4938
1 февраля 2022
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Жаңа тағайындаулар. Тоқаевтың сұхбаты. Орталық Азиядағы энергия мәселесі

Өткен аптадағы маңызды оқиғаларға шолу

Жаңа тағайындаулар. Тоқаевтың сұхбаты. Орталық Азиядағы энергия  мәселесі

Жыл басында үкіметтің отставкаға кетуімен басталған өзгерістер өткен аптада да жалғасын тапты. Сонымен қатар, 25 қаңтарда Қазақстанның бірқатар өңірінде, сондай-ақ көрші Қырғызстан мен Өзбекстанда бірнеше сағатқа жарық сөніп қалды. Осы және өзге де оқиғалар Vласть апта шолуында.

Орнын босатқан шенеуніктер мен жаңа тағайындаулар

Апта басы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің лауазымынан босатылуымен басталды. Ол бұл қызметке 2020 жылғы қазанда тағайындалған болатын. Бірақ бір күн өтер-өтпестен Айдапкеловтің жаңа қызметке тағайындалғаны белгілі болды: ол қазір «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметінде. Нұрболат Айдапкелов "Бәйтерек" холдингінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау және дамыту мәселесіне жетекшілік етеді.

25 қаңтар күні президент шешімімен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев қызметінен босатылып, оның орнына Нұрлан Әбдіров тағайындалды. Имашев ОСК-ны 2016 жылдың қыркүйегінен бастап басқарып келді. Өткен жылы ол бұл қызметке қайта сайланған болатын.

61 жастағы Имашев әр жылдары Әділет министрі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Оның қызы Аида Имашева Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиевтің келіншегі.

Имашев – Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен айырылған бұрынғы президентпен туыстық қатынасы бар жандардың бірі. Бүгінге дейін бұрынғы президенттің жақындары арасында қызметін сақтап қалған жалғыз адам – Дариға Назарбаева. Ол билеуші "Нұр Отан" партиясынан Мәжіліс депутаты.

25 қаңтар күні 2019 жылдан бері Қазақстан Даму банкі басқармасының төрағасы қызметін атқарып келген Абай Сарқұловтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Оның орнына бұрын Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сандуғаш Кенжебаева тағайындалды.

11 қаңтарда мәжіліс отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Даму банкі “жеке топтардың жеке банкіне айналды” деп сынған алған еді.

Басшылық қызметіндегі өзгерістер “Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамын да айналып өтпеді. Алғашында олар штат екі есеге қысқартылғанын мәлімдеді. Нәтижесінде "Самұрық-Қазына Инвест" ЖШС бас директоры Аслан Сұлтанов, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарма төрағасы Болат Сандықбаев, "Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС бас директоры Алмас Ақылов, "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" ЖШС бас директоры Серікбек Елшібековтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Бір күн өткеннен кейін "Самұрық-Қазына" қоры компанияларының басшылық құрамынан тағы 7 адам қызметінен босатылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, үш басқарушы директор, екі бірлескен басқарушы директор, "Біріккен химия компаниясы" ЖШС басшысы және Samruk-Kazyna Trust бас директоры қызметінен кетті. Сонымен қатар, портфельді компанияға сатып алуға жауапты барлық басшыны қызметінен босату ұсынылған.

Жоғары биліктегі кадрлық өзгерістер мен тағайындаулар мұнымен аяқталған жоқ. Атап айтқанда, қаңтар оқиғасынан кейін Ішкі істер министрлігі аумақтық полиция департаменттерінің басшысын ауыстыруды белсенді жүргізіп келеді. Өткен аптада Қостанай облысы полиция департаментінің басшысы ауысып, бұл қызметке Ерлан Омарбеков тағайындалды. Осымен жыл басынан бері жеті аймақта полиция басшылығы ауысты.

Аптадағы маңызды өзгерістің бірі – "Нұр Отан" партиясындағы төрағалық Тоқаевқа өтті. 28 қаңтар күні "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс XXI съезінде оның жаңа төрағасы болып президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды.

1999 жылы құрылған сәттен бастап партияны Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келді. Күзде ол бұл лауазымды қазіргі президентке беру ниеті туралы мәлімдеген болатын.

Кезектен тыс съезде “Нұр Отан” партиясы 92 адамнан тұратын саяси кеңесінің құрамын жариялады, оның жартысынан көбі жаңартылған. Саяси кеңестің құрамындағы мемлекеттік қызметшілердің саны үштен бірге қысқарды, "азаматтық сектордың өкілдігі айтарлықтай өсті", – делінген ақорда хабарламасында.

