне жуығын әлі қар басып жатыр.

Әр өткен төтенше жағдай биліктің оған әрекет етуге дайын еместігін көрсетіп келеді: жер сілкінісі болса, ескерту жүйесі істемей қалады не қабылдау бекеттері жабық болады. Өрт болса, сөндіретін құрал жоқ болып шығады. Су тасқыны болып, су басқан аймақ тұрғындары мәселесін шешуді талап етсе, оларға “заңсыз митингке шыққаны үшін” айыппұл салады.

Премьер-министр Олжас Бектенов шенеуніктерді «егжей-тегжейлі тексеруге» уәде берсе, президент бірқатар шенеунікке, соның ішінде су тасқынынан зардап шеккен облыс әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады. Алайда көп жыл бойы қалыптасқан жүйелі салғырттық тұсында кінәні жекелеген шенеуніктерден іздеу бос әурешілік. Қатаң сөгіс те, кадрлық өзгерістер де жағдайды өзгертпейді.

Мәселе өткен қайғылы оқиғалардан ешкім сабақ алмауында, жауапты тұлғалардың ұмтылып жұмыс істемеуінде болып тұр. Осындай ауқымды су тасқынынан кейін енді шенеуніктер құрғақшылыққа да дайын болмай шығады, жауапкершілікті қайтадан бір-біріне аударады. Осылай қайталана береді.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.