6293
27 января 2022
Дмитрий Мазоренко, Алмас Қайсар, арнайы OpenDemocracy үшін, фотолар Алмас Қайсар

Наразылықтан дүрбелеңге дейін: Қазақстанның әділдік пен жақсы өмір үшін күресі

Қазақстанда жыл басында басталған наразылық акциясы қарулы тәртіпсіздікке ұласты. Билік әрекетіне қатысты қоғам түрлі көзқараста, бірақ билік не елдегі болған оқиғаға, не өз әрекетіне нақты түсініктеме бере алмады

Наразылықтан дүрбелеңге дейін: Қазақстанның әділдік пен жақсы өмір үшін күресі

Vласть OpenDemocracy сайтында жарияланған Қазақстандағы қаңтар оқиғасының хронологиясы, негізгі оқиғалары мен қарама-қайшылықтары туралы мақаланың қазақ тіліндегі нұсқасын жариялайды

2 қаңтар күні Қазақстанда сұйытылған газ бағасының күрт өсуіне байланысты наразылық акциясы басталды. Наразылықты Маңғыстау облысының мұнай және тау-кен кәсіпорындарының жұмысшылары, қалалар мен ауыл тұрғындары қолдады. Бірнеше күннен кейін наразылық акциясы елдің көптеген қала мен облысында қолдау тапты. Кей қаладағы митингілер ғимараттар мен инфрақұрылымдарға жасалған қарулы шабуылға айналды (шабуыл артында кім тұрғаны және оларға нақты кім қатысқаны әлі белгісіз).

Наразылар қауымы

Алматыда 4 қаңтар күні кешке Oyan, Kazakhstan! саяси қозғалысының бір топ белсендісі соңғы 30 жылдағы Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитар режимі құрған «киелі орындардың» бірі – тұңғыш президент саябағына жинала бастады. Саяси белсенділер жаңбыр астында тұрып, халықты Маңғыстау облысындағы наразылық акциясын қолдауға шақырып жатты.

Белсенділер басқа да наразылардың жиналғанын күтіп тұрды. Өздерін суретке түсіріп жүрген белгісіз ер адамды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері деп күдіктеніп, оған сескене қарады. Сол кездің өзінде олар полиция халықты қорғау үшін келмегенін сезгендей болды.

Біраз уақыттан кейін белсенділер қатарына бір топ еркек қосылды. Олардың кейбірі бұрын Oyan, Kazakhstan! қозғалысымен қақтығысқан жас ұлтшыл-патриоттар ретінде танымал. Сол кеште белсенділер арасында идеологиялық қайшылықтар маңызын жоғалтқандай.

Oyan, Kazakhstan! шеруі, фото Дмитрий Мазоренко

Жиналғандар шағын көшемен шеруге шықты, бірақ көп ұзамай шерушілерді полиция қызметкерлері тоқтатты. Кейін наразы топтың жартысы қашып үлгерді, тағы бір жартысын полиция босатып жіберді. Енді бірін полиция ұрып-соғып немесе күш көрсетіп, асфальт бойымен сүйрете ұстап алып кетті.

Полициядан қашып үлгерген белсенділер кейін Алматының шетінде тағы бір наразы топқа қосылды. «Алматы Арена» спорт кешенінің жанындағы митингіге тіркелмеген Қазақстанның Демократиялық партиясы шақырған болатын.

Алайда ол жерге жиналғандардың жартысы ешбір саяси ұйым не қозғалыс құрамында жоқ, ал кейбірі “Қазақстан демократиялық партиясының” жетекшісі Жанболат Мамайға “билікке қатысы болуы мүмкін” деген күдікпен қарайтын азаматтар еді. Жақында Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекпен соттасқан Мамайдың өзі мұндай айыптаулар теріс екенін бірнеше рет айтқан болатын.

Бірнеше сағатқа созылған митингіден кейін қатысушылардың бәрі 18 шақырым жерде орналасқан қала әкімдігі ғимаратына бет алды. Шерушілер саны шексіз болып көрінді, себебі шерудің басы-аяғын анықтау қиын. Азаматтар көліктермен қатар араласып жүрді. Бірнеше көліктің терезесінде Қазақстан туы ілініп тұрды, шерушілердің кейбірі көліктің жүксалғышына мініп алған. Кейде әнұран шырқап, «Алға, Қазақстан!» деп ұрандатты. Жақын маңдағы тұрғындар балконға шығып, наразыларды қолдау мақсатында су мен медициналық бетперделер таратып тұрды.

Абай көшесіндегі шерушілер, фото Алмас Қайсар

Толқу түні

Наразылық акциясына қатысушылар жол бойы бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып келді. Олар өздерін толғандырып жүрген мәселе жайлы ой бөлісіп, митингідегі ортақ талаптары да бір жерден шығатынын анықтады – тек газ бағасын төмендетуді ғана емес, бүкіл саяси жүйені өзгертуді талап етпек болды.

Ұзақ жыл бойы тек өзінің қалтасын қампайтумен ғана айналысқан билік элитасы азаматтарға әлеуметтік осалдық, әділетсіздік пен кедейліктен басқа ештеңе бере алмады. "Назарбаевтар отбасы бізді үнемі тонап келеді! Біз оларды тойдыру үшін ғана өмір сүріп жатқандаймыз. Бұған сіздер де наразысыздар ма?" – деп ашуланды шеруге қатысушылардың бірі.

Бірнеше мың адам әкімдік іргесіндегі алаңда наразылығын білдіруге даяр болды. Олардың қатарында саяси қозғалыс мүшелері, қызмет көрсету саласының жұмысшылары, қаланың шет аймақтарындағы жұмыссыз жастар, іштегі мигранттар және аздаған қалалық орта таптың өкілдері де болды. Қазақстандағы наразылық акцияларын зерттеуші, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, наразылық білдірушілерге ұйытқы болғандар – жас жігіттер, 20 мен 40 жас аралығындағы қазақтар (Бейсембаев мұндай қорытындыға наразылық өткен аймақтар туралы бұрынғы зерттеулерінің негізінде, сондай-ақ шеруден түсірілген бейнежазба мен фотоны зерттеу нәтижесінде келген.)

Наразы топ Республика алаңына жеткенде, алаңда бос орын қалмады. Барлық дерлік бөлігі шерушілерге толы болды. Полиция қалқан мен резеңке шоқпарларын қолданып, жиналған жұртқа бірден тойтарыс берді. Сондай-ақ, қауіпсіздік күштері шулы гранаталар лақтырып, көзден жас ағызатын газ шаша бастады. Газдың күші тіпті алаңнан бірнеше шақырым алыс орналасқан көшелерде де сезілді.

Шерушілердің біразы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай орнатылған байрақтарды жерден суырып алып, сол арқылы кері қарсылық көрсете бастады. Одан кейін наразылар қақтығыста қауіпсіздік күшінен тартып алған қалқандар мен қаланың кейінгі екі әкімі көптеп салған тас төсеуіштерін (брусчатка – V) қолдана бастады.

Республика алаңындағы наразылар мен полицейлердің қақтығысы. Алматы, қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні, 2022, фото Алмас Қайсар

Көп ұзамай шерушілерге қарсы әскер жіберілді деген әңгіме тарады. «Қашпаңдар! Неге келдіңдер?» деп кейбірі шегініп бара жатқан халыққа үндеу тастады. Арасындағы бірінің бұйрығымен наразы топ полицияның арнайы жасағына шабуыл жасауға кірісті. Наразылардың бір бөлігі Кеңес үкіметі кезінде Қазақ Кеңестік республикасының үкіметі орналасқан Астана алаңына қарай жылжи бастады. Бірнеше сағат бойы олар күш жинап, содан кейін полициямен қайта қақтығысуға кірісті.

Түн жарымнан кейін бірнеше жігіттен құралған топ жүк көлігіне мініп алып, әкімдік маңында жиналған наразылардың алдыңғы қатарына барды. Қазақстан туын ұстағандар жүк көлігінің үстіне шығып алды. Дәл осы кезде қолдарына «Халық ояу!», «Үкімет отставкаға кетсін!», «Банк халықты сорып жатыр», «Қымбатшылық тоқтатылсын!» деп жазылған плакаттар ұстаған бір топ наразылар өтіп кетті. Осы сәтте шерушілер бір қуанып қалды.

Түні бойы наразылар қауіпсіздік күштеріне қарсылық көрсетті. Оларды үнемі ығыстырған соң қаланың әр бөлігіне тарап кетті. Шулы гранаталардың жарылысы күшейген сайын тойтарыс беру күші де күшейе түсті – жас жігіттер топ-тобымен полиция көліктерін талқандауға кірісті. Жарақат алғандарды жолай өтіп бара жатқан көліктер алып кетіп жатты. Бірақ наразылар тарап кетпей, алаңда тұруын жалғастыра берді.

Қаңтардың 5-іне қараған түні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланатынын хабарлады. Тоқаев, сонымен қатар, газдың шекті бағасын төмендетуді, жанар-жағармай мен ең қажетті тауарлардың құнын реттеуді тапсырды. Ол коммуналдық қызмет тарифінің өсуіне алты айға мораторий енгізді. Ал 6 қаңтар күні таңертең үкіметтің отставкаға кеткені қосымша хабарланды.

Өртке оранған алаң

Бұл шешімге қанағаттанбаған наразылар таңертең шабуылды жалғастырмақ болды. Алматының орталығында орналасқан көптеген дүкен, дәмхана мен банк бөлімшелері сол күні жұмыс істемеді. Қоғамдық көліктер тоқтап қалды, интернеттің бұғатталуына байланысты такси де қызмет көрсетпеді. Республика аумағын бронетранспортер мінген әскерилер қоршауға алды. Жерде қан іздері жатты.

Күннің екінші жартысында Төле би көшесінде тағы бір үлкен шеру басталды. Шеру жақын маңдағы үйлер мен аудан тұрғындарынан кездейсоқ өздігінен құрылды. Ал қалған бөлігін кешегі әкімдік маңындағы қақтығысқа қатысқандар құрады. Шерушілердің талабы әртүрлі болды: бірі баспана мен несие мәселесіне байланысты көшеге шықса, енді бірі жалақыны көтеруді талап етті.

Наразы топ арасында әскери немесе полиция киімін киген азаматтар көріне бастады. Әлеуметтік желіде куәгерлер тарапынан полиция мен әскери қызметкерлердің наразылар жағына өткені туралы көптеген қауесет тараған болатын. Бақылаушылардың пайымдауынша, олар көзге түспеу үшін өздерінің жабдығын басқа шерушілермен бөліскен. Бірақ бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексере алмадық.

Кейбір шерушілер өздерінің сыртқы келбеті арқылы басқа наразылар арасында үрей тудырды: оларды радикал діни ағымның жақтаушылары деп ойлағандар болды. Жолсөмке ұстаған сақалды адамды наразылар қоршап алып, «Бұл ваххабит емес пе, не көтеріп жүр?» деп сөмкесін ашуды талап етті. Алайда сөмкеде маңызды ештеңе болған жоқ. Шерушілер арасында осыған ұқсас он шақты азамат байқалды.

Жолай шерушілердің шағын тобы қатардан бөлініп шығып, билік партиясы «Нұр Отан» филиалының терезесін сындыруға ұмтылды. Көп ұзамай бұл ғимарат та отқа оранды. Кейін шерушілер қауіпсіздік күштерінің қозғалысына кедергі жасау үшін жолды жаба бастады. Кейде олар полиция қызметкерлерін іздеп, өтіп бара жатқан жедел жәрдем көліктерін тоқтатып, ішінде кім бар екенін тексеріп отырды. Олардың ойынша, жедел жәрдем көлігінде қауіпсіздік қызметкерлері болуы мүмкін еді.

Одан кейін шерушілер Төле би көшесіне тақтайша, тас төсеуіштер мен басқа да құралдардан баррикада тұрғыза бастады. «1986 жылдан бері мұндай жағдай болған жоқ!» деп куәгерлер болып жатқан жағдайға таңданысын жасырмады. 1986 жылы орталық биліктің шешімімен келіспеген наразылар мен билік арасында бұдан кем емес қақтығыс болған еді. Ол жылы наразылыққа Қазақ Кеңестік Республикасының басшысы етіп Қазақстанда тұрып көрмеген этникалық орыс Геннадий Колбинді тағайындау себеп болды.

Осы уақытта шерушілер «Оян, Қазақстан!» деп ұрандата бастады. Олардан бөлініп шыққан топ түрлі нысандарға басып кіріп, терезелерді сындырып, бақылау камераларын істен шығара бастады. Бейбіт наразылар олардың бұл әрекеттерін басуға тырысқанымен, нәтиже бермеді. Жақын аймақтарда көзден жас ағызатын газ шашыла бастады. Халық арасында оны маңайдағы үйлердің төбесінен шашып жатыр деген әңгіме тарады.

Бірте-бірте шерушілер наразылық акциясы өтіп жатқан Республика алаңына жетті. Жиналған жұртқа әкімдік ғимаратынан петарда, шулы гранаталар мен көзден жас ағызатын газ лақтырылып жатты. Осы кезде бірнеше ер адам ғимараттың терезесі мен есіктерін сындырып, ішке басып кірді.

Басып алынған әкімдік ғимаратының алдында тұрған шерушілер. 2022 жыл 5 қаңтар, фото Алмас Қайсар

Қолдарын жоғары көтерген әскерилер ғимараттан шыққанда қалың жұрт оларды бірден қоршап алды. Шерушілердің бірі әскерилерді ұрып-соғуды талап етсе, екінші бір тобы оларды соққыдан сақтауға тырысты. «Біз бұл жерге ғимаратты қирату үшін келген жоқпыз, бізге саяси өзгерістер, өмір сүру сапасын жақсарту керек!» деп түсіндірді наразылар. Наразылық білдірушілер сарбаздарды ұстап алып, қаруларын тартып алған жағдайлар жиі болды.

Наразылар әкімдіктен құжат толы бумалар мен қағаздарды сыртқа лақтырып жатты. Олар ғимараттың ішін де қирата бастады. Кейін бірінші қабаттағы кеңселердің бірінен өрт шығып, шерушілердің біразы оны сөндіруге тырысты. Осы сәтте Тәуелсіздік монументі жақтан “Шал, кет!” деп ұрандатқан дауыстар естілді.

Артынша президент резиденциясының маңынан оқ атқылаған автомат дыбысы естіле бастаған тұста төменгі көшеге әскери жүк көлігіне мініп алған бір топ шеруші келіп тоқтады. Олар алаңдағы жастарды жинап алып, қаруларын асынып, резиденцияға қарай бет алды. Басқа наразылар да олардың артынан ерді. Бұл сәтке дейін атылған оқ дауысы толастаған жоқ.

Арасында жараланғандар да болды. Оларды атыс болып жатқан аймақтан тысқары шығарып жатты. Наразылардың бірі бірнеше адамның қаза тапқаны туралы айтып қалды. Алаңға шыққандардың кейбірі қауіпсіздік күштеріне жақындағанда оларға қарсы соғыс патрондарымен оқ жаудыратынына сенімді болды, ал кейбірі резеңке оқпен аяқтан ататынын айтты. Қала көшелерін басқан қалың тұман одан сайын күшейе түсті.

Кешке қарай әкімдік маңында баррикадалар салына бастады. Бұл наразылықтың қарулы дүрбелеңге айнала бастаған сәті. Сол жерде жүрген куәгерлер қару қоймалары тоналып, полиция бөлімшелеріне шабуыл жасалып жатқанын хабарлап жатты. Қолдарына қару ұстаған адамдар бейбіт шерушілерді көшеден ығыстыра бастады. Қаза тапқандар туралы алғашқы хабарламалар түскенімен, оларды тексеру мүмкін болмады, себебі қалалық полиция бөліміндегі қоңырауларға ешкім жауап бермеді.

Әкімдіктегі өрт одан сайын күшейе түсті, ал резиденцияға кірер жолда жас жігіттер қаптап жүрді. Көп ұзамай әкімдікке қарама-қарсы орналасқан мемлекеттік телеарналардың ғимаратында да өрт тұтанды. Сырттан бүкіл алаң отқа оранғандай көрінді.

Наразылық акциясынан қарулы тәртіпсіздікке дейін

Біраз уақыттан кейін прокуратура ғимаратының да өртенгені белгілі болды. Түнде белгісіз біреулер түрлі нысандарды, соның ішінде ауруханалар мен әуежайды басып алуға тырысқан. Шабуыл қаладағы полиция бөлімшелеріне де жасалған. Әкімшілік ғимараттарының жанында қаруланған адамдар қарасы көбейе түсті.

Шабуылшы топтың нақты кімдер екенін анықтау қиын. Бірақ Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматыда мұндай әрекетке экстремистер мен арнайы қылмыстық топ, бұзақылар барған. Сондай-ақ, оларды кім және қандай жағдайда басқарғаны, бір-бірімен байланысы бар-жоғы белгісіз. Қазір департамент бұл фактілерді анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.

Әлеуметтік желіде тоналған дүкен, мейрамхана мен банктердің фото-видеолары көптеп тарады. Қала аумақтарында полиция мен әскерилер саны азая бастады. Оқиғаның куәгерлері бұзақыларға ешкімнің дерлік қарсылық көрсетпегенін байқаған.

10 қаңтар күні Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы тәртіпсіздіктер ел экономикасына 2-3 млрд доллар шығын әкелгенін айтты.

Мұндай тәртіпсіздіктер Қазақстанның басқа да бірнеше аймағында өтті. Атап айтқанда, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында басқыншыларға қарсы күрес операциясы жүргізілді. Таразда үш полиция ғимараты мен облыс әкімшілігі өртенді. Қазақстанның батыс аймағындағы Ақтөбе қаласында облыс әкімдігінің үш қабаты қирап қалды. Алматыдан алыс емес Талдықорған қаласында басқыншылар түрмені басып алмақ болғанымен, бұл әрекеті іске аспаған.

Наразылық кезінде өртенген автомобиль. Тараз, 7 қаңтар 2022, фото OpenDemocracy

Интервенцияға қарсы

6 қаңтарға қараған түні Қазақстанның барлық өңірінде төтенше жағдай режимі жарияланды. Сонымен қатар, Тоқаев ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) мемлекет басшыларынан Қазақстанға әскер жіберуді сұрады. Бірінші болып Ресей мен Беларусь президенттері көмекке дайын екенін білдірді, көп ұзамай оларға Армения, Тәжікстан мен Қырғызстан әскерлері қосылды.

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ әскерлері мемлекеттік нысандарды қорғау үшін шектеулі уақытқа келгенін мәлімдеді. Көптеген азамат бұл шешім “егемендікке қауіп төндіреді” деп, алаңдаушылық білдірді. Жұрт бұл екі үлкен этнос, яғни қазақтар пен орыстар арасындағы жанжалға әкелуі мүмкін деп ойлады.

Олардың бұлай айтуына негіз де бар еді. Алматыда және бірнеше басқа облыста зорлық-зомбылық пен дүрбелең күшеюіне қарамастан, Қазақстанның басқа аймағындағы митингілер 8 қаңтарға дейін бейбіт түрде өтті. 6-7 қаңтар күндері қалалардағы әкімшілік орталық алаңдарға мыңдаған адам шықты, соның ішінде әр түрлі жастағы ерлер мен әйелдер де болды. Олар алаңға шыққан адамдарға ҰҚШҰ әскері шектен тыс күш қолдана бастайды деп қауіптенді. Бұған жақында болған, “Қазақстандағы этникалық орыстарға қысым жасалып жатыр” деген дәлелсіз жанжал түрткі болуы мүмкін.

Қазақстанның батысындағы Атырау қаласындағы митинг, 4 қаңтар, фото caspianlife.kz (Рахым Қойлыбаев)

Олардың бәрі бір ғана нәрсені қалады – Назарбаев режимін тоқтатып, жаңа, бақуатты өмір бастау. "Мына жерде ерігіп жүрген адам жоқ. Бәрінің отбасы бар. Үйсіз, күйсіз адам көп бізде. Қарапайым үй алу қиын. Қымбатшылық. Азық-түлік деген қымбат, жалақы жоқ, жұмыссыздық. Бұлай болмайды ғой. Үкімет бақылау жасауы керек”, – дейді Атырауда үш күнге жалғасқан митингіге шыққан наразылар. Ұлттық мәселені көтергендер болған жоқ.

Наразылық басталған батыс аймақтың тұрғындары ерекше ұстамдылық танытты. Ақтау, Атырау және Жаңаөзен қалаларында бөгде біреулердің қақтығыс не дүрбелең бастау әрекетін шерушілер табанды түрде бірден басып отырды. Ақтөбеде оқиға куәгерлерінің сөзі мен олар таратқан видеоға қарағанда, тіпті полицейлер де шерушілердің жағына қысқа мерзімге өткенін көруге болады.

6 қаңтарға қараған түні ҰҚШҰ-дан қолдау сұраған президент Тоқаев Қазақстанға лаңкестердің шабуыл жасағанын мәлімдеді.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа үндеу жасаған сәті, фото: akorda.kz

Тоқаевтың сөзіне биліктің айналасындағы сарапшылар да қосылды. Олар ҰҚШҰ әскерлері болмаса, “Алматы ислам халифатына айналар еді”, “қалада жаппай өлім жазасы және әйелдерді зорлау басталар еді” деген пікірлер айтты. Алайда 70 мыңнан астам қарулы күші бар Қазақстанның президент хабарлаған 20 мың шабуылшыға неге тойтарыс бере алмағанына ешкім жауап беруге тырыспады.

Сарапшылар да, президент те, қауіпсіздік күштері де басқыншыларды «лаңкес» деп атауға нақты не себеп болғанын түсіндірмеді. Ұстау кезінде кейбір басқыншылардың жеке заттарынан діни әдебиеттер табылған. Әзірге бұл – дәлел ретінде ұсынылған жалғыз зат. Бірақ сараптама жасалмай жатып, ол тәркіленген кітаптың неліктен экстремистік деп аталғанын ешкім түсіндірмеді.

Бұл терминді әдейі түсінікті емес қалпында қолдану салдарынан бейбіт шерушілер мен журналистер, құқық қорғаушылар «лаңкес» санатына кіріп кету қаупі бар. Әлеуметтік желіде бұл санаттағы азаматтардың көбі Тоқаевтың сөзінен кейін «антитеррорлық» операцияның соңы репрессиялық әрекеттермен аяқталады деп алаңдай бастады.

6 қаңтар түстен кейін белсенділер әкімдік ғимаратына қайта келе бастады. Бірі қоқыс жинап жатса, басқалары қолдарына «Тоқаев, әскерді (ҰҚШҰ) алып кет, біз бейбіт халықпыз» және «Біз террорист емеспіз – біз қарапайым халықпыз» деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Бірнеше сағаттан кейін наразылардың кем дегенде біреуі оққа ұшты.

Бейбіт шерушілердің 6 қаңтар күні алаңға шығуы, фото Facebook

Кінәлілерді анықтау

7 қаңтарда президент пен оның қарамағындағылар оқиғаға қатысушылардың егжей-тегжейлі анықталуын ұсына бастады. Бейбіт шерушілерден басқа радикал діни ағымды ұстанатындар, қылмыстық топтарды жақтаушылар мен тонаушылар бөлек қарастырылды.

Ресми түрде қарулы тәртіпсіздік жасағаны үшін радикал діни ағымдар мен қылмыскерлер айыпталды. Мемлекеттік телеарналардан тәртіпсіздік кезінде ұсталғандар өздерінің шетелден ақша үшін Қазақстандағы митингіге қатысуға келгенін мойындаған видеолар көрсетіле бастады.

Ұсталғандардың бірі Қырғызстан азаматы, джаз музыкант Викрам Рузахунов екені анықталды. Видеода ол дүрбелеңге қатысқаны үшін 200 доллардан астам ақша төленгенін мәлімдеді. Кейін қамаудан босатылып, еліне жеткен Рузахунов видеоға әдейі осылай айту арқылы үйіне қайтуға тырысқанын айтты. Егер азаматтық қоғам мен Қырғызстанның ішкі істер министрлігі әрекет жасамағанда, ол түрмеге қамалуы әбден мүмкін еді. Тексеру шаралары аясында Қырғызстанның тағы 38 азаматы ұсталып, бірақ көп ұзамай босатылғаны белгілі болды.

Сарапшылар елде лаңкестермен күрес емес, екі саяси кланның қақтығысы болып жатқанын алға тартты. Баспасөзде тәртіпсіздіктердің артында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш пен кәсіпкер Қайрат Сатыбалды тұрғаны жайлы қосымша тексеруді қажет ететін ақпарат жарияланды. Екеуі де Назарбаевтың немере бауырлары.

Бірақ 6 қаңтарда Әбіш пен Сатыбалдының орнына “мемлекетке опасыздық” жасады деген күдікпен ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов ұсталды. Онымен бірге оның бірнеше орынбасары да қызметінен босатылды. 17 қаңтарда Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылғанымен, комитет оның жыл сайынғы еңбек демалысында екенін мәлімдеген болатын (Кейін Самат Әбіш те қызметтен кетті). 10 қаңтар күні ҰҚК мен жергілікті полицияның бірнеше жоғары лауазымды қызметкерінің денесі жұмыс орны мен үйінде табылғаны белгілі болды.

Ал 11 қаңтар күні Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін елге төнген лаңкестік қауіпті елемеді деп айыптады. Құқық қорғау органдарының анықтауынша, кейбір облыс басқарма басшылары кеңселерін шабуылдаушыларға өз еркімен бере салған. Сонымен қатар, журналистердің мәліметінше, Тараз қаласындағы полиция қызметінің кем дегенде бір басшысы “мемлекетке опасыздық жасады” деген күдікке ілінген. Әзірге расталмаған ақпаратқа сәйкес, ол өзін күтіп тұрған айыпқа дейін өз-өзіне қол жұмсаған.

15 қаңтарда Назарбаевтың күйеубалалары Қайрат Шәріпбаев пен Димаш Досанов QazaqGaz және “ҚазТрансОйл” ұлттық компанияларының басқарма төрағасы қызметінен кетті. Сондай-ақ, бұрынғы президенттің ортаншы қызының күйеуі Тимур Құлыбаев қаңтардың 17-сі күні «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы қызметінен босады. Назарбаевтың өзі тек 18 қаңтарда ғана теледидар экранына шықты. Ол элита арасында қайшылық жоқ екенін айтып, Тоқаевтың реформалық бағдарламасына қолдау көрсетуді сұрады. Сонымен қатар, бұрынғы президент 2019 жылы зейнеткерлікке шыққанын, ал Тоқаев қазір толық билікке ие екенін түсіндірді.

Республика алаңындағы әскерилер, 6 қаңтар, фото reuters.com (Мария Гордеева)

Ұмытылған халық

Қаңтардың 6-сы мен 10-ы аралығында Алматыда қауіпсіздік күштері мен мемлекет “ұйымдасқан лаңкестік күш” деп атайтын басқыншылар арасында қақтығыстар жалғасты. Атыс әуелі қаланың 5-6 ауданын қамтыды, кейін шеткері жерлерге ығыстырылды. Қалада интернет жүйесі іске қосылмады. Азық-түлік пен коммуналдық қызметтерде төлем жасау мәселесі алға шықты. Банкоматтар істен шығып, толық бұзылып қалғандары да бар. Ақпараттың жоқтығы мен тоқтаусыз атыс – қала тұрғындарының үрейін еселете түсті.

Халықтың көбі тәртіпсіздік кезінде көшеге шықпай, үйінде отырды, бірақ қаланың инфрақұрылымын қалпына келтіріп, қоқыстарды жинау үшін халықтық жасақ құрғандар да болды. Алматы маңындағы кейбір ауыл тұрғындары көшелерін бұзақылардан қорғау үшін қарапайым азаматтардан жергілікті патруль құрған.

Қаланың бір бөлігінен екінші жағына қатынайтындарға үнемі қауіп төніп тұрды. Қарулы топтар (құрамы әлі анықталған жоқ) оларға да шабуыл жасады. Мысалы, Қазақ ұлттық университеті ректорының ұлы Эльдар Түймебаевтың өлімі, сондай-ақ, оқ жарақатынан екі баланың қаза тапқаны белгілі.

Тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан құрбандардың жалпы саны 227 адам болды, оның 19-ы қауіпсіздік саласының қызметкерлері. Бұл туралы Бас прокуратура 15 желтоқсанда ғана хабарлады. Алайда азаматтық қоғам өкілдері бұл көрсеткіш нақты емес деп есептейді. Сондай-ақ, департаменттің хабарлауынша, дүрбелең кезінде 4578 адам зардап шеккен. Қаңтар оқиғасы кезінде із-түзсіз жоғалғандар туралы мәліметтер жинайтын түрлі ұйымдарға әлі де жүздеген өтініштер келіп түсуде.

11 қаңтар күні таңертең Ішкі істер министрлігі 10 мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады. Бірақ департамент адамдарды ұстау кезінде оларда қару-жарақ немесе бағалы заттар болып-болмағанын әрдайым нақтылай бермейді. Сондықтан еш себепсіз ұсталғандардың саны туралы нақты ақпарат жоқ. 17 қаңтарда Бас прокуратура ұсталғандарға қатысты 8354 әкімшілік іс қаралғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, 22 қаңтарда ауыр қылмыстар бойынша 819 тергеу ісі басталған. Оның 45-і терроризм актісі, 36-і жаппай тәртіпсіздіктер, тағы 15-і кісі өлтіру бойынша қозғалған.

Интернеттің қалпына келуімен белсенділердің қамауға алынғаны белгілі болды. 18 қаңтарға қарай полиция 18 журналисті ұстап әкеткен, оның 12-сі тергеу алынғаннан кейін босатылды. Қалғандары әкімшілік қамауға алынды, бірақ кейбірі мерзімінен бұрын босап шықты.

Көптеген бейбіт тұрғынның құрбан болғанына қарамастан, мемлекет тек 19 қауіпсіздік қызметкерінің қазасына назар аударды. Президент ержүрек полицейлерді мадақтап, қаза тапқандардың отбасына тегін пәтер мен материалдық көмек көрсетуге уәде берді. Ал қаза тапқан қарапайым халықтың жақындарына тек көңіл айтты.

Президенттің келешекте мұндай наразылық өршуіне жол бермеу туралы уәдесі де бірсарынды болып көрінді. Тоқаев әлеуметтік саясатты қайта қарауға, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруға және құқық қорғау жүйесін нығайтуға уәде берді. Мұның бәрі элитаға құқықсыз халық үшін салық төлеуді, ал халыққа – көбірек жалақы үшін бағынуды ұсынған секілді көрінді.

Назарбаев құрған саяси режим әзірге өз қалпында тұрғандай көрінеді, ол құрған тәртіп бойынша, элита мүддесі халық талабы мен құндылығынан әрқашан биік тұрды. Тоқаев ҰҚШҰ-дан әскер сұрау арқылы дәл сол билікті қорғауды көздеді. Ол өз үндеуінде билік құламайтынын атап өтті, ал Назарбаев жағы «биліктің монолит» екенін айтып, қостап отырды.

Талдықорғандағы Назарбаев ескерткішінің және оның атымен аталған көшелер жазылған тақтайшалардың қирағанына қарамастан, Тоқаев бұрынғы президентің жолын қайталауда. Көпшілікке жақпайтын бастамалар оның атынан емес, үшінші тараптан ұсынылып отырады. Бұл да Назарбаевтың сүйікті айласы. Парламент депутаттары да бұл адалдық салт үрдісін тоқтатуға асығыс емес. Ал билікшіл сарапшылар жеке адамға табынбау керек екенін айта отырып, әлі күнге дейін басшылықтың шешімін мақтап келеді.

Сарапшылар бұл қателіктен сабақ алмаудың салдары келесіде елге ауыр болуы мүмкін деп болжайды: Егер біз өзіміздің саясатқа араласуымызға емес, Назарбаевтың көптеген әрекетіне еліктейтін тұлға – Тоқаевқа тым көп сенетін болсақ, тағы қателікке ұрынуымыз әбден мүмкін.