Он жылдан бері Қазақстан үкіметі мұнай-газ секторындағы заң бұзуды қатаң жазалап келеді. Үкімет мұнай компанияларын экологиялық айыппұл арқылы мойынсұнуға көндіруге бұрын да тырысып жүрсе де, жақында Қашаған операторларына салынған 4,4 миллиард доллар көлеміндегі айыппұл мен миллиондаған сомадан тұратын өтемақы талаптары бюджетті және Ұлттық қорды толықтыру әрекеті деп санайды сарапшылар.
Read this article in English.
Читайте этот материал на русском.
2023 жылы күкірт сақтауға қатысты проблема Қазақстан үкіметін әлемнің ірі мұнай компанияларынан сот арқылы өтемақы талап етуге мәжбүрледі. Ресми дереккөздер талап-арыздың жалпы сомасы 2,3 трлн теңге (осы мақала жазылған кезде 4,4 млрд доллар) екенін хабарлайды, бұл Қазақстан үшін рекорд сома.
Айыппұлдың көп екеніне қарамастан, құрамына Shell, Eni, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC және Inpex, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» мемлекеттік компаниясы кіретін Солтүстік-Каспий операциялық консорциумы (NCOC) пайдаланып отырған Қашаған кен орнынан Қазақстан биілігі назар аударған экологиялық заң бұзу оқиғаларының бір бөлігі ғана.
Қоршаған ортаға залал
2022 жылғы инспекция бірқатар заң бұзуды, соның ішінде күкіртті сақтаудың шекті нормасының асып кеткенін анықтағаннан кейін Қазақстанның жергілікті соттары 4,4 млрд долларға талап-арыз түсірді. Күкіртсутектің көптеп шоғырлануы (H2S) Қашаған кен орнындағы басты техникалық кедергінің бірі. Ол өте улы және бояғыш, пестицид, полимер мен фармацевтикалық препараттар шығаруға қолданылуы мүмкін болғандықтан, H2S шикі мұнайдан бөлініп алынғаннан кейін дұрыс сақталуы керек. Оған немқұрайлы қарау адамға да, қоршаған ортаға да қауіп төндіруі мүмкін.
Алғашқы айыптаудан кейін NCOC компаниясы заң бұзғанын мүлдем мойындаған жоқ. 2023 жылы наурызда экология министрлігі осы компанияға күкіртсутекті дұрыс сақтамады деп айыппұл салғанын растады. 4,4 млрд доллар көлеміндегі айыппұлға консорциум қарсы шағым түсіріп, бұны жергілікті сот қабылдамады.
«NCOC пікірінше, бұндай көлемдегі айыппұл ақылға сыймайды. Бұны соншалықты залал келтіретіндей шын заң бұзу дегеннен гөрі, әлдебір өтемақы алуға арналған тұзақ деуге болады. 5 млн доллар деген аз ақша емес», — деді «Власть» тілшілеріне аты-жөнін жарияламауды жөн көрген Лондон саяси консультанттарының бірі.
Бірақ 2023 жылы қарашада консорциум бойынша негізгі серіктестер 200 млн доллар көлемінде ақшалай төлем ұсынған-мыс. Bloomberg деректеріне сәйкес, қаражат әлеуметтік жобаларға арналады.
2024 жылы қазанда айыппұл толықтай жойылатындай көрінген кезде консорциум екі жыл ішінде 110 млн доллар төлеп, істі келістіруді ұсынған-мыс. Бірнеше аптадан кейін арнайы апелляциялық сот ресми түрде айыппұлды күшінде қалдырды.
17 желтоқсанда өткен брифингте экономика министрі Нұрлан Байбазаров үкімет әлеуметтік жобаларға ақша құю арқылы айыппұлды ретке салу туралы ресми ұсыныс алған жоқ деп мәлімдеді, бірақ болашақ келіссөздерге жол ашық екенін білдірді.
«Бәлкім, сот кезеңдерінің бірінде медиациямен жол табармыз. Бұл мәселені реттеу үшін бейбіт келісім жасауға болар еді», — деді Байбазаров.
Мұнай саласының ардагері және Energy Monitor Телеграм арнасының авторы Нұрлан Жұмағұлов «Власть» тілшілеріне бұл халықаралық консорциумдар өзіне қатысты дауды соттан тыс тәртіппен реттеуге тырысып жатқан алғашқы жағдай емес екенін айтты.
«NCOC бұрын ЭКСПО-2017 [Астанадағы] көрмесін дамытуға қаржы бөлу арқылы экологиялық айыппұлды жеңілдеткен болатын. Қазір де олар сол жолмен жүріп көруге әрекет етуі ғажап емес», — деді Жұмағұлов.
NCOC консорциумы мен соған қатысушылар «Власть» редакциясының пікір беру туралы сауалына жауап берген жоқ.
Қашағанның ақшасын Астанаға пайдалану
2022 жылғы президентті сайлау алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында үкіметке елдің Ұлттық қорының активін 100 млрд долларға жеткізу бойынша шара қабылдауды тапсырды. Сол кезде Ұлттық қорда шамамен 55 млрд доллар болды, бұл негізінен мұнай секторында істейтін компаниялардың жарнасы есебінен жиналды.
Соңғы екі жылда Ұлттық қор 31 трлн теңгеден сәл аз деңгейге жетті (62 млрд доллардың шамасы, өсім 12%). Бұған бюджеттің тесігін жамауға тырысып, үкіметтің қордан қаражат алуы жиілегені себеп.
Үстеме табыстан бөлек, Ұлттық қор, сонымен қатар, айыппұлдар да жинайды, ішінде мұнай секторындағы компаниялардан өндірілетін экологиялық айыппұл да бар. Осылайша, экологиялық залалды жоюға немесе зардап көрген аудандағы өмірді жақсартуға тікелей жұмсаудың орнына, экологиялық айыппұлдың ақшасы алдымен Ұлттық қорды басқаратын Орталық банктің қолына түседі, содан кейін барып «көзделген» немесе «кепілденген» трансферттер арқылы, болмаса мына жерде нақты көрсетілгендей — мемлекеттік активті сатып алу арқылы мемлекеттік бюджетке жіберілуі мүмкін.
Жұмағұловтың айтуынша, Атыраудағы экологиялық заң бұзу айыппұлынан алынған қаражатты Астанаға жөнелтудің қисыны жоқ.
«Қисынға салсақ, экологиялық айыппұлдар қоршаған ортаға зиян келген жерді қолдауға жұмсалуы керек. Қазір атыраулық белсенділер экологиялық айыппұлдар Ұлттық қорға емес, жергілікті бюджетке кетсін деген үндеу тастап жүр», — деді Жұмағұлов «Власть» тілшісіне.
Әйтсе де, ел бюджетін экологиялық айыппұл есебінен жанама түрде қаржыландыру да орынды болар еді.
«Бюджет дефицитін ескеретін болсақ, Ұлттық қор туралы заң өзгереді деп болжау қиын», — деп түйді Жұмағұлов.
Үлкен айыппұлмен шектелмейді
4,4 млрд доллар көлеміндегі айыппұл NCOC үшін тосын жағдай болғанымен, Қашаған жобасының прокуратура назарына ілігуі бұл алғаш рет емес.
2013 жылы — мұнай өндіру басталғаннан кейін бірнеше аптадан соң теңіздегі кен орнын құрлықпен жалғайтын құбыр желісін осы H2S жеп қойды, бұл мұнайдың көп мөлшерінің төгілуіне, көп қаражат шығынына және жобаны қалпына келтірудің үш жылға кешігуіне әкелді.
Жобаны іске асырудың бастапқы кезеңдерінде қоршаған ортаны қорғаушылар өте улы материалдарды құрлықта және теңізде утильдеу кезінде заңсыздық пен салғырттық болғанын мәлімдеді.
2014 жылы мұнайды жағаға айдайтын құбырларға улы газдан келген залал үшін 737 млн доллар көлеміндегі үлкен экологиялық айыппұл — ENI өндіруді қалыпқа келтіру мерзімін кешіктірмеуге уәде берген кезде азайтылды.
Глазго университетінің оқытушысы Джулия Шваб жақында жарық көрген Қазақстан мен Ресейдегі ресурс ұлтшылдығын зерттейтін ғылыми мақаласында Қазақстан үкіметі өзін қоршаған ортаны қорғаумен күресуші ретінде көрсету үшін айыппұлды пайдаланды деп жазады.
«Қазақстан үкіметі Қашағандағы құбыр желісінің ақауына қатысты оқиғада қаһарманның бірі болып шыға келді».
Бақылаушылар бұл тактика Ресей үкіметі өзінің қиыр шығыс аймағында бір энергетикалық жобасына қатысты қолданған әрекетке ұқсас дейді.
«Билік «Сахалин әдісін» қолдануды ұйғарса керек, яғни компанияны кен орнына арналған лицензиядан бас тартуға мәжбүрлеп, ақырында консорциумнан құтылу үшін үлкен көлемдегі айыппұл салу деген сөз», — делінген сол кезде газетте жарияланған мақалада.
2006 жылы Ресей үкіметі мен батыс компаниялары арасында ұзаққа созылған, 30 млрд доллар көлемінде айыппұл саламыз деген дөңайбатпен аяқталған дау — «Газпром» жобаның 50 пайыз үлесіне бақылау орнатқан кезде шешілді.
«Власть» редакциясына берген сұхбатында Шваб Қашағандағы соңғы экологиялық дау басқаша көрініс тапты дейді.
«Қазақстан Сахалин дауы кезінде көп нәрсені үйренгені күмәнсіз, бірақ бұл мүлдем басқа жағдай», — деп түсіндірді Шваб.
Кіші мен үлкеннің арақатынасы
Биылдың өзінде Қазақстандағы үш ірі мұнай кәсіпорны экологиялық заң бұзғаны үшін ондаған миллион доллар болатын айыппұл арқалады.
Қаңтарда экология министрлігі бекітілген шектеуден асыра қалдық тастағаны үшін және ластайтын заттар тастағаны үшін Karabatan Utility Solutions компаниясына (NCOC серіктесі) 7,2 млрд теңге айыппұл салынғанын, «Теңізшевройлға» (елдегі ең ірі кен орнын пайдаланады) 2,8 млрд теңге (5,6 млн доллар) айыппұл салынғанын, ал «Карашығанақ Петролеум Оперейтингке» (PSA арқылы реттелетін, Қарашығанақ кен орнын пайдаланатын компания) 50 млн теңге (100 мың доллар) айыппұл салынғанын хабарлады.
Сәуір айында NCOC Каспий теңізінде газ жаққаны үшін және тазартылмаған суды ағызғаны үшін 27,7 млн доллар шамасында айыппұл төледі.
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Каспий нефть» компаниясына 2021-2022 жылдары қауіпті қалдықтарды дұрыс сақтамағаны үшін шілде айында айыппұл салынды. Атырау соты «Каспий нефть» компаниясын 13,3 млрд теңге (26,6 млн доллар) төлеуге міндеттеді, бірақ компания енді тағылған айыппен Жоғарғы сот деңгейінде күреспекші.
Экология министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев қарашада «Власть» редакциясына жазбаша берген жауабында «Karabatan Solutions», «Теңізшевройл», «Каспий нефть» пен NCOC айыппұлдарын төледі деп хабарлады. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы айыппұлға себеп болған тексеріс нәтижесін Жоғарғы сотта даулап жатыр.
Бірақ 4,4 млрд доллар көлеміндегі айыппұлдың осындай ұсақтау және нақты санкцияларға қатысы қандай? Сарапшылар бұлар бір мақсатты көздейтін екі тактика дейді: экологиялық желеумен компанияға қысым көрсету.
«Қашағанға қатысты жағдайды алсақ, үкімет консорциуммен қарым-қатынасында алдыңғы қатарға шығуға және өзін қожайын рөлінде көрсетуге мүдделі секілді», — дейді Шваб.
«Бұдан бөлек, осындай ірі айыппұл үкіметке жақсы кіріс бола алады», — деді Шваб.
Экологиялық айыппұлдар мемлекеттік қорларға ақшалай үстеме болғаннан бөлек, бұрын елдегі аса маңызды мұнай-газ жобаларының кейбірінде ыңғайсыз корпорациялық өзгерістерге қол жеткізу үшін қолданылды.
2011 жылы экологиялық айыппұл салынады деген дөңайбаттан кейін «Қазмұнайгаз» бен КПО (құрамына Shell, Eni, Chevron және Lukoil кіретін, Батыс Қазақстанда Қарашығанақ өндірісімен айналысатын консорциум) үш жылға созылған заңгерлік және салық тартысын аяқтады және «Қазмұнайгазға» 1 млрд долларға 10% акция сатып алуға рұқсат етті.
«Ерікті түрде ақша бөлу» — NCOC соңғы экологиялық айыппұлды реттеу үшін ұсынған нәрсеге ұқсайды немесе Қарашығанақты корпорациялық қайта құрылымдау халықаралық мұнай компанияларының теріс айналуына себеп болған жоқ.
Көзге көрінбейтін ластану
Сот істерінен алынған түрлі фактіні ескеріп, сарапшылар мұнай-газ жобаларындағы экологиялық заң бұзу қалыпты тірлік деп санайды. Бірақ оның ерекшелігі, кейбірі басқаларға қарағанда қаттырақ жазаланады.
2023 жылы Маңғыстаудағы Қаратұрын газ кен орнындағы апат, инфрақұрылым объектісіндегі апат нәтижесінде метанның ең көп таралуы бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткішке жетті. 205 күн бойы ластағыш газ бұрғылау алаңынан атмосфераға шығып жатты.
«Таралу ауқымы мен ұзақтығы шынымен шамадан көп, — деді BBC басылымына БҰҰ метан шығарындысы бойынша халықаралық обсерватория басшысы Манфреди Кальтаджироне. — Оның көлемі тым үлкен».
Environmental Science and Technology журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, «2022 жылғы 26 қыркүйекте Балтық теңізіндегі — жалпы көлемі 420–490 мың тонна деп бағаланған (сенімділік интервалы 95%) Nord Stream 1 және 2 екі бірдей құбыр желісіне жасалған су астындағы диверсия ғана 2023 жылғы Қаратұрындағы жарылысқа қарағанда шығарындыны көбірек бөлген болуы мүмкін».
Дарем университетінің құрметті профессоры Саймон Пирани «Власть» тілшісіне берген сұхбатында Еуразия аймағында мұнай мен газ өндіру кезінде баяғыдан проблема болып келе жатқан нәрсені енді ғарыштан анықтау жеңілдей түсті деді.
«Ресейдегі және Орталық Азиядағы ескірген құбыр желісінен және көмірсутек кен орындарынан таралған метанның жоғары деңгейі көп жыл бойы парник газдар проблемасына себеп болып келді», — деді Пирани.
Ал экология министрлігі метанның таралуы «таза метан» шығарындысына себеп болғанын жоққа шығарып, газ жаққаннан басқа ластағыш заттар таралды дейді. Наурызда кен орнының операторы, кезінде Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай адамдары тізіміне кірген бизнесмен Мұрат Сафинге тиесілі «Бозашы мұнай» компаниясына 500 млн теңге (1,1 млн доллар) айыппұл салынды.
Алты айдан кейін Алматы соты газ шығып жатқан кезде газ жаққаны үшін қосымша 2,2 млрд теңге (4,5 млн доллар) көлемінде тағы айыппұл салды.
Егер сот процесі аяқталса, қоршаған ортаны ластауға қатысты елдегі ең ірі жалғыз іске 5,6 млн доллар көлемінде айыппұл салынады — үкімет «Қашаған» консорциумынан талап етіп отырған көлемнің болмашы ғана үлесі.
Осы жерде қалу үшін отыр
2024 жылы қазанда NCOC Қазақстанның Жоғарғы сотына болып жатқан халықаралық арбитражға байланысты 4,4 млрд доллар көлеміндегі айыппұл туралы іске қатысты ішкі тыңдалымды тоқтата тұру өтінішімен жүгінді. Компания тыңдалымға негіз болған жайт «даудың келісімшартқа қатысты аспектілерін шешу жағынан айрықша білігі» бар арбитраж сотында да қаралып жатқанын айтты. Қазіргі кезде Қазақстанның Жоғарғы соты NCOC сауалын қарап жатыр.
Экологиялық айыппұлға қатысты заңгерлік тартыс жалғасып жатқан кезде Қазақстан үкіметі тағы бір талап-арыз түсірді, бұл жолы — арбитраж сотына дәл сол мұнай компанияларына қарсы 160 млрд доллар соманың талабы. Осы жолы үкімет NCOC-тың басқа акционерлерімен өнімді бөліске салу келісімі (ӨБК) бойынша алған өтемақысы әділ емес екенін дәлелдеуге тырысып жатыр.
Бірқатар ӨБК жобалар бойынша мемлекеттік-іскерлік қарым-қатынасқа жауап беретін мемлекеттік орган, ӨБК агенттігінің басшысы Бекет Ізбастин Қазақстанның арбитраждағы талабы тарихи сипатқа ие деп мәлімдеді.
«Шағым-талап бұрын шешілмей қалған мәселелерге қатысты. Сондықтан Өнімді бөлу жөніндегі келісімде көрсетілген құқығымызға сүйене отырып, Халықаралық арбитражға шағым-талап беруге мәжбүр болдық», — деді Ізбастин қыркүйекте.
Алайда, PSA басқармасы халықаралық серіктестерін үнемі көндіруге тырысатынын ескерсек, бұндай тактика Қазақстанның жалпы инвестициялық климатына әсер етуі мүмкін.
Ізбастин мұнымен келіспейді.
«Халықаралық арбитраждың талап-арызының [инвестициялық климатқа] қатысы жоқ, бұл тек үкіметтің дауды шешудің әлемдік бизнес қоғамдастықта жалпыға ортақ механизмдерін сақтауға пейілін ғана білдіреді», — деді Ізбастин.
Шваб үкімет пен компаниялар арасындағы дау-дамай тарихы мұнай өнеркәсібі пайдасы мейлінше көп екенін, компанияның «қосымша шығындарын» ақтайтынын көрсетіп отыр дейді.
«Олар сол жерде отыр, ешқайда кетпейді. Мұнай секторы пайда әкеліп тұрған кезде [шетелдік] компаниялар Қазақстанға келуін тоқтатпайды», — деді Шваб.
Бірақ ойын ережесі түсініксіз болған сайын, бұл компаниялар шыдамы сынға түсіп жатқанын сезіп отыр.
Поддержите журналистику, которой доверяют.