Саяси кеңестің жаңа құрамына президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат пен Мәжіліс спикерлері Мәулен Әшімбаев және Нұрлан Нығматуллин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов кірді.

Саяси кеңестің құрамына алғаш рет елдің премьер-министрі, сондай-ақ бірде-бір министр мен әкім кірмеген.

Сонымен қатар, билеуші партияның саяси кеңесінің жаңа құрамына партия төрағасының қазіргі бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, бизнесмендер Болат Өтемұратов пен Эдуард Огай және басқалар кірмеген.

Бірнеше өңірде жарықтың сөнуі

25 қаңтар күні сағат 12:00 шамасында Қазақстанның бірқатар өңірімен қатар Өзбекстан мен Қырғызстанның кейбір аймақтарында электр энергиясы өшіп қалды. Қазақстандағы электр желілеріне жауапты KEGOC компаниясы бұған Орталық Азияның энергия жүйесіндегі апаттық теңсіздік себеп болғанын мәлімдеді. KEGOC мәлімдеуінше, "Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік Қазақстанға" 500 кВ көлемінде қуат тартылу салдарынан оңтүстік аймақтың едәуір бөлігінде жарық өшіп қалған. Бұл мәселенің туындауын үш ел бірін-біріне сілтеді. Кейін Өзбекстанның энергетика министрлігі жергілікті уақыт бойынша сағат 11-де (Алматы бойынша сағат 12-де) елдің энергия жүйесінде ірі апат болғанын растады. Қазақстанда шамамен сағат 16:00-де электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. Жарық сөнген кезде барлығы 92 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалған.

Фото авторы: Алмас Қайсар

Тоқаев сенбі күнгі сұхбатында не айтты?

29 қаңтар кешкі уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Хабар 24” мемлекеттік арнасына берген сұхбаты жарияланды. Президент сұхбатта қаңтар оқиғасы кезінде қабылдаған шешімдері, парламентті реформалау, Назарбаевпен қарым-қатынасы жайлы айтып өтті. Негізгі айтылған сөздерін келтіріп өтсек:

- Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арада ешқандай “сауда" болмағанын айтты.

- "Жоқ, әрине, ешқандай да “сауда” болған жоқ, жеке басқа артықшылық беру туралы да әңгіме болған жоқ. Тек Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының мәртебесі туралы мәселені шұғыл шешу қажеттігі туралы сөз болды. Жағдай ушыққан кезде, жасыратыны жоқ, мен халыққа жолдау жасап, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығына жауапты болатыным жайлы мәселе қойдым. Бұл мәселе бірден шешілді", – деді Тоқаев.

- Сұхбатта президент қаңтар оқиғасы кезінде ескертусіз оқ атуға шешім қабылдағанын айтты, себебі оның сөзінше, “құқық қорғау органдары мұндай жауапкершілікті өз мойнына алудан қорқады”. Бұл бұйрық президенттің халыққа ресми үндеуіне дейін берілген.

- "Мен аталған жағдайда құқық қорғау органдары басшыларының бірыңғай іс-қимыл жоспары болмағанын айтқан болатынмын. Түсініспеушілік болды, мен мұны ашық мойындауым керек. Менің айтайын дегенім, құқық қорғау органдарының басшылары жауапкершілікті өз мойнына алудан, бастаманың толық болмауынан қорықты. Мен оларға: “Егер маршал Рокоссовский мен маршал Жуков күн сайын Сталиннен белгілі бір әрекеттер жайлы рұқсат сұрап отырса, олар соғыста жеңер ме еді?” дедім. Бұл нағыз соғыс еді, жауапкершілікті мойнымызға алуымыз керек еді, бізде заң осындай", – деді Тоқаев.

- Ол сенбі күнгі сұхбатында Алматы атауы мен оның әкіміне қатысты кадрлық шешімі жайлы да айтып өтті. Тоқаев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкаға кетуін талап ететін петицияны көргенін растады. "Әкімге келетін болсақ, ол өмірінде алғаш рет қиын жағдайға тап болған шығар. Бірақ бәрі бірдей мұндай жағдайда шешім таба бермейді, сондықтан мен оны кінәламас едім. Ол қызметтік міндеттерін орындау тұрғысынан адал адам болды, бірақ мен алматылықтардың көңіл-күйін ескеруге міндеттімін, сондықтан уақыты келгенде білесіздер", – деп тұспалдады.

- 31 қаңтар күні Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қызметінен кетті. Оның орнына бұған дейін Ұлттық банк төрағасы болған Ерболат Досаев тағайындалды.

- Тоқаев, сондай-ақ президенттік жылдарында қоғам мен бүкіл саяси жүйені өзгертуге ниетті екенін айтып өтті